Шымкент қаласы әкімдігінде «Ордабасы» кәсіби футбол клубын жекешелендіру жөніндегі меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Құжатқа қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Integra Construction KZ ЖШС басшылығы қол қойды.
Бұл келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби спорт клубтарын кезең-кезеңімен жекешелендіру және оларды коммерциялық негізге көшіру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Президент бұған дейін бюджет қаражатына тәуелді клубтардың қаржылық тұрақтылығын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету және спорт саласына жеке инвестиция тарту қажеттігін атап өткен болатын.
Меморандум аясында тараптар клубты тиімді басқару моделін енгізу, қаржыландыру көздерін әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ клубтың материалдық-техникалық базасын нығайту, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, маркетингтік және коммерциялық қызметті күшейту мәселелері қарастырылмақ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жекешелендіру үдерісі кезең-кезеңімен жүргізіледі және клубтың спорттық нәтижелерін сақтау мен дамыту басты назарда болады.
«Ордабасы» – еліміздегі беделді футбол клубтарының бірі. Команданың алдағы уақытта жеке инвестор тарту арқылы қаржылық тұрақтылығын күшейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр.