Бишімбаевтың анасы туысымен соттасып, жеңіске жетті

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Бишімбаевтар әулетіне қатысты іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сот анықтағандай, 2023 жылдың соңында ұлына қатысты қылмыстық қудалауға байланысты күйзеліске түскен экс-министрдің анасының жағдайын пайдаланған туысы алдау және сенімге қиянат жасау жолымен қаражатын (990 мың АҚШ доллары) уақытша сақтауға беруге көндірген. 

Аталған қаражатты К. өз қалауы бойынша пайдаланып, жәбірленушіге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген. 

Прокурор туысының мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. 

Жәбірленуші тарап барынша қатаң жаза тағайындауды және келтірілген материалдық залалды өндіруді талап етті. 

Жаза ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағының санкциясы - 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 

Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кәмелетке толмаған баласынын болуын таныды. 

Сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. 

Сот үкімімен К.-ның мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

ҚР ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде сотталушы К.- ның кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан жазаны өтеуі 1 жыл мерзімге кейінге қалдырды (Заңмен белгіленген жағдайларда жазаны өтеуді кейінге қалдыру соттың міндеті болып табылады). Жәбірленушінің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.