Алгоритм адамсыз адасады

Бүгінгі шығармашылық индустрияда бір ғана мамандықпен алға жылжу қиын. Бұрын «монтажер», «оператор», «дизайнер» деп айқын бөлінген рөлдер қазір шартты сипат ала бастаған.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы креаторларды тек бір құралды меңгеруге емес, тұтас процесті түсінуге, әмбебап ойлауға, бірнеше рөлді қатар атқаруға итермелеп отыр. Бұл мәселе жуырда АҚШ-тың Кремний алқабында өткен дәстүрлі Silicon Valley Video Summit жиынында талқыға түсті.

Әмбебап креатор дегеніміз кім?

Соңғы жылдары еңбек нары­ғында T-shaped skills және hybrid talent ұғымдары жиі атала бастады. Яғни, бір салада терең білімі бар, бірақ сонымен қатар бірнеше б­ағытта еркін бағдарлай алатын мамандар нарықта жоғары сұран­ыс­қа ие. Кейбір зерттеулерде креативті индустриядағы жұмыс орындарының шамамен 60 пайы­зы келесі онжылдықта дәл осын­дай гибрид дағдыларды талап ете­тіні айтылған.

Бұл үрдіс шығармашылық са­ла­­сында «әмбебап креатор» бейне­сінің қалыптасуына әкелді. Әмбе­бап креатор – бір мезетте бәрін істейтін адам емес, шығар­машы­лық процесті тұтас түсініп, әр кез­еңнің логикасын байлан­ыс­тыра алатын маман. Ол идеяны ойлас­тырумен ғана шектелмей, оны виз­уал шешімге айнал­дыруды, монтаждау мен ауди­то­рияға жет­кізу жолдарын да мең­герген. 

Сарапшылардың атап өтуін­ше, осы өзгерістің басты қозғаушы күштерінің бірі – құралдардың «демократиялануы». Егер бұрын кәсіби контент өндіру үшін қым­бат техника, студия және үлкен команда қажет болса, бүгінде сол мүмкіндіктердің едәуір бөлігі кең аудиторияға қолжетімді. Сапалы монтаж, визуал эффектілер жасау не­месе дыбыспен жұмыс істеу үшін енді күрделі өндірістік инфра­құрылым міндетті емес.

Жасау оңай, таңдау қиын

Алайда құралдардың қолже­тімділігі жауапкершілікті де арт­тырды. Сарапшылардың пікірін­ше, технология мүмкіндікті тең­естірген сайын, контенттің сапа­сын айқындайтын басты фактор мазмұнның тереңдігі мен ойдың салмағы болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, «құралдар­дың демократиялануы» шығарма­шы­лықты жеңілдетіп қана қой­май, креаторға қойылатын та­лап­ты да күрделендіріп отыр.

Discord компаниясының мар­кетинг менеджері Дэвид Унгер бұл өзгерісті шығармашылықтағы жауапкершіліктің қайта бөлінуі ретінде сипаттайды. Оның айту­ынша, жасанды интеллект өндіріс пен постпродакшн арасындағы дәстүрлі шекараны жойып, ше­шім қабылдаудағы жүкті креаторға артты. Бұл – шығармашылық ер­кіндікті кеңейткенімен, қате­лік­тің де салмағын ауырлатады.

– Жасанды интеллект креа­торды техникалық орындаушыдан шешім қабылдаушы деңгейіне көтерді. Енді мәселе «қалай жас­ау­ға болады?» деген сұрақта емес, «осылай жасау керек пе?» деген ойда жатыр. Технология кадрды жасап бере алады, бейнені түзе­теді, дыбысты оңтайландырады. Бірақ ол оқиғаға қызмет ете ме, көр­­ерменге әсер ете ме, жалпы кон­текске сай келе ме – бұл сұр­ақ­тарға жауап бермейді. Бұл жауапты креатордың өзі табуға тиіс, – деді Унгер.

Сарапшы бұл жағдайды өзі жүретін көлікпен салыстырады. Көп жағдайда жүйе өздігінен жұмыс істейді, бірақ бір сәтте рөлді қайтадан адамның қолына алу қажет болады. Егер сол сәтке дай­ын­дық болмаса, бүкіл процесс күйреуі мүмкін. Шығармашы­лықта да дәл солай: автомат­тан­дыру белгілі бір деңгейге дейін көмекте­седі, ал шешуші кезеңде тәжірибе, интуиция және ойлау қабілеті алдыңғы қатарға шығады. Осы себепті бүгінгі әмбебап креа­тордан тек көп құралды меңгеру емес, қай жерде тоқтау керегін, қай жерде технологияға сүйену, ал қай жерде адамдық пайымға сену қажет екенін ажырата білу талап етіледі. 

«Ойлай алатын» маман жоғалмайды

Жауапкершіліктің жеке креа­торға ауысуы автоматтандырудың мүмкіндігімен қатар, оның шегін де айқын көрсетті. Silicon Valley Video Summit барысында сөз ал­ған постпродакшн саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар про­дюсер Дэн Катз жасанды интел­лектіні шығармашылықтағы кезекті технологиялық толқын ретін­де бағалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, индустрия та­рих­ында мұндай өзгерістер бұрын да болған, бірақ әр кезеңде бір заңдылық сақталған: технология алға жылжыған сайын, адам фак­торына деген сұраныс кеміме­ген, керісінше күрделене түскен.

– Мен осы күнге дейін сызық­тық монтаждан бастап цифрлық форматқа көшу, үлкен онлайн бөлмелердің жойылып, шағын әрі икемді студиялардың пайда болуы сияқты кезеңдерді бастан өткер­дім. Сол өзгерістердің әрқайсысы кезінде «мамандықтар жоғалады» деген алаңдаушылық туғызған. Алайда тәжірибе көрсеткендей, құралға байланған рөлдер ғана жоғалып, «ойлай алатын» маман­дар нарықта қалды. Жасанды интел­лект те дәл сондай сынақ әкеліп отыр, – деді ол.

Сарапшы автоматтандыруды шексіз мүмкіндік ретінде қарас­тыру қауіпті екенін айтты. Себебі нағыз шығармашылықта күтпеген жағдай – қалыпты дүние. Алгор­итм алдын ала болжанған сцен­арий­мен жақсы жұмыс істейді, бірақ контекст өзгерген сәтте әлсіздік танытады. Бұл әсіресе тікелей эфир, ірі іс-шаралар мен күрделі өндірістік жобаларда жиі сезіледі.

– Меніңше, ең үлкен хаос тех­но­логия адамды толықтай алмас­тырған сәтте басталады. Мұндай жағдайда автоматтандыру «күш­ейт­кіш» емес, әлсіз тұсқа айна­ла­ды. Ал керісінше, адам мен тех­­нология қатар жұмыс істеген­де, нәтиже сапасы да, тұрақты­лығы да артады. Яғни, бұл жерде мәселе технологияның бар-жо­ғында емес, оны қолданудың филосо­фия­сында жатыр. Авто­маттандыру әрдайым нақты мақ­сатқа қызмет етуге тиіс: қандай мәселені шешіп отырмыз, қандай тәуекелді азай­та­мыз және адам­ның ықпалы қай жерде қалуы керек? Осы сұрақтар қойылмаған жағдайда, жасанды интеллект уақытша тиімді болға­ны­мен, ұзақ мерзімде шығарма­шы­лық сапаны әлсіретуі мүм­кін, – деді сарапшы.

Жасанды интеллект шеберлікті шыңдайды

YouTube Creative Studio-ның аға motion-дизайнері Сэнди Фернан­десио жасанды интеллект­ке ең прагматикалық көзқарас ұсынған спикерлердің бірі болды. Оның айтуынша, әмбебап креатор болу – барлық құралды меңгеру деген сөз емес. Керісінше, бүгінгі басты қауіп – құралдың көптігін мүмкіндіктің көптігімен шатас­тыру.

Сэнди жасанды интеллект нарығында күн сайын жаңа платформа, жаңа модель, жаңа функция пайда болып жатқанын айтады. Осындай жағдайда «бәрін меңгеремін» деген ұмтылыс креа­торды дамытпайды, керісінше шаршатады. Оның пікірінше, әмбебап креатор үшін ең маңызды дағды – дұрыс сұрақ қоя білу.

– Алдымен өзіңе: «Мен қан­дай мәселені шешіп отырмын?» деген сұрақты қою керек. Тек со­дан кейін ғана қай құрал керек екенін ойлаған жөн. Анимация ма, гиперреалистік видео ма, қысқа маркетингтік ролик пе – әрқайсысының өз шешімі бар. Бір құрал бәріне бірдей жарайды деген ой адастырады, – дейді Сэнди.

Сэнди Фернандесио бұл тұрғыда жасанды интеллектіні «шеберлікті алмастыратын құрал» емес, оны шыңдайтын орта рет­інде қарастыруға шақырды. Тех­но­логия мүмкіндікті кеңейтеді, бірақ бағыт көрсетпейді. Ал ба­ғыт – креатордың ішкі көзқара­сы­нан, тәжірибесі мен дүниетаны­мы­нан туындайды. Осы себепті бүгінгі шығармашылықта шешуші фак­тор жылдамдық немесе авто­мат­­тандыру деңгейі емес, ойдың айқындығы мен мазмұнның сал­ма­ғы болып қала бермек.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ,

Калифорния, АҚШ