Алтын бағасы құлдырады

Дүйсенбі күні (16 ақпан) алтын бағасы сауда көлемінің төмен болуына байланысты қысымға ұшырап төмендеген. Алтын бағасы өскен сайын, көптеген адамдар оны сата бастайды.

Алтын бағасының құбылуын Reuters хабарламасына сілтеме жасап, Aikyn.kz талдайды.

АҚШ нарығы Президенттер күніне байланысты, ал Қытайдың қор нарығы Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесіне байланысты жабылған соң спот-нарықтағы алтын бағасы 1,1% төмендеп, бір унциясы 4 986,32 долларға түсті. АҚШ-та сәуір айына арналған алтын фьючерстері 0,8% арзандап, бір унциясы 5 005,60 долларға дейін төмендеді.

KCM компаниясының бас талдаушысы Тим Уотерер АҚШ-тағы тұтыну инфляциясы деректеріне түсініктеме бере отырып: «Бүгін алтын жұма күні жарияланған тұтыну бағалары индексінен кейінгі өсімнің бір бөлігін қайтарды. Сауда ахуалы баяулады, жаңа өсім катализаторлары бола алмады», – деді. 

АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы жұма күні мәлімдегендей, АҚШ-та тұтыну бағалары индексі (ТБИ) қаңтарда 0,2% өскен. Ал желтоқсанда маусымдық түзетусіз өсім 0,3% болған. 

Чикаго Федералдық резерв банкінің президенті Остан Гулсби жұма күні пайыздық мөлшерлемелер төмендеуі мүмкін екенін айтты. Бірақ ол қызмет көрсету секторындағы инфляция әлі де жоғары екенін ескерткен. Нарық қатысушылары орталық банк 18 наурыздағы отырысында пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп күтуде. Дегенмен, қаржы сарапшылары биыл мөлшерлеме 75 базистік тармаққа төмендейді деп бағалауда.

«Алтын бағасы жыл соңына дейін 6 000 долларға жетуі үшін доллар қайтадан төмендеу трендіне түсуі керек», – дейді Уотерер.

Геосаяси бағытта АҚШ әскері президент Дональд Трамп шабуылды мақұлдайтын болса, Иранға қарсы бірнеше аптаға созылатын операция жүргізуі мүмкін деген ықтималдыққа дайындалып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігіне америкалық екі шенеунік хабарлаған. Бұл бұрынғылармен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды қақтығысқа ұласуы мүмкін. Қор және қаржы нарықтары осындай белгісіздік жағдайында бағалы металдарға бағыт алатыны белгілі.