Аталған салтанатты шараға бағдарламаны табысты аяқтаған өндірістік кәсіпорындардың басшылары, агробизнес өкілдері, кәсіпкерлер, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың мамандары қатысты. Executive MBA бағдарламасы стратегиялық ойлауды дамытуға, басқарушылық құзыреттерді күшейтуге және шешім қабылдаудың практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Салтанатты рәсім барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов түлектерді құттықтап, Executive MBA бағдарламасының ел экономикасы мен кәсіпкерлік саласын дамытатын білікті басқарушы кадрларды даярлаудағы маңызын атап өтті.
– Бүгінгі Executive MBA дипломдарын табыстау – бұл білім беру кезеңінің аяқталуы ғана емес, білімді капиталға, идеяны нәтижеге, ал басқарушылық шешімдерді тұрақты даму тетігіне айналдыра алатын қабілеттің дәлелі. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерді шын жүректен құттықтай отырып, батыл шешімдер, кәсіби өсім және ел дамуына елеулі үлес қосуды тілеймін, – деді университет ректоры.
Оқу барысында Executive MBA бағдарламасының тыңдаушылары стратегиялық менеджмент, қаржы, көшбасшылық, операциялық басқару, агробизнес экономикасы және басқа да негізгі пәндер бойынша білім алып, оларды нақты басқарушылық және кәсіпкерлік тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды.
Университет басшылығы ғылым, өндіріс, аграрлық сектор және кәсіпкерлік арасындағы өзара байланысты дамыту оқу орнының стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Executive MBA түлектерінің бұл үдерісте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Диплом тапсыру рәсімі түлектердің кәсіби өміріндегі маңызды кезеңге айналып, олардың басқарушылық әлеуеті мен көшбасшылық бастамаларын іске асыруына жаңа мүмкіндіктер ашты.