Бұл іске 100-ден аса қыз-келіншек қолғабыс етіп жүр. Сырмақта жылдың төрт мезгілі бейнеленеді. Қошқар мүйіз, түйе табан, сынық мүйіз сынды қазақы ою-өрнектер бес түрлі түспен көмкерілмек. Бір жыл бұрын басталған сәндік-қолданбалы өнер туындысы әз-Наурыз мерекесіне орай ел назарына ұсынылады. Оны тамашалауға тұрғындардан бөлек, «Әлемдік рекордтар кітабының» өкілдері де келеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, игі бастама ұлттық қолөнерді дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, қазақтың дәстүрлі өнерін әлемге танытуға септігін тигізеді.
«Қазіргі заманауи, жаңартып, киіздердің өзін әдемі деңгейде өңдеп, ұсынғалы жатырмыз. Бұл бір жағынан, біздің аналарымыздың өнері, қолөнері десек, екінші жағынан, бұл бізге керек дүние», – дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ өкілі Ләйле Дәулет.
Әлемдік рекордты жаңартатын үй әбзелі 21 наурызда алматылықтардың назарына ұсынылады. Төрт мезгілді бейнелейтін сырлы сырмақты 100 әже, 160 келін, 100 бойжеткен мен 100 бозбала алып шығады екен. Бұл алматылықтардың алғашқы бастамасы емес. Былтыр 660 құрақшы «Медеуде» алып көрпе тігіп, Global Book of Records әлемдік рекордын орнатқан еді.