Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Астанадан үш бөлмелі пәтер сыйға берілмек

Құрылыс компаниясының мәліметінше, баспана Есіл өзенінің жағалауындағы New City Life тұрғын үй кешенінде орналасқан.

Қазақстандық спортшы, қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровқа жеңісі үшін Астанадан үш бөлмелі пәтер табысталмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Құрылыс компаниясының мәліметінше, баспана Есіл өзенінің жағалауындағы New City Life тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бірақ компания өкілдері спортшымен әлі күнге дейін байланыса алмай отырғандарын айтты. Сондықтан қуанышты жаңалықты әзірге жеке жеткізу мүмкін болмаған.

Компания өкілдерінің пікірінше, отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан алынған алғашқы Олимпиада алтыны – ел үшін үлкен жетістік.

«Біз Михаил Шайдоровпен тікелей байланысып, оны құттықтап, Ulytau Group атынан үш бөлмелі пәтерді табыстағымыз келеді. Бірақ әзірге оған хабарласа алмай отырмыз. Егер кімде-кім оның байланыс нөмірін білсе немесе осы хабарды жеткізуге көмектесе алса, қуанышты жаңалықты чемпионмен бөлісер едік», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген спортшыны жеңісімен құттықтап, оған автокөлік сыйлайтынын хабарлаған. Сондай-ақ inDriver компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский Михаилдің әкесіне Audi Q8 маркалы көлік тарту еткен еді.