Көше бойын кезген қаңғыбас иттердің көбейгені соншалық, тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған. Аймақта кейінгі жылдары ит қапқандардың саны өскен.
Әлеуметтік желілерде желдей ескен жұртшылық бұралқы иттердің маза бермей тұрғанына шағымданып, ащы жанайқайын айтып жыларман болғалы қашан?! Бюджеттің бүйірінен жыл сайын миллиондаған қаржы құйылып, иттерді тіркеу, стерильдеу және чиптеу, екпе салу сияқты тиісті шаралар жүргізіліп жатқандай еді. Алайда бұралқы иттердің саны азаймай, керісінше одан сайын еселеп көбейіп барады. Түйткіл тек желілерде ғана емес, ресми алаңдарда мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жиі қызу талқыға түсіп жатыр. Өйткені көше кезген бұралқы иттер жергілікті биліктің жүйесіздігі мен жүгенсіздігінің салдары екені айғақтап отыр.
Күні кеше облыстық қоғамдық кеңестің отырысында облыстық Ветеринария басқармасының есебі тыңдалып, мәселе ашық әрі өткір көтерілді. Басқарма басшысының баядамасында бұралқы иттердің шабуылының салдарынан ауруханаға жүгінгендер статистикасы жай цифр емес, оның артында қаншама адамның үрейі жатқаны айқын көрінеді.
Мәселен, 2023 жылы Ақмола өңірінде жануарлардан 1 744 адам зардап шексе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 937-ге жеткен. Ал былтыр 2 481 адамды қаңғыған ит қапқан. Яғни, тек екі жыл ішінде жарақат алғандар саны 737 адамға артқан. Бұл өңірде күн сайын орта есеппен жеті адамды ит қауып жатқанын айғақтайды. Олардың арасында бесіктен белі жаңа шыққан балалар да, жасамыс қарттар да бар.
Қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндірген, мәселенің астарында тағы да қаражаттың тиімсіз әрі жүйесіз жұмсалуы жатыр ма деген күдік бар. Өйткені кейінгі бірнеше жыл ішінде ғана бұралқы иттердің санын реттеуге бюджеттен ондаған миллион теңге бөлінген. Ветеринария басқармасының мәліметінше, 2020 жылы 53,1 миллион теңге жұмсалып, 21 мыңнан астам ит пен мысық жойылса, 2021 жылы 48,2 миллион теңгеге 19 мыңнан астам бұралқы иттер құртылған. 2022 жылы қаржы азайып, жойылған жануарлар саны да екі есеге дейін қысқарыпты. Ал 2021 жылдың соңында қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң бұл саясатты түбегейлі өзгертіп жіберген. Енді иттерді жою емес, оларды ұстап, стерильдеп, екпе салу содан қайта көшеге жіберу жүйесі енгізілген-ді.
Бұл қоғамда жануарларға жауапкершілік пен гуманизмді шыңдауға тиіс болғанымен, іс жүзінде қоғам қауіпсіздігіне кері ықпалын тигізе бастаған. Заң арқылы бекітілген бағдарлама мен бөлінген миллиардтар күткен нәтиже бере алмағанын уақыт та көрсетіп берді. Чиптелген, кастрацияланған, стерильденген иттер көшеге қайта жіберілген соң, аштық пен тіршілік үшін күрес жағдайында бұрынғысынша агрессивті мінез танытып, топтасып адамдарға шабуыл жасауын тоқтатар емес. Бұл орайда заңның адам қауіпсіздігін екінші орынға ысырып қойғандай көрінеді.
Мәселен, былтыр облыс бойынша қаңғыбас жануарлар мәселесіне 96,4 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы төрт бағытқа – аулау, сәйкестендіру, стерильдеу және уақытша ұстауға жұмсалыпты. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде тоғыз мердігер ұйым анықталған. Оның ішінде коммерциялық кәсіпкерлер, коммуналдық мекемелер және жануарларды қорғау ұйымдары бар. Жыл ішінде 5 500 ит ауланып, оның 1 650-і ғана қауіпке байланысты жойылған. Бірақ бұл да жеткіліксіз болып шықты.
Бір қызығы, мемлекеттен бұл салаға бөлінген бюджет жылдың ортасына жетпей игеріліп біткен. Ал қосымша қаржы бөлінбегендіктен, ветеринариялық қызметтер тұрғындардың шағымы бойынша өз есебінен ит аулауға мәжбүр болған. Яғни, жүйе қаржылық жағынан да тұрақсыз, жоспарлау жағынан да әлсіз екенін көрсетіп берді.
Бірақ мәселе тек ақшада емес, қоғамдық жауапсыздығы да түйткілдің тереңдей түсуіне себепкер болып отыр. Құзырлы Ветеринария басқармасы мен жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше көпқабатты үйлердің аулаларында, балалар алаңында ит пен мысық асырап, оларды бақылаусыз тамақтандыратын адамдар көбейген.
– Бұл иттердің сол аумаққа тұрақтап, көбейіп, топтасуына әкеліп соқты. Кейбір тұрғындар ит аулау жұмысына кедергі жасап, мердігерлерге қарсы шығып, заңды жұмыстарына тосқауыл қойған. Алайда олар ертең сол иттерден біреу зардап шексе, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын ба? Осындай қоғам өміріне зиян шектіретін жайттар да жиі болып жатыр, – дейді Ақмола облысы Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.
Әрине, ит қауып жарақаттанғандардың саны көбейіп барады. Бірақ оған түбегейлі шара қолдануға қауқар жоқ. Нақты шаралар қабылдауға заң жоқ.
– Халық тұтас облыс аумағында ит қапқандар көбейіп саны көбейіп жатқандықтан наразылықтарын жиі білдіреді. Бірақ біз барлық иттерді жойып жібере алмаймыз. Оған 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңмен тыйым салынған. Тек аулау, стерильдеу, екпе салу және қайта жіберу бағдарламасы жұмыс істейді. Жануарды өлтіру тек адам өміріне нақты қауіп төнген немесе арыз жазылған жағдайда ғана болады. Бірақ мұндай фактілер көп емес, – дейді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы.
Аймақтағы бұралқы иттер санының артуына жануарларды уақытша орналастыратын орындардың да шамадан тыс толып кетуі күрделендіріп жіберген. Басқарма басшысының мәліметінше, қазір Көкшетау қаласындағы иттер паналайтын орында ине шаншар орын қалмаған. Сондықтан биыл жаңа бұралқы иттерді орналастыратын иттер паналайтын орындар құрылысына қосымша қаражат бөлу жоспарланғаны айтылды.
– Қазіргі уақытта жер учаскелері анықталып қойды. Атап айтқанда, Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында бес мыңға дейін иттерді ұстауға шақталған бес гектар жер бөлінді. Өңірдің басқа да ірі қалаларында осындай шаралар әзірленіп жатыр, – деп толықтырды басқарма басшысы.
Дегенмен халықтың ащы жанайқайын тудырып жатқан түйткілді мәселе әлі басы ашық күйінде қалған. Конкурстық рәсімдер басталғанша тағы қанша адам бұралқы иттерден зардап шегетіні, тиісті шаралар жүзеге асырылғанымен, іс жүзінде қаңғыбас ит-мысықтардың санын реттеуге қаншалықты ықпал ете алатыны да әзірге беймәлім болды.
P.S.
Бірнеше мемлекеттік құзырлы орган мен қоғамдық кеңес өкілдері бас қосқан жиын барысында бұл мәселеге байланысты ұсыныстар әзірлеу, қосымша қаржы сұрау, бақылауды күшейту жөнінде шешім қабылданды. Бірақ қағаздағы ұсыныс пен шынайы көшедегі қауіптің арасы әлі де алшақ екені айқын сезілді. Сондықтан жағдайды бақылауға алу үшін тиісті шаралардың іс жүзінде нақты жүзеге асырылуы мен жауапкершілік жүгін тиісті сала өкілдері шынымен сезініп, соған орай шешім қабылдаса жөн болар ма еді дейсің.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы