Аналардың жанайқайы

Жыл басынан қызылордалық көпбалалы аналар шу шығарды. Қалалық әкімдікті жағалаған ақжаулықтылар тұрғын үй кезегіне қатысты жағдай ушығып тұрғанын айтып, бізге мұңын шақты.

Бір топ ана «жыл аяқталар тұс­та баспаналы боламыз» деген ар­маны көзден бұлбұл ұшқанын айтып, қын­жылысын жеткізіп отыр. Нәзік­жан­ды­лардың назына құлақ түрсек, жеті-се­гіз жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама шең­берінде кезекке тұрғанымен, бүгінде «кестеге сәйкес берілуі тиіс баспа­на­лары­нан айырылып қаламыз ба?» деген қор­қыныштары басым. Себебі кезек жыл­жыр емес. Тіпті, соңғы кездері бері­луі тиіс баспаналарын кезектен алып тас­тауы жайында қауесет желдей есіп тұр. Соған орай бір үйге зар болып жүр­ген жандар кімге шағымданарын білмей, шарадай басы шақшадай күйге түскен. 

Баспана дауымен бас қатырып жүр­ген сондай жанның бірі – қызылордалық Балжан Тойманова. Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұр. Нақтысын айтқанда, сол жылдың ма­мыр айынан бастап үй кезегінде тұр­ған көпбалалы ана әлі күнге дейін бір бас­панаға қол жеткізе алмай әлек. Мә­се­лесін айтып, әкімдікті жағалағанымен, еш нәтиже болмай тұрғанына ашынып отыр. 

«2018 жылдың мамыр айында көп­балалы ана ретінде тұрғын үйдің кезегіне тіркелдім. Қазіргі уақытта кезекте 143-ші болып тұрмын. Алайда соңғы кездері кезек реттілігімен берілуге тиіс баспа­на­мызды алу қиындап барады. Соған орай үш айдан бері кімге шағымданарымызды білмей, сенделіп жүрміз. Біресе қала әкі­мі, біресе отбасы банк мамандары ша­қырады. Кімге барсақ та, әне-міне бе­рілетінін айтып, қүрғақ уәдемен шы­ғарып салады. Енді соңғы күндері біз­дерге кезек реттілігімен берілуге тиіс бас­­панамыздың мүлде берілмейтіні жайын­да қауесет желдей есіп тұр. Яғни, кезегіміз жақындап тұрғанына қара­мас­тан, үйдің берілмейтіні жайында алып-қашпа сөздерді естіп жүрміз. Күнделікті же­ті баламды үйге қараусыз қалдырып, таң атпастан әкімдікті жағалаумен әбі­гер­ге түсіп жүрмін. Бірақ мәселенің оң ше­шімін табар түрі көрінбейді», – деп мұңын шақты ашынған ана. 

Негізінен, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақ­са­тын­да Сыр өңірінде халықты баспанамен қам­ту, инфрақұрылымды қайта жаң­ғыр­ту бағытында жылма-жыл тиісті шаралар қабылданып жатқаны жайында құзырлы орындар тарапынан ауыз толтырып ай­ты­лып жүр. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі тарат­қан мәліметке сәйкес, 2022-2024 жыл­дары тұрғын үй кезегінде тұрған аза­маттарға 5 мыңнан астам пәтер та­бысталыпты. Оның ішінде соңғы үш жыл­да облысқа қарасты аудандар бойын­ша 1 800-ге жуық пәтер кілті өз ие­ле­ріне берілген. Соның айқын дә­лелі ретінде жаңа жыл қарсаңында жыл­дағы дәстүрге сай Қызылорда қала­сының сол жағалауынан бой көтерген то­ғыз қабатты 120 пәтерлік тұрғын үйдің кіл­ті кезекте тұрған отбасыларға беріл­ге­ні көпке жария болды. Одан бөлек, Арал қаласында 60 пәтерлік 30 тұрғын үй, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 80 пәтерлік 40 тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, Байқоңыр қала­сын­да да кезекке сәйкес үйлер табыс­тал­ғанын сүйіншілеп жатыр. Алайда дәл осын­дай баспана бақытына кенелуге үміт артқан қызылордалық көпбалалы ана­лар қанша шырылдаса да, жанайқайы құ­зырлы орындардың назарынан тыс қал­ғанын түсінбей дал болып жүр. 

«Кейінгі кездері үйіміздің кезегі мүл­де жылжымай жатыр. Биыл да бірқатар санаттар бойынша көптеген отбасыларға баспана берілді. Алайда біз секілді көп­ба­лалы аналар ескерусіз қалып қойды. Оның нақты себебі беймәлім. Осы орай­да тағы бір айта кететін жәйт, бүгінде бас­пана беру тәртібін кезек реттілігімен емес, жылмен белгілеп қойыпты. Ал жыл реттілігіне қарайтын болсақ, әлі та­лай пәтер жағалайтын түріміз бар. Ана­лардың шымбайына батыр тұрған мә­селе – осы. Күніге облыс, қала әкім­ді­гі мен Отбасы банкін жағалаумен шаршадық. Жауапты тұлғалар құрғақ уә­де­мен шығарып салады. Нақты жауап ала алмай келеміз. Әкімнің қабылдауына да кіре алмай жүрміз. Ең болмаса, ана­лар­ға баспана берілетін уақытын айтпай отыр. Жанайқайымызды еститін құлақ жоқ. Кімге шағымданарымызды білмей шы­рылдап жүрміз», – дейді Жанар Шереева.

Сол сияқты 9 баланың анасы Гүл­бақыт Төремұраттың да тұрғын үй кезегіне тұрғанына аз уақыт болмап­ты. Жыл сайын құрғақ уәдеден шаршаған ол мәселенің жедел шешілуін талап етіп отыр. 

«Баспана мәселесімен шырылдап жүргеніме 4 ай болды. Кірмеген есігіміз жоқ. Түрлі сылтаумен шығарып салады. Біз бүгін үй берсін деп отырғанымыз жоқ. Ең болмаса, кезегіміздің қозғал­мауы себебін халық алдында ашып ай­тып берсе болар еді. Бұл сауалымызға да жауап ала алмай отырмыз», – дейді ол.

Наразы топтың айтуынша, көпба­ла­лы аналарға баспана беру мәселесімен бас ауыртып жүрген жан көрінбейді. Қай есікті жағаласа да, түрлі сылтау айтып шығарып салады деп ашынып отыр.

Өз кезегінде ақжаулықтылардың ба­зынасын Қызылорда қаласы әкімдігінен сұрап көрдік.

«Бұл мәселе бойынша нақты шешім айту қиын. Әкімдік тарапынан кезекке қою реттілігін нақтылай алмаймыз. Өйт­кені жергілікті әкімдіктен тұрғын үй ке­зегіне қатысты функция алынып тас­­талды. Қазір кезек реттілігіне қа­тыс­ты мәселе бойынша жауапты орын Отбасы банк болып та­бы­ла­ды. Сондықтан көп­ба­лалы ана­лар­дың талабы бойынша кезек­пен үй беру мәселесі аталмыш банк арқы­лы реттеледі», – деп мәлімдеді бұл жайын­да Қызыл­орда қаласы әкім­ді­гінен.

Осы орайда әкімдік өкіл-дері Қызылорда қала­сы бойынша өткен жылдың 11 айын­да 1 112 адам үй алға­нын мә­лім­де­ді. Бұған қоса, жуырда та­ғы қо­сымша 135 тұр­ғын­ға жаңа пә­тердің кілті та­быс­та­лып­ты. Не­гі­зінен, тұр­ғын­дарды бас­па­на­мен қам­ту жұмыс­тары қала аума­ғында жылма-жыл тұрақ­­ты түрде жүр­гі­зі­ліп жатқанын жеткізіп отыр.

Жалпы, аналардың жанайқайы ке­шелі-бүгін туындаған мәселе емес. Ашын­­­ған аналар былтырдан бері әділ­дік іздеп табандарынан тозып жүргенін алға тартып отыр. Әзірге талай есікті тоз­­дырған 15 көпбалалы ана шағым­дарын ескеретін жан табылмайтын тұр­­ғанына наразы. Ал жергілікті әкім­дік тарапынан жауапты деген Отбасы банктен әлі күнге дейін нақты шешім бо­лар емес.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы