Онда жаңа Салық кодексін жетілдіру, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту, энергетика, мұнай-газ, көлік, логистика, сауда және су ресурстары саласы, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік, мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту да басым бағыт ретінде белгіленді.
«Кешегі өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы болып табылатын бастамаларын жария етті. Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту туралы ұсыныстар саяси жүйемен қатар, азаматтарымыздың мәдениетіне де демократиялық қағидаттарды біржолата орнықтыру процесі жүріп жатқанын білдіреді. Қазақстанның заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды. Бұлар – қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына деген мызғымас ұстаным. Ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан» да негізгі құндылықтардың қатарында тұр. Өз сөзінде Президент еліміздің одан әрі экономикалық дамуына қатысты негізгі міндеттерді алға қойды», – деп атап өтті Премьер-министр.
Бұл ретте Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талаптар қойып отыр.
Қойылған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Мәселен, Мәдениет министрлігіне мемлекеттік рәміздерді пайдалануды реттеуді жетілдіру мақсатында Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге егжей-тегжейлі талдау жүргізу тапсырылды.
Мәдениет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне бірқатар өңірдегі театр құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұра нысандарын және Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімін сүйемелдеу тапсырылды.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған тапсырмаларын орындау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
– Күні кеше Мемлекет басшысы еліміздің өмірінде ерекше орын алған Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясын қорытындылап, мемлекет пен халқымыздың болашағын айқындайтын зор міндеттер жүктеді. Алдымен, бұл – мән-маңызы жағынан жаңа Ата Заң қабылдаумен бірдей конституциялық өзгерістердің аясында ғана емес, жалпы Тәуелсіздік тұғырын одан әрі нығайтуды көздейтін тарихи белес, – деді Аида Балаева.
Вице-премьер Президент айқындап берген негізгі қағидаттар – «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары бойынша жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжейлі реттеуге қатысты жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді.
Тағы бір маңызды мәселе – тарихи-мәдени мұраларымызды ЮНЕСКО деңгейінде насихаттау. Президент бұған дейінгі Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл мәселеге ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы тапсырмасымен Жаркент мешіті мен Вознесенск соборын біріктіретін номинация, Қаратау жотасындағы петроглифтерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. «Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданды.
Сонымен қатар жиында Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әзірленіп жатқан Digital Qazaqstan бағдарламасында цифрландырудың үздік тәжірибелерін енгізу арқылы мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды қарастыру, сондай-ақ сенімді әрі қауіпсіз IT-инфрақұрылым құру тапсырылды.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытудың және жаңа ЖЭО жобаларын жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударғанын атап өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігі бір ай мерзімде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге тиіс. Ал көлік саласындағы салалық ведомствоға «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бір апта мерзімде жаңа халықаралық әуе рейстерін іске қосу және ұлттық карго-тасымалдаушының алдағы қызметі жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Бүгінде Үкімет ЕАЭО шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілерді қорғауды күшейтуде. Осы себепті Сауда және интеграция министрлігіне салалық ведомстволармен бірлесіп, екі апта мерзімде ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімді кеңінен таныту бойынша жүйелі тәсілдерді әзірлеу тапсырылды.
Президент атап өткен Арал теңізі мәселелерін ескере отырып, су саласына қатысты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл Қазақстанның су-энергетикалық ресурстары картасын әзірлеу тапсырылды. Президент экономиканың түрлі салаларын дамытуға ғылыми әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Осыған байланысты Үкімет экономиканың түрлі салаларын дамытуға қолда бар ғылыми әзірлемелерді тарту және өзекті зерттеулерге тапсырыстарды жедел қалыптастыру жұмысын күшейтеді.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымның нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Әрбір басшы дербес жауапты болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өз бақылауына алатынын жеткізді.
Кәмила ДҮЙСЕН