SARAP: сарапшылар жаңа Конституцияны талқылады

Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының докторанттары да ғылым саласын дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын ортаға салып, оның конституциялық мәртебесін нығайтудың маңызын атап өтті.

20 ақпан күні Астанада «Ғылыми-технологиялық егемендік – мемлекет дамуының конституциялық басымдығы» атты  SARAP  эксперттік клубының отырысы өтті. Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиында жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдум қарсаңында ғылыми-технологиялық егемендіктің мемлекеттің дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтудағы рөлі талқыланды.

Негізгі назар ғылыми тәсілдерді қайта зерделеуге, ғылымды басқару жүйесін жетілдіруге, қаржыландыру тетіктерін жаңғыртуға және жас зерттеушілерді қолдауға аударылды. 

Отырысқа ғылыми қауымдастық, зерттеу ұйымдары және жас ғалымдар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Іс-шараға Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым модератор болды. 

«Ғылыми-технологиялық егемендік – бүгінде дамудың стратегиялық бағыты ғана емес, мемлекеттілікті конституциялық тұрғыда нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі. Елдің бәсекеге қабілеттілігі мен ұзақмерзімді, орнықты дамуы ғылым, білім және өнеркәсіп салаларында қабылданатын институционалдық шешімдердің сапасына тікелей байланысты», – деді ол.

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов отандық тарихтың жекелеген аспектілері жөнінде қалыптасқан түсініктерді қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ баламалы дереккөздер мен шетелдік зерттеулерді тарту арқылы историографиялық базаны кеңейтудің маңызына тоқталды. Ол ғылыми сараптамадағы субъективтілік мәселесін де көтеріп, адами фактордың ықпалын азайту мақсатында жобаларды іріктеу мен бағалаудың автоматтандырылған алгоритмін енгізуді ұсынды.

Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Светлана Кожирова Қазақстан ғылымының стратегиялық әлеуетіне тоқталды. Ол өз баяндамасында Қазақстан туралы шетелдік ғылыми жарияланымдарға шолу жасап, онда еліміздің ядролық ғылым, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар (критикалық минералдар), аграрлық зерттеулер және цифрлық шешімдерді дамыту салаларындағы берік әрі бәсекеге қабілетті позициясы кеңінен атап өтілетінін жеткізді. 

 Young Researchers Alliance  ҚБ төрағасы Әсия Ермұхамбетова ғылыми қызметтің кадрлық өлшеміне ерекше назар аударды. Ол зерттеулердің ұзақмерзімді сипатының маңызын атап өтіп, көп жағдайда жобалар кемінде 3 жылға есептелетінін айтты. Осыған байланысты зерттеу ұжымдарының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы реттеуші және конкурстық тетіктерді қайта қарау қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ жас ғалымдардың мансаптық траекториясының айқын болмауы мен еңбек жағдайларының тұрақсыздығы мәселесі қозғалды. Сарапшы «бұл факторлар 30 жасқа дейінгі мамандардың ғылым саласына келу қарқынын едәуір тежеп отыр» деген пікір білдірді. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы  Жас ғалымдар клубының төрағасы Эльмира Отар ғылымды басқарудың нормативтік архитектурасы қалыптасқанымен, практикалық тиімділігі рәсімдік және ұйымдастырушылық олқылықтарға байланысты шектеулі болып отырғанын айтты. 

Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының докторанттары да ғылым саласын дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын ортаға салып, оның конституциялық мәртебесін нығайтудың маңызын атап өтті. Ұсыныстар қатарында сараптама рәсімдерін автоматтандыру, ғылыми нәтижелерді бағалау критерийлерін зерттеу бағыттарына қарай саралау, сондай-ақ зерттеушілер үшін кәсіби дамудың ашық әрі түсінікті модельдерін қалыптастыру шаралары айтылды.

Пікірталас соңында қатысушылар ғылыми-гуманитарлық және ғылыми-технологиялық егемендікті нығайту кешенді тәсілді талап етеді деген ортақ пікірге келді. Атап айтқанда, историографиялық базаны кеңейту және академиялық тұжырымдамаларды жаңарту, конкурстық рәсімдердің ашықтығын арттыру, сондай-ақ тұрақты әрі тиімді ғылыми инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігі атап өтілді.