Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция – ел болашағына жасалған стратегиялық инвестиция

Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, Конституция жобасында білім мен ғылымды стратегиялық басымдыққа шығаруы бұл бағыттағы іргелі бастамалардың сөз жүзінде қалмауына кепілдік береді.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Конституцияның жаңа жобасын Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиясы деуге толық негіз бар. Қазақстан жаңа Конституция жобасын ұсынып, тарихи өзгерістерге қадам бастады. Сенатор атап өткендей, бұл – тек билік құрылымын жаңарту емес, сонымен бірге азаматтық қоғам мен құқықтық сенімділікті нығайтуға арналған іргелі қадам, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Әр бап, әр тармақ – елдің дамуы мен тұрақтылығына қызмет ететін стратегиялық құрал деуге болады. Ата Заңның жаңа жобасы билік пен қоғамның жаңа тепе-теңдігін айшықтайды. Жобада биліктің тармақтары арасындағы теңгерім айқын көрініс тапты. Парламент заң шығару бастамасы мен бюджеттік бақылауды кеңейтіп, халық мүддесін тиімді қорғауына, Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға толық жауапкершілік алуы Конституцияның жаңа жобасында нақты белгіленуі  соған дәлел. Бұл құрылым билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, шешім қабылдау процесін ашық етеді.

Білім мен ғылым – ел дамуының қозғаушы күші. Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, Конституция жобасында білім мен ғылымды стратегиялық басымдыққа шығаруы бұл бағыттағы іргелі бастамалардың сөз жүзінде қалмауына кепілдік береді.

– Көптеген елдер білім мен ғылымды ұлттық дамудың өзегі ретінде Конституцияда бекіткен. Мәселен, Финляндия мен Оңтүстік Кореяда білім беру жүйесіне мемлекет кепілдігі берілген. Нәтижесінде, бұл елдер инновациялық экономика қалыптастырып, жоғары технологиялық өндірісте алдыңғы қатарға шықты. Жаңа Конституция жобасында мемлекет білім беру мен ғылыми-зерттеулерді қолдайды, жоғары білім сапасын қамтамасыз етеді. Бұл қадам елдің кадрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, инновациялық экономиканы дамытуға жол ашады. Жастар ғылымға, шығармашылыққа құмарланады, университеттердің халықаралық рейтингі көтеріледі, зерттеу жобаларына инвестициялар тартылады. Яғни, бұл тек заңдық норма емес, елдің интеллектуалды капиталына жасалған нақты инвестиция екені айқын. Елімізде адами капиталды күшейтіп, инновациялық экономиканы қалыптастырып, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттырып, әлеуметтік тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Бұл – тек білім саласына қатысты шешім емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздікке әсер ететін стратегиялық бағыт,  деді сенатор.

Сондай-ақ депутат Ата Заңның жаңа жобасында қоғамдық белсенділік пен сенімнің де басты назарда болуы  елімізде сапалы азаматтық қоғам қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті. 

– Жаңа Ата Заң азаматтарға құқықтарын нақты білуге, шешімдерге тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Референдумдар, қоғамдық кеңестер, бастамалар – барлығы азаматтық қоғамның дамуына қызмет етеді. Бұл қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатып, азаматтық белсенділікті арттырады, құқықтық сенімділікті бекітеді. Тарих көрсеткендей, жаңа Конституциялар қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісімді қалыптастырады. Яғни, бас құжат   билік құрылымын жаңартып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігін айқындайды.

Конституцияның жаңа жобасы Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиясы деуге толық негіз бар. Ол елдің саяси тұрақтылығын, инновациялық дамуын және әлеуметтік сенімділігін қамтамасыз етеді. Әр бап, әр норма – болашаққа жасалған сенімді қадам, елдің келешегі үшін нақты инвестиция. Ол әр азаматтың дауысы ескерілетін, әр бастаманың бағаланатын, білім мен ғылымға негізделген заманауи Қазақстанның кепілі. Конституция – тек құқықтық құжат емес, ұлттың тағдырын айқындайтын рухани әрі саяси бағдар. Әлем тарихына көз жүгіртсек, ірі конституциялық өзгерістер көбіне мемлекет дамуының жаңа кезеңін ашқанын көреміз. Бүгін Қазақстан талқылап отырған жаңа конституциялық жоба да осы үдерістің заңды жалғасы,  деді Бибігүл Жексенбай.