Қызылшаға шалдыққан курсанттар: Көкшетауда 36 бала әлі ем қабылдап жатыр

Басқарма мәліметінше, 3 ақпандағы жағдай бойынша 25 кадет облыс орталығындағы жұқпалы аурулар орталығынан шығарылған. Ауруханада 36 адам қалған. Олардың 35-і бала және біреуі ересек адам.

Щучинск қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің 36 курсанты әлі де Көкшетау қаласында жұқпалы аурулар орталығында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы соңғы мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

- Қазіргі уақытта ауыр халде жатқан науқастар жоқ. 9 бала орташа ауыр жағдайда болса, қалған 27-сі қанағаттанарлық күйде, - деп атап өтті облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан. 

Жалпы, оқу орнында індет басталғалы ауруханадан 46 кадет емделіп шыққан. Ведомствоның мәліметінше, әскери колледждің провизорлық оқшаулағышында 46 кадет орналасқан. Олардың барлығы медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. 

Естеріңізге сала кетсек, алғашқыда Щучинск қаласында әскери колледждің 60-тан астам кадеті қызылша жұқтырғаны хабарланған еді. Кейін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға жатқызылған кадеттердің саны 71-ге жеткенін, оның ішінде 24-нен зертханалық түрде қызылша анықталғанын жеткізді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.