Теміртау қаласында түнде тұтас шағынаудан жылусыз қалған еді. Оқиға дауылды күні болды, сол уақытта өңірде ауа температурасы –30 градусқа дейін төмендеген.
Ескі құбыр Теміртау тұрғындарын әбігерге салды. Аяз көтеріліп, жылу жүйесінің қысымы артқаны сол еді, тозығы жеткен құбыр бірден сыр берді. Соның кесірінен 8-ықшамауданындағы 40 шақты көпқабатты тұрғын үй, ондаған жеке үй және бірнеше бизнес нысан жылусыз қалды.
«Аурухана, мектеп балабақша түгел жұмыс істеп тұр. Мамандар түнделетіп ақауды толықтай ретке келтірді. Ал тұрғындарға жылу тек түс қайта берілді», – деп есеп бере бастады жауапты тұлғалар.
Алайда 50 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген жылу желілерінің кесірінен апат қайталануы мүмкін. Былтырдың өзінде бұл учаскеде 6 рет құбыр жарылған. Айта кету керек, Теміртау қаласында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 425 шақырымдай болады. Бүгінде оның 70 пайызы тозған. Соңғы 5 жылда 125 шақырымы жаңғыртылғанымен, бұл мәселені шешпейді. Тек 5 пайызы ғана жаңартылған деген сөз. Ал биыл жоспар бойынша 35 шақырым құбыр ауыстырылмақ.
Ескіні жаңарту қолға алына бастағаны жақында ғана. Теміртаудың әбден тозығы жеткен жарық және жылу желісі біртіндеп жаңара бастады. Оған соңғы екі үш жылдан бері бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сондықтан қала тұрғындары жаз шыға, қазылған жерлер мен жабылған көшені айналып өтеді. Бірақ бұл жұмыс алдағы ондаған жылдарға тұрғындардың жайлы тұруына бағытталған шаралар дейді қала билігі.
Теміртаудың тұрғындары ауа райы бұзыла бастаса, май шамын қамдап, су жинап алуға асығады. Сәл жел соға қалса, қараңғыда отыруға да еті үйренген. Электр қуатынсыз суды қуатын сорғылар істен шығады.
– Орталық сорғыны стансадағы құрылғылар әбден тозған. Оны көзімізбен көрдік. 60 жылдардағы мұрағат экспонат тәрізді. Оны жөнге келтіру де мүмкін емес. Өйткені оның қосымша бөлшектері қазір шығарылмайды. Сондықтан үнемі істен шығып, халық сусыз қалады. Қала тұрғындары коммуналдық жайсыздықтарды жыл сайын басынан өткізеді. 2022 жылы жылу магистралінің тозуы 75 пайызды көрсетті. Сол қыста жұрт қалтырап отырып қысты өткіз-ген, – дейді Теміртау қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Антон Поляков.
Содан кейін ғана қала билігі республикалық бюджеттен ақша сұрады.
– Тиісті бақылау болмады. Бұрын тозығы жеткен құрылғыларды уақытылы айырбастау керек деген қағида болатын. Қазір олай емес. Оны жоғарыға айтып ешкім басын ауыртқысы келмеді. Ақыры осындай жағдайға әкелді. Теміртау қаласы жылу және су құбырлары күрделі жөндеу дегенді соңғы алпыс жылдан бері көрген емес. Тек ұсақ-түйек жұмыспен шектелген. Коммуналдық қызмет тарифтің төмендігінен құлашты кеңге жая алмадық деп ақталады. Енді мемлекет қаржысы құйыла бастады, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Румиль Сабиров.
Дәл осындай жағдай 5 жыл бұрын да болған еді. Сол уақытта тозығы жеткен құбыр салдарынан Теміртау тұрғындары аязда жылусыз қалды. Мұның себебі қаланы жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-2 жөндеу деп аталды. Келтірілген қолайсыздық үшін Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімов тұрғындар алдында кешірім сұрады.
Сол жағдай тағы да қайталанды. Бұл жолы жаңа әкім Ғалым Әшімов халық алдына шықты.
– 1970 жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген құбырдың ескі учаскесі зақымданғаны анықталды. Зақымданған орын табылды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр, барлық қажетті күш пен техника жұмылдырылды, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.
Ескіні жаңарту жұмыстары жүріп жатыр, бірақ, жұмыс дұрыс жүргізіле ме? Тағы да келесі әкім халықтан кешірім сұрап тұрмай ма? Оны алдағы уақыт көрсетеді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы