Нәтижесінде, Жамбыл мен Байзақ ауданындағы ауыл ағайындары бір-ақ күнде қалалық болып шыға келді. Бұл көне Тараз тұрғындарының санын еселеп арттырып, Әулиеата мен Жібек жолы аудандарының құрылуына тікелей әсер етті. Әрине, қала аумағына жаңа елді мекендер кіргеннен кейін түйіні тарқамаған түйткілдердің көп болатыны түсінікті. Алайда «шойқорықтық» тұрғындардың мәселесі өз алдына бір бөлек. Мұндағы жұрт өркениет көші өрге жылжыған заманда қарапайым электр жарығына зар болып отыр.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, бұрын Жамбыл ауданына қарасты болған «Шайқорық» алабы бүгінде Әулиеата ауданына қарайды. Мұнда барлығы 3541 тұрғын тұрып жатса, 24 көшенің 5-і асфальтталмаған. 19 көшеге жарық орнатылмаған. Түн қараңғысында көшемен жүру қиын болғаны былай тұрсын, тұрғын үйлердің өзіне жарық тұрақсыз беріліп, жұртшылықтың жанайқайын туғызып отыр. «Шайқорықтықтардың» айтуынша, жарық күніне екі-үш рет өшіп, ұзақ уақытқа дейін қосылмайды. Жарықтың жиі сөнуі тұрмыстық техникалардың бұзылуына да себеп болып жатқан көрінеді.
– Электр жарығының жиі сөнуі тұрғындардың тұрмысын қиындатуда. Шамалы жел соқса болды немесе ауа райы бұзылса, жарық өшіп қалады. Жөндеу жұмыстары кейде 1-2 күнге дейін созылып кетеді. Жарықпен бірге мобильді байланыс та өшетіндіктен, ата-аналар баларының мектептен аман-есен қайтқанын біле алмай алаңдаулы отырады. Оған қоса, электр жарығы болмағаннан кейін балалардың сабағы оқылмай, одан қалса кешкі асты дайындау сынды дүниелер тұралайды. Жарық болмағаннан кейін ғаламтор да істемей, кешкілік үйде жұмыс істеу мүмкін емес. Сондай-ақ жарықтың жиі өшуінен тұрмыстық техникалар да бұзылуда. Бұдан бөлек, ауызсу мәселесі де өзекті. Орталықтандырылған ауызсу жүйесінде сорғы жеткіліксіз болғандықтан, тұрғындар жиі сусыз қалады. «Билік өкілдерінен сұрасақ, «жөндеу жүргізіліп жатыр» деген жаттанды жауапты естиміз. Ауызсу мәселесінің қашан біржақты шешілетінін де білмей отырмыз», – дейді ауыл тұрғыны Құндызай Берікова.
Тағы бір түйткіл – «Шайқорық» алабында тұрғын үйлерден бөлек, көшелерінде де жарық жоқ. Кешке мектептен қайтатын балалар үшін бұл қауіпті. Себебі көше қараңғы болғаннан кейін қаңғыбас иттердің қайдан шыға қаларын білмейсің. Оған қоса, көлік те көп жүреді. Осы мәселелерге жергілікті билік өкілдері назар аударып, қашан нақты шешімін табатынын ашып айтпай отыр екен.
Иә, шынында, қалаға кіретін аумақта мұндай олқылықтардың болып жатқаны құп көретін дүние емес. Түйткілдердің түйіні неге тарқамай жатқанын білмек мақсатта Әулиеата ауданы әкімдігіне қайырылдық.
– Аталған мәселелер бойынша әкімдік толықтай хабардар. Кеңестік кезеңнен бері электр желілерінің ешқайсысы бұл алапта ауыстырылмаған. Бір-біріне жалғанып тұр. Сондықтан тұйықталған сымдарда ақаулар жиі орын алуда. Жарық мәселесіне қатысты «Тараз қалалық электр желілері» мекемесіне сұраныс хат жібердік. Алайда олар «Шайқорық» алабының электр сымдарын жаңарту тек 2027 жылдың жоспарына еніп отырғанын, сол кезде ғана ауыстыра алатындықтарын айтуда. Ал көше жарықтандыруына келетін болсақ, биыл Б.Сабаев, Абай, Телеу, Желтоқсан, Д.Қонаев көшелерін жарықтандыру жоспарға енгізіліп отыр, – деді Әулиеата ауданы әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов.
Осылайша, «Шайқорық» алабында жарық мәселесі біржақты шешілмейтіні анық болып тұр. Тұрғын үйлерге 2027 жылға дейін арагідік жарықсыз күнелтуге тура келеді. Ал көше жарықтандыруын билік өкілдері биылға жоспарлапты. Тек ол да қаржы тапшылығына байланысты кейінге қалып кетпесе болғаны.
Ауызсу мәселесіне келер болсақ, билік өкілдері бір байламды жауап айта алмауда. Себебі құбыр ауыстырып, сорғы орнатуға да қыруар қаржы керек. «Шайқорық» алабында көшеге ілінген билбордтардың өзі де жаңартуды қажет ететінін байқадық. Әлі күнге кеңестік кескіннен арыла алмай келе жатқан жарнамалық тақтайшалар бар.
Әрине, мұның бәрі талқылауды емес, тез арада нақтылауды қажет ететін дүниелер. Себебі «Шайқорық» алабы Тараз қаласының бір бөлігіне айналғандықтан, мұндағы мәселелер де қала деңгейінде шешілуге тиіс. Сондықтан жауаптылар «Шайқорық» алабының жағдайын жылдарға созбай, жақын арада кезең-кезеңімен болса да, жақсартады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы