Шолақты тауының бөктерінде орын тепкен «Қотырбұлақ әулие» бастауы туралы тарихи деректер аз. Көнекөз қариялардың өзі бұлақ туралы көп нәрсені айта алмауда. Ақпараттың дені аңызбен ұштасқан. Қотырбұлақтың қасында ертеден келе жатқан белгі тас бар. Онда: «Қотырбұлақ әулие бұлағы: Мысыр ата, Ықылас ата, Жылқышы ата, Кәрім ата, Шахан ата, Шынжырлы ана, Жібек ана, Мизір ана, Мамық ана» деп жазылған. Таластықтардың айтуынша, бұл белгіні кезінде бір кәсіпкер қойған көрінеді. Алайда ол туралы нақты ақпар жоқ. Сондай-ақ белгі тастағы аталар мен аналар кім екені беймәлім. Ел ішінде Мысыр ата VІІІ-ІХ ғасырларда Мысыр елінен келген сахабалардың бірінің лақап аты деген әңгіме айтылады. Дәл сондай өзге ататектер де сол дәуірде өмір сүрген қасиетті бабаларымыз бен аналарымыздың есімдері деген болжам жасалуда. Егер халықтың есінде осындай текті адамдардың есімдері сақталса, демек бұл аймақ тарихи аңыздарға толы екені хақ.
Аңызға сүйенер болсақ, ертеде Қаратау өңірінде бір хан өмір сүріпті. Сол ханның жалғыз ұлы болған екен. Бір күні ханның ұлы нөкерлерімен аңға шығып келген соң, қатты ауырыпты. Денесі бөртіп, қызуы көтеріліп, жанын қоярға жер таппапты. Баласының ауырғанын көрген хан жан-жаққа ат шаптыртып, ең мықты деген емшілерді алдырған екен. Алайда қандай емші келсе де, хан баласының ауруын жаза алмапты. Содан күннен күн өтіп, хан баласының жағдайы нашарлай түсіпті. Хан болса: «Егер осы баламның емін тауып, жазып бере алатын адам болса, қанша байлық сұраса да беремін», – деп жарлық шығарып, елге таратыпты. Бір күні осы жарлықты естіген бір дәруіш хан алдына келіп:
– Құрметті хан ием! Сізге айтар датым бар, – дейді.
– Датың болса, айт, тыңдап тұрмын, – депті.
– Мына тұрған қарт Қаратау етегі барлық ауруға ем, шипалы жер. Сіздің балаңызды сол таудың етегінде орналасқан бұлаққа алып барып, шомылдырайық. Жазылса, сол бұлақтан жазылады, – деп ханның қабағына қарайды.
– Онда өзің жол баста. Егер айтқаның келіп, сол бұлақтан балам жазылып кетсе, не сұрасаң да беремін. Егер жазылмай қалса, онда басыңды аламын, – дейді хан.
Сонымен дәруіштің айтқанына еріп, хан баласын нөкерлерімен сол бастауға алып барады. Үш күн, үш түн шомылдырып, дұғасын оқып, балаға ем қолданады. Дәруіш айтқандай, шынында да, ханның ұлы төртінші күні ауруынан құлантаза айығып жазылып кетіпті. Риза болған хан, дәруіштің сұрағанын беріп, сөзінде тұрыпты. Осыдан бастап әлгі бұлақты халық әулие санап, «Қотырбұлақ әулие» атап кеткен. Кейіннен елдің бәрі сол бұлаққа келіп шомылып, жанына ем, дертіне дауа тапты дейді кәрі аңыз.
Бұл бұлақтың қасиетін жергілікті халық бұрыннан біледі. Кейінгі кездері басқа өлкелерден де бұлақ басына келетіндер көбейген. Бұлақтың кереметтілігі соншалық, оған шомылған адам өзін әрқашан жайлы да жақсы сезінеді екен. Қысы-жазы бір температураны ұстап тұрады. Үстіне жара шыққан адамдар осы бұлаққа бір түсіп шықса, ертесіне-ақ үстіндегі жарасынан жазылып шығатын көрінеді. Сондай жанның бірі – Самат Тілеужан.
– Медицина ғылымы қанша дамыса да, кейбір ауруларға дауа табылмай жататын жағдайлар болады. Әсіресе, тері ауруларын емдеу оңай емес. Денеме осыдан бес жыл бұрын қызарып жара шыға бастады. Дәрігерге барсам, тері ауруы деп түрлі дәрі жазып берді. Алайда әлгі жара одан кетпеді. Керісінше, күн санап көбейе түсті. Содан ғаламтор арқылы Ресей мемлекетінен де дәрі алдырып жағып көрдім. Одан да ем болмады. Бір күні таныстарым Шұбаркөлге баруға кеңес берді. Онда бір апта болып, көлге түскеннен кейін жараның беттері қабыршықтанып түсе бастады. Мұны көріп қатты қуандым. Алайда көлден оралғаннан кейін бір жеті өтпей-ақ жаралар қайта шыға бастады. Содан не істерімді білмей отырғанымда, Талас ауданында «Қотырбұлақ әулие» деген жердің барын естідім. Көп ұзатпай аталған аймақты бетке алып, бұлақтың суына түсіп, жарамның бетіне балшығын жақтым. Сіздерге өтірік, маған шын, ертесіне жаралардың беті қабыршықтанып қайта түсе бастады. Бұған Шұбаркөлдің де әсері болды ма білмеймін. Алайда Қотырбұлақтың суына түскеннен кейін жарам жазылды. Ең бірінші, Алла әрине, екінші, осы Қотырбұлақ суы мені дертімнен айықтырды, – дейді Самат.
Иә, шынында, адам айтса нанғысыз жағдай. Алайда Қотырбұлақ суына түсуге бүгінде еліміз ғана емес, Ресей мемлекетінен келетіндердің де саны артқан. Ендігі мәселе – осы бұлақ суының құрамын тексеріп, оның қандай дертке дауа екенін толықтай анықтау. Содан кейін бұл маңнан бір шипажай ашып, келушілерге қолайлы жағдай жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл, бір жағынан, туристік кластерді дамытса, екінші жағынан, дертіне дауа іздегендерге жасалған игі іс болары анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы