3 миллиард байлығы бар менеджер: «Табысым Құдай мен директорлар кеңесіне байланысты»

Бұл адам өткен жылы да 770 миллион доллар табыс тапты. 2026 жылғы табысы одан да көп болуы мүмкін.

Quartz сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz банк жүйесіндегі менеджерлердің жоғары табысының себебін түсіндіреді.

3 млрд долларлық байлығынан ұялмайтын адам  осы. JPMorgan CEO-сы Джейми Даймон. Фото wsj.com сайтынан алынды

Заңнаманың жұмсаруы мен мәмілелердің жандануы америкалық банктер үшін жаңа оңтайлы ахуал қалыптастырды. Алдағы уақытта олардың пайдасы одан әрі өсуі ықтимал. Мәліметтерге сәйкес, JPMorgan компаниясының бас директоры Джейми Даймон өткен жылы шамамен 770 миллион доллар табыс тапқан. Бұл табыс АҚШ-тағы банктер басшыларының бірігу мен жұтылу (M&A) мәмілелерінің күрт өсуінен және Трамп әкімшілігінің саясатынан мол пайда көріп отырғанын көрсетеді.

New York Times басылымы корпоративтік құжаттарға және JPMorgan акцияларының 2025 жылы болжамды түрде 34%-ға өсуіне сүйене отырып, есеп жүргізген. Осы есепке сәйкес, Даймонның табысына оның жалақысы, бонустары, дивидендтері және акция түріндегі сыйақылары кірген. Бұл соманың бір бөлігі әлі сатылмаған акциялардан құралған.

Соған қарамастан, бұл көрсеткіш 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бері күрделі реттеу ережелеріне шағымданып келген АҚШ-тың ірі банктері үшін жағдайдың әлдеқайда қолайлы бола бастағанын аңғартады. Президент болып қайта сайланғаннан кейін Дональд Трамп осы реттеу режимін біртіндеп жеңілдете бастады. АҚШ-ты криптовалюталарға анағұрлым бейім елге айналдырып, Қаржылық тұтынушыларды қорғау бюросы секілді реттеуші органдарды сынға алды.

Өткен жылдың ақпан айында Ақ үй басшысы шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң аясындағы барлық жаңа тергеулерді тоқтатқан атқарушы жарлыққа қол қойды. Әділет министрлігі бұл шешім ведомствоның «шектен тыс жүктемесін азайту мен АҚШ мүдделеріне зиян келтіретіндей өкілеттігін асыра пайдаланбауы» үшін қабылданғанын мәлімдеді.

Банктер биыл мәмілелер санының артуынан үлкен пайда көруге дайын. Пайыздық мөлшерлемелердің бірізді төмендеуі мен антимонополиялық талаптардың жұмсаруы нәтижесінде ірі бірігу мен жұтылулар 2025 жылы қайтадан белсенді бола түсті. Bloomberg деректеріне сәйкес, 2025 жылы әлемдік мәмілелердің жалпы құны шамамен 4,5 триллион долларға жетіп, тарихтағы екінші ең жоғары көрсеткішке айналды. Соның ішінде Netflix пен Paramount арасындағы Warner Bros. Discovery үшін 100 миллиард долларлық бәсеке ерекше назар аудартты.

Times мәліметінше, JPMorgan-нан бөлек, Citi мен Goldman Sachs басшылары да айтарлықтай табыс тапқан. Олардың акциялары тиісінше 65% және 53%-ға өскен. JPMorgan өкілдері Джейми Даймон табысының бір бөлігі шамамен 20 жыл бұрын алынған акциялармен байланысты екенін айтады.

69 жастағы Даймонның жақын арада зейнетке шығу жоспары жоқ екені де ешкімді таңғалдырмайды. Ол Fox News арнасына берген сұхбатында зейнетке кетуге әлі «бірнеше жыл бар» екенін айтқан.

«Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Мен өз елімді жақсы көремін, күн сайын бір нәрсе үшін күреспесем, не істерімді білмеймін», – дейді ол. 

Сонымен қатар танымал банкир қызметтен кеткеннен кейін де директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы ретінде қалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Wall Street Journal дерегінше, Даймон 2006 жылы бас директор болғаннан бері JPMorgan акциялары 500%-ға өскен.

«Бұл Құдай мен директорлар кеңесіне байланысты», – деп түйіндейді ол банк табысының себебін.

Адал әрі ұзақ жылдар бойы табанды еңбектің нәтижесінде келген байлықтың мәні де, қадірі де әлдеқайда жоғары болатыны рас қой. Ондай адамға деген құрмет жоғары, оның өмірі жастарға үлгі-өнеге боларлық.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.