Екі тарап «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасын іске асыру аясында Армениядағы көлік жолдарын дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді.
Жобаның саяси жетістігі
Негізі, TRIPP жобасы экономикалық мүдделерді ғана мақсат етпейді, түпкі жоспар – Армения мен Әзербайжанның қауіпсіздігі мен өркендеуіне жол ашу. Жобаны іске асыру жөніндегі Негіздемелік бағдарлама былтыр 8 тамызда Ақ үйде қабылданды.
АҚШ сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі жариялаған мәтінге сәйкес, Негіздемелік бағдарлама Армения Республикасы аумағы арқылы кедергісіз транзиттік қатынасты қамтамасыз етуге бағытталған. Транскаспий сауда жолының негізгі буынын қалыптастыруды да көздейді.
«TRIPP жобасының түпкі мақсаты – Армения мен Әзербайжанның қауіпсіздігі мен өркендеуін нығайту, сондай-ақ өңірлік сауда байланыстарын кеңейту, көлікке қолжетімділікті арттыру және Орталық Азия мен Каспий өңірін Еуропамен байланыстыратын жаңа транзиттік бағыттар құру арқылы америкалық сауданың дамуына ықпал ету», – деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік департаменті.
Армения Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Арарат Мирзоян мен Марко Рубио Вашингтонда TRIPP жобасын іске асырудың Негіздемелік бағдарламасымен толық танысу үшін кездескен. Көп өтпей Армения СІМ сайтында TRIPP жобасын іске асырудың Негіздемелік бағдарламасының толық мәтіні жарияланды.
Онда TRIPP жобасы аясында Армения мен АҚШ TRIPP жобасын іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын құратыны жазылған. Арменияның егемендігі толық сақталады, бірақ бақылау пакеті АҚШ-қа тиесілі екені жазылған. Армения TRIPP Development Company компаниясын құруға рұқсат беріп, оны қолдауға ниетті болып отыр. Компанияға TRIPP жобасын дамыту үшін бастапқыда 49 жыл мерзімге құқық беру жоспарлануда. Армения АҚШ-қа компания акцияларының 74%-ын ұсынуды, ал өзінде 26%-ын қалдыруды көздеген. Бұл әріптестікті тағы 50 жылға ұзарту және Армения үкіметінің үлесін кейін 49%-ға дейін арттыру жоспарланған.
Қазақстанға қандай пайдасы бар?
Бұл жоба түптеп келгенде Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын арттыра түседі. Орта дәліздің батысқа ашылған жолын ұзартады. Сондықтан Қазақстан тарапы бұл жоспарды толық құптады.
Былтыр қарашаның басында АҚШ-қа барғанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен келіссөз жүргізгені есте. Сонда Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.
Көп өтпей, қарашаның орта тұсынан асқанда Қазақстанға Армения Премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен келіп, тақырып тағы сөз болды. 21 қарашада Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян екі ел өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берді.
– Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
АҚШ пен Армения жасаған халықаралық жобаның мақсаты түптеп келгенде Орталық Азия елдерінің мүддесімен тоғысып отыр. Келешекте Транскаспий халықаралық көлік бағытымен ұштасып, экономикалық тиімділігін көрсетеріне үміттіміз.
Мадияр ТӨЛЕУ