Басқосуды Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев жүргізіп, өз сөзінде қайта жазылған Ата Заң жобасының халық талқысына ұсынылуы қоғам үшін аса маңызды қадам екеніне тоқталды.
Жиын барысында психология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, оқытушы Хапиза Наубаева Конституцияның жалпы құрылымына жан-жақты тоқталып, оның бөлімдері мен негізгі қағидаттарына ғылыми тұрғыда талдау жасады. Ал аға оқытушы Болат Молдабеков Конституцияның жекелеген баптарын тарқатып, әсіресе, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалардың мазмұнына ерекше назар аударды.
Құқық және экономика факультетінің оқытушысы Салтанат Тыныстанова өз баяндамасында Конституцияның әрбір бабына жеке-жеке тоқталып, толықтырылған және жаңартылған мазмұнына түсініктеме берді. Ол енгізілген өзгерістердің маңызын атап өтіп, олардың құқықтық жүйені жетілдірудегі рөлін көрсетті.
Жиынды қорытындылаған университет проректоры Конституция жобасына қатысты белсенді әрі ашық пікір білдірген оқытушы-ғалымдарға алғыс айтып, мұндай талқылаулардың азаматтық қоғамды дамытудағы маңызын атап өтті.