Дәрігерлер жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

Жаңа Конституция қоғамдық сұранысқа толықтай жауап береді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК-да «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Референдум сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚР Мәжіліс депутаттары Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева және Өңірлік коалицияның мүшелері Дастан Әкімов, Малика Нұрпанова, Айжан Сейтқазина қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтарын жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, әлеуметтік саясатты күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған нормалардың маңыздылығы сөз болды. Медицина қызметкерлері өздерінің кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, ұсыныстарын білдіріп, реформаның халықтың өмір сапасын арттырудағы рөліне ерекше тоқталды.

Еңбек ұжымы жаңа бастамалардың қоғам сұранысынан туындағанын атап өтіп, Конституция жобасы елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы өзгерістерге қолдау білдірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Жаңа Конституция қоғамдық сұранысқа толықтай жауап беретіні және еліміздің тұрақты дамуына оң ықпал ететіні айтылды. Дәрігерлер қауымы Жаңа Конституция жобасын толық қолдайтындын білдіріп, алдағы референдумда белсенділік танытуға дайын екенін жеткізді.