Геннадий ШИПОВСКИХ,
Сенат депутаты:
Конституциялық жаңарудың жаңа кезеңі
Мемлекет басшысы Қызылорда облысында өткен Ұлттық құрылтайда бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Соның ішіндегі ең бастысы – жүйелі әрі мықты Конституциялық реформа. Бұл бағыттағы бастамалар Президент тарапынан 2022 жылдан бері айтылып келеді, ал бүгін нақты үш өзекті мәселе айқындалды.
Бірінші мәселе – Парламенттік жүйеге қатысты өзгерістер. Болашақта еліміздің Парламенті 145 депутаттан және 8 комитеттен тұратын болады. Бұл – конституциялық реформаның тек Сенаттағы өзгерістермен шектеледі деген пікірдің қате екенін айқын көрсетеді. Қазіргі құрылымда Мәжілісте 7 комитет, Сенатта 6 комитет болса, алдағы уақытта біртұтас әрі ықшам жаңа жүйе қалыптасады. Бұл – Парламент жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Екінші мәселе – Вице-президент институтын енгізу. Бұл бастама билік жүйесінде саяси сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вице-президент Президенттің өкілеттігін жүзеге асыруда қосымша тірек болып, басқару үдерісіндегі бірқатар маңызды мәселені үйлестіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Президенттің негізгі басымдықтарының бірі – халықаралық форумдар мен сыртқы саясат. Осы тұрғыда Вице-президент институты президенттік билікке нақты қолдау көрсететін тиімді тетік болмақ.
Үшінші мәселе – Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиялары. Бұл институттар өз міндеттерін абыроймен атқарды. Болашақта олардың орнына «Қазақстанның Халық Кеңесі» атты жаңа жоғары консультативтік орган құрылмақ. Оның құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де болады. Сондықтан Ассамблеяны таратып жатыр деген пікір – қате түсінік. Бұл құрылым еліміздегі бірлік, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту жолында үлкен рөл атқарып келді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі Құрылтай – еліміздің Конституциялық жаңару дәуірінің табалдырығында тұрғанын көрсетеді. Бұл байыппен жүзеге асатын, ел болашағы үшін аса маңызды саяси процесс.
Данабек ИСАБЕК,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
Басқарудың тың парадигмасы айқындалды
Қызылорда қаласында өткен Қазақстанның Ұлттық құрылтайының кезекті отырысында Президент мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктері мен елдің алдағы даму бағытын жариялады. Бұл жиын елдің саяси жүйесінде маңызды реформаларды іске асыруға бастама болды.
Біз Ұлттық құрылтайдан бір палаталы Парламенттің құрылымы мен құрамына қатысты нақты ақпарат күткен едік. Президент жаңа заң шығарушы органды «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Бұл шешім саяси жүйеде жаңа парадигманы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Президенттің айтуынша, бір палаталы Құрылтай заң шығару процесін ықшамдап, шешім қабылдауды жеделдетуге, сондай-ақ азаматтық бақылау мен қоғамдық диалогты күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа орган 145 депутаттан тұрады, барлығы партиялық тізім бойынша сайланады, ал өкілеттік мерзімі – 5 жыл.
Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бір палаталы Парламент заңнамалық тиімділікті арттырумен қатар, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуда да маңызды рөл атқарады. Мысалы, Сингапур бір палаталы Парламент арқылы заңнаманы жылдам және тиімді қабылдауда тәжірибе жинаған. Ал Жаңа Зеландия парламенттік ықшам жүйе арқылы қоғамдық пікірді тез ескеріп, заң жобаларын жылдам жүзеге асырады.
Екінші – қоғамдық диалогты күшейтіп, азаматтық қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту. Құрылтайда қоғамдық институттарды қайта ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай қызметі тоқтатылады, олардың орнына Халық Кеңесі құрылмақ. Кеңес жылына бір рет жиналып, халық пен билік арасындағы сенімді көпір ретінде жұмыс істейтін болады.
Кеңесші органдардың рөлі шетелде де айқын көрінеді. Мысалы, Канадада шешім қабылдау процесіне азаматтық ұсыныстарды енгізу арқылы демократиялық бақылау күшейеді. Қазақстандағы жаңа Халық Кеңесінің негізгі міндеті – қоғамдық пікірді тыңдау, ұсыныстар мен бастамаларды жүйелі талдау, оларды билікке ұсыныс ретінде жеткізу. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс азаматтық қоғамды күшейтіп, шешім қабылдау процесін ашық әрі демократиялық жолмен жүргізуге мүмкіндік береді.
Үшінші – биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Басқару тиімділігін арттыру мақсатында жаңа лауазым – вице-президент енгізіледі. Ол тікелей президенттің тағайындауымен жұмыс істеп, биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекеттік кеңесші институты жойылып, басқару ықшамдалады және шешім қабылдау процесі жеделдейді. АҚШ-тағы вице-президент институты да осындай мақсатты атқарады: қажет жағдайда президенттің өкілеттігін орындауға дайын тұрады.
Төртінші – президенттік сайлау тәртібі нақты айқындалады. Қоғам жиі талқылайтын сұрақтардың бірі – президенттік сайлау жүйесі. Жиында президенттік сайлауға қатысты өзгерістер енгізіледі: егер президент мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізу міндеттеледі. Бұл норма саяси тұрақтылықты сақтау және заңдылықты қамтамасыз ету үшін маңызды.
Алдағы уақытта парламент реформасы мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша референдум өткізіледі. Бұл әрбір азаматқа елдің даму бағытында белсенді қатысуға мүмкіндік беретін тек құқық емес, ұлттық міндет. Баршамыз осы процесте белсенді болып, елдік істерге өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Қазақстанның енгізіп отырған реформалары шетелдік тәжірибе мен ұлттық ерекшелікті үйлестіретін стратегиялық қадам ретінде қарастырылып отыр. Олар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтық қатысу мен демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған нақты әрі прагматикалық қадам.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:
Құрылтай – халықтың басын біріктіретін ұғым
Біз осыған дейін Парламенттің төменгі палатасын «Мәжіліс» деп атап келдік. «Меджилис» – парсы сөзі. Иран, Тәжікстан, Түрікменстан сынды елдерде заң шығарушы орган солай аталады. Ал «Құрылтай» – көне түрік атауы. ХІ-ХІV ғасырларда ұлы даланы мекендеген бабаларымыз сындарлы сағаттарда қабылдайтын шешімдерді құрылтайда қабылдаған. Қазақ хандығы құрылған дәуірден бастап рефолюцияға дейінгі кезеңдерде де құрылтайда хан сайланған.
Екі палаталы парламент федеративті құрылымға тиесілі екені белгілі. Мысалы, АҚШ-та сенаторлар штаттардың мүддесін қорғаса, атқарушы органның өкілдері халық атынан сайланған соң халықтың мүддесін қорғайды. Унитарлы елде «Сенат», «Мәжіліс» деп бөлудің қажеті жоқ. Халықтың мүддесін қорғауға Парламент жеткілікті. Ал оның баламасы – Құрылтай. Оның түбірінде «құрыл» деген сөз тұр. Бұл «құрылайық, жиналайық» дегенді білдіреді. Яғни, халықтың басын біріктіретін сөз. Сондықтан бұл атау маған ұнайды.
Тарихи шығармаларды көп оқуға тырысам. ХІV-ХVІ ғасырларда жазылған көне қолжазбалардың қазақ тілінде жарық көруіне атсалысып жүрмін. Соның ішінде Рашид ад-Диннің шығармаларын, Шараф ад-Дин Язвидің «Зафарнамесін», Мырза Ұлықбектің «4 ұлыстың тарихы» қолжазбасын аудару барысында тарихшыларға жәрдем жасадым. Сол еңбектің барлығында «Құрылтай» сөзі бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, ата-бабаларымыз маңызды шаруаның бәрін құрылтайда шешкен. Құрылтайға қатысатын билердің, бектер мен сұлтандардың әрқайсысының отыратын орны, сөйлейтін сөзі, барлығы заңдастырылған, өз тәртібі болған. Әрине, алғашқыда аздап құлаққа ерсілеу естілуі мүмкін. Бірақ құлақ үйренеді, сана қабылдайды. Өйткені бұл өзіміздің төл сөзіміз және төл ұғымымыз.
Айгерім АБДРАШИТОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ-дің саяси
зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:
Өкілді биліктің жаңғырған архитектурасы
Ұлттық құрылтайдың соңғы V отырысы Қазақстанның саяси саласындағы институционалды өзгерістерімен ел тарихында қалмақ. Себебі біріншіден, екі маңызды қызметті – заң шығару мен халық атынан өкілдік етуді біріктіретін Парламентке қатысты өзгерістер қандай болады деген сұраққа жауап алынды. Нәтижесінде, бір палаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру, оның құрамын 145 депутаттан және 8 тұрақты комитеттен қалыптастыру ұсынылды.
Қазақтың саяси-тарихи дәстүрінде құрылтай ұжымдық талқылау, келісімге келу және қабылданған шешімдерді заңдастырумен астасады. Осы атауды кеңесші сипатындағы емес, міндетті заңдар қабылдайтын органға беру ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заманғы өкілді демократиямен ұштастыруға деген ұмтылысты білдіреді. Тарихи атауларды қолдану да әлемдік тәжірибеде кең таралған. Мәселе тек атауды өзгертуде ғана емес. Оның тарихи және символдық мәні түсінікті. Парламентке қатысты айтылған ұсыныстарды тиімділік тұрғысынан қарастырсақ, құрылтайдағы заң қабылдаудың жаңа үш кезеңнен тұратын тәртібі ерекше назар аудартады. Ұсынылып отырған модель бойынша заң жобасы алдымен жалпы тұжырымдамалық тұрғыдан мақұлданады, одан кейін түзетулер жан-жақты талқыланып, нақтыланады, содан соң ғана заң түпкілікті қабылданады. Яғни, екіпалаталы жүйедегілей ұзақ бюрократиялық тізбектен өтпейді. Мұндай тәсіл көптеген бір палаталы парламенттерге тән. Нәтижесінде, заң шығару үдерісі шешім қабылдау кезеңдерін нақты бөлу арқылы жеделдейді, ал заңнаманың сапасы мен болжамдылығы басымдыққа ие болады.
Депутаттардың санын 145-пен шектеу ұсынылды. Бірақ Парламент жұмысының тиімділігі депутаттар санына ғана емес, өкілеттіктердің нақты бөлінуіне және заң шығару қызметінің кәсібиленуіне байланысты. Осы контексте президенттік квотаны алып тастау – Парламенттің институционалдық дербестігін күшейтетін маңызды қадам. Сонымен қатар әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін квоталардың сақталуы әлеуметтік теңдік пен инклюзивтілікке бағытталған саясатты көрсетеді.
Тағы бір маңызды ұсыныстардың бірі – Парламенттің негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы өкілеттіктерінің кеңеюі. Конституциялық Сот, Жоғары аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындауды тек Парламенттің келісімімен жүзеге асыру ұсынылды. Бұған қоса, депутаттар Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау өкілеттігіне ие болады. Бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, ықпалды Парламенттің рөлін арттырады.
Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық Кеңесінің құрылуы айтылды. Ескеру керек тұсы – оның заң шығару бастамасы құқығына ие болуы. Бұл дегеніміз қоғамдық сұранысты институционалдық деңгейде бекітіп, оны ресми заңнамалық үдерістің бір бөлігіне айналдыруды білдіреді.
Халық Кеңесі Парламентті алмастырмайды. Мұндай ұқсас тетіктер әртүрлі елде бар. Мысалы, Еуропалық одақ елдеріндегі азаматтық ассамблеялар жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – қоғамдық белсенділікті институционалдық арнаға бағыттау.
Үшіншіден, құрылтай кезінде жаңа қызмет – вице-президенттің лауазымын енгізу ұсынылды. Әлемдік тәжірибеде бұл институт, ең алдымен, биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін тетік ретінде қолданылады. Әдетте вице-президент өкілдік және үйлестіруші функцияларды атқарып, Мемлекет басшысының жүктемесін азайтады және жүйенің болжамдылығын арттырады. Президенттің сөзіне сүйенсек, вице-президенттің қызметі осыған сай келеді. Атап айтқанда, ол елдің мүддесін халықаралық форумдар мен келіссөздерде алға тартып, шетелдік делегациялармен кездесулерге қатысады, Президенттің Парламенттегі өкілі ретінде заң шығару үдерісімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, сондай-ақ отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жүктейтін өзге де міндеттерді атқарады.
Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер заманауи парламентаризмді, ұлттық-тарихи символиканы, қоғамдық қатысудың институционалдандырылған тетіктерін және саяси тұрақтылық механизмдерін өзара ұштастырады. Аталған өзгерістер мен ұсыныстардың қабылдануы жалпыхалықтық референдумға байланысты болатыны есте болуы керек.
Айгүл ЗАБИРОВА,
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор:
Бір палаталы Парламент: ашықтық және тиімділік
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасы әдеттегі конституциялық өзгерістерден кең ауқымда және мүлдем басқа өзгерістерге бағытталған. Бұл ел өзінің саяси архитектурасын шынымен қайта қарастырып жатқан кезеңді бастайды. Және бұл цифрландыру, елеулі экономикалық өзгерістер және Үкіметтің логикасын өзгертетін жаңа технологиялардың пайда болуы аясында жүзеге асырылуда.
Кеңірек тұрғыдан алғанда, бұл реформа Қазақстанның соңғы бірнеше жылда істеп келе жатқан жұмысының заңды жалғасы іспетті. 2019 жылдан 2021 жылға дейін қабылданған саяси реформалардың төрт пакеті және 2022 жылғы Конституциялық реформа жаңаруға, ашықтыққа және рационалдылыққа бағытталды. Парламентті бір палаталы ету идеясы жаңалық емес. Бұл елімізде жиырма жыл бойы талқыланып келеді. Бұл тақырыптың Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінде көтерілуі көп нәрсені көрсетеді: жүйе де, қоғам да жетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты дәл осылай жұмыс істейді: шешім шынымен де жағдай пісіп-жетілген кезде ғана қабылданады.
Бүгінде Қазақстанда Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы Парламент бар. Реформадан кейін Мәжіліс негізінде бір палата қалады. Дегенмен Сенат өз өкілеттігін азаматтар референдумда өз пікірлерін білдіргеннен кейін ғана тоқтатады. Бұл бірден болмайтын маңызды өзгеріс екенін атап өту маңызды. Бізді үлкен қоғамдық пікірталас күтіп тұр, содан кейін ғана, 2027 жылы, ұлттық референдум өткізіледі. Ресми мәліметтерге сәйкес, реформа Конституцияның шамамен 40 бабына және ондаған заңға әсер етеді. Бұл ауқымды қайта құру, бірақ айқын процесс және түсінікті кезеңдері бар.
Егер заңнамалық мәселелерге назар аудармасақ, реформаның логикасы өте қарапайым. Мемлекет шешімдерді асығыстық танытпай, бірақ айналамыздағы әлем тым тез өзгеріп жатқандықтан, шұғыл қабылдауы керек. Мұндай жағдайларда екі палаталы жүйе икемді, бірақ ауыр механизм ретінде жұмыс істейді, бекіту екі деңгейден өтеді, бұл әрбір заң жобасының процесі тым ұзаққа созылатынын білдіреді. Бір палаталы модель процедураларды қысқартады және қарапайым етеді. Бұл цифрлық күн тәртібі, жасанды интеллект мәселелері, басқару реформалары және аймақтық саясат үшін маңызды.
Реформаның екінші себебі бар: басқаруды айқынырақ және тиімдірек ету, қажетсіз деңгейлерді алып тастау және институционалдық өзара әрекеттесуді жеңілдету. Заң шығарушылық жауапкершіліктің бірыңғай орталығы болған кезде ашықтық автоматты түрде артады. Парламент, Үкімет және Президент кеңсесі мұндай құрылымда өзара оңайырақ әрекеттеседі. Ал күрделі аралық қабаттар аз болған жерде үйкеліс нүктелері аз болады.
Партиялық жүйеге қатысты үшінші аспект те бар. Парламент қазіргі уақытта бір саяси күш айқынырақ жетекші рөл атқаратын конфигурацияда жұмыс істейді. Бұл көбіне палата ішіндегі процестердің логикасын анықтайды және заң шығару жұмысына қалай баса назар аударылатынын анықтайды. Осындай жағдайда бір палаталы жүйе партиялар арасындағы тартыс алаңы емес, саяси жауапкершіліктің негізгі бөлігін арқалап отырған партия ішіндегі бәсекелестік кеңістігіне айналады. Бұл Жапонияда белгілі бір кезеңдерде, Оңтүстік Кореяда жаңғыру кезінде болды және бүгінде Азиядағы кейбір унитарлық мемлекеттерде өтіп жатыр.
Мұнда жиі назардан тыс қалатын тағы бір мәселе бар. Бір палаталы модель әрқашан үнемдірек. Ол қайталанатын құрылымдарды жояды және Үкімет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл реформаның негізгі себебі емес, бірақ бұл – бағаламауға болмайтын маңызды негіздеме.
Сондай-ақ түсінуді қажет ететін жағдай бар: екінші палатаның жойылуы өтемақыны талап етеді. Және олар қамтамасыз етіледі. Бір палаталы Парламентте комитеттер орталық орын алады, дәл осы жерде сараптамалық жұмыс, заңдардың әсерін бағалау және тәуекелдерді талдау шоғырланады. Парламенттік бақылау, сауалнамалар, Үкіметтің есеп беруі және ашық тыңдаулар күшейтіледі. Конституциялық әділеттілік тепе-теңдік механизмі ретінде әрекет етеді, Сенаттың заңдарды мемлекеттің негіздеріне сәйкестігін қарау функциясын алмастырады.
Қарапайым азаматтар көзқарасы тұрғысынан алғанда, реформа екі нәрсені білдіреді: жылдам шешім қабылдау және цифрлық Парламент. Электронды парламент дегеніміз – деректерге қол жеткізу, электрондық талқылаулар, ашық ақпарат және азаматтар мен Парламент арасындағы тікелей байланыс арнасы. Бұл өзара әрекеттесудің түбегейлі жаңа моделі.
Сондай-ақ халықаралық тәжірибе бар. Біз мұнда белгісіз жаңа жолға түскеніміз жоқ. Жартылай президенттік жүйесі, күшті институционалдық негізі және бір палаталы Парламенті бар Португалия жақсы мысал бола алады. Бір палаталықтың парламенттік модельдері елдер жылдам шешімдер мен тұрақты институционалдық үйлестіруді қажет ететін жағдайларда жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеген. Оған Дания, Швеция және Эстония мысал бола алады.
Жалпы алғанда, бір палаталы Парламентке көшу парламентаризмнің ықшам, жылдам және технологиялық тұрғыдан дамыған моделіне қарай жасалған қадам болып саналады. Еліміздің алдында жоғары сапалы сараптамалық жұмысты қамтамасыз ету, қадағалауды күшейту және Парламентті ашық және тиімді ету міндеті тұр.
Бұл – үлкен тәуекел, бірақ сонымен бірге уақыт талаптарына тез және кәсіби түрде жауап бере алатын парламенттік жүйеге көшу мүмкіндігі екенін де ескеру қажет.