Тәуелсіздік жылдарында Конституция мемлекет қалыптастырудың, егемендікті нығайтудың және институционалдық тұрақтылықты орнықтырудың басты тірегіне айналды. Ал бүгінгі тарихи кезеңде ол жаңа мазмұнмен толығып, қоғамдық дамудың философиялық негізін айқындайтын деңгейге көтеріліп отыр.
Жаңа редакциядағы Конституцияны талдай отырып, мемлекеттің даму логикасы енді тек басқару құрылымдары немесе экономикалық көрсеткіштер арқылы емес, ең алдымен, адам арқылы қарастырылатынын аңғаруға болады. Бұл – стратегиялық әрі мазмұндық тұрғыдан аса маңызды бетбұрыс. Себебі қазіргі әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, азаматтарының білім деңгейімен, ойлау мәдениетімен, зияткерлік әлеуетімен және жауапкершілік сапасымен өлшенеді.
Осы тұрғыда Конституцияда адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітілуі Қазақстанның даму бағдары әлемдік үрдістермен үндес екенін көрсетеді. Мемлекет тек экономикалық өсімді емес, ойлай алатын, жауапкершілікті сезінетін, білімге сүйенетін азаматты қалыптастыруды басты мақсат етіп отыр.
Адами капитал ұғымы бұл жерде кең мағынада қарастырылады. Ол тек формалды біліммен шектелмейді. Оның құрамына ғылыми ойлау қабілеті, инженерлік мәдениет, кәсіби сараптама, шешім қабылдаудағы жауапкершілік және салдарын алдын ала бағалай білу дағдысы кіреді. Осы қасиеттердің жиынтығы ғана мемлекеттің орнықты дамуына негіз бола алады.
Конституцияның дәл осы тарихи кезеңде қабылдануы елдің ең жоғары заңдық деңгейінде бір қарапайым, бірақ қағидатты шындықты бекітеді: мемлекет адамнан жоғары емес, керісінше, адамның әлеуетін ашу үшін қызмет етеді. Бұл қағида жаңа Конституцияның ішкі логикасын, оның рухын айқындайды.
Бұл ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы және шетелдік сапарлар барысында айтқан ойларымен де толық үндеседі. Президент Жапонияға жасаған сапарында аталған елдегі ерекше тазалыққа назар аудара отырып, оның себебі қатаң бақылауда немесе коммуналдық қызметтердің көптігінде емес, әрбір азаматтың ішкі мәдениетінде жатқанын атап өтті. Тазалық – адамның ішкі тәртібі мен жауапкершілігінің көрінісі, ал ол уақыт өте келе бүкіл қоғамның нормасына айналады.
Бұл ой Президенттің Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де жалғасын тапты. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын бірреттік науқан немесе ұран емес, ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі ретінде сипаттады. Оның мәні – сыртқы тазалықта емес, ішкі тәртіпте, еңбекке, табиғатқа, қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілікті көзқараста.
Осы тұрғыдан алғанда, Конституция – тек құқықтар мен міндеттердің жиынтығы емес, құндылықтар кодексі. Ол адамның мемлекетке, табиғатқа, білім мен еңбекке деген көзқарасын қалыптастырады. Бір адамның жауапкершілік мәдениеті көпшіліктің нормасына айналған кезде, адами капитал абстрактілі ұғымнан нақты қоғамдық күшке айналады.
Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Президенттің су, климат, энергетика және табиғи ресурстар мәселесіне қайта-қайта оралуы да кездейсоқ емес. Арал теңізінің тағдыры, су дипломатиясы, энергетикалық дербестік – мұның барлығы бір ғана сала немесе бір ведомство шеңберінде шешілмейтін күрделі мәселелер. Олар ғылымды, инженерияны, экологияны және мемлекеттік басқаруды тоғыстыратын пәнаралық тәсілді талап етеді.
Осы тұрғыда Қазақстанда пәнаралық тәсілге негізделген институционалдық тәжірибе біртіндеп қалыптасып келеді. Бұған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің азаматтық бастамаларға ашық көзқарасы, ғылыми негізді сараптамаға жүгінуі нақты дәлел бола алады. Соның бір мысалы – атмосфераны көмірқышқыл газынан тазартуға қатысты ұсыныстың Мемлекет басшысының атына жолдануы.
Аталған бастама Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан назарға алынып, ғылыми тұрғыдан бағалау қажеттілігі туындады. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігі бастамашы болып, талқылау алаңы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін елдегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірін айқындады. Бұл таңдау да кездейсоқ емес: дәл осы университет ғылыми ой мен инженерлік сараптаманы тоғыстыратын платформа ретінде танылған.
Талқылауды ұйымдастыруда негізгі үйлестіруші рөлді Халықаралық жасыл технологиялар орталығы мен Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы атқарды. Олардың қатысуымен экология, минералдық және табиғи ресурстар саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, инженерлер мен сарапшылар бас қосып, ұсынысты жан-жақты қарастырды. Бұл тәжірибе Қазақстанда күрделі экологиялық және технологиялық мәселелерді шешуде ғылыми дәлелдер мен кәсіби есептерге сүйенетін жаңа мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа Конституция елдің құқықтық негізін ғана бекітіп қоймай, мемлекеттің стратегиялық даму логикасын айқындайды. Оның өзегінде – адам, оның білімі, ойлау мәдениеті мен жауапкершілігі тұр. Адами капиталға, ғылым мен білімге, пәнаралық тәсілге сүйенген даму жолы Қазақстан үшін жай таңдау емес, тарихи қажеттілікке айналып отыр.
Гүлбазар МЕДИЕВА,
Қазақстанның Ұлттық инженерлік
академиясының вице-президенті,
Халықаралық жасыл технологиялар және
инвестициялық жобалар орталығының
ғылыми кеңесшісі