Еркебұлан Тоқтар кіммен жекпе-жекке шыққысы келетінін айтты

Ол үшін Олимпиада чемпионымен бір рингте жұдырықтасу үлкен мәртебе

Қазақстандық Поп-MMA өкілі Еркебұлан Тоқтар Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің өзіне қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарының чемпионымен бокстың классикалық ережелері бойынша жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты.

«Иә, Даниярдың пікіріне келісемін. Бұл жекпе-жекте спорттық мағына жоқ, бірақ коммерциялық қызығушылық бар. Олимпиада чемпионымен бір рингте жұдырықтасу   мен үшін үлкен мәртебе», деді Еркебұлан Тоқтар.

Оның айтуынша, Елеусіновтің көзқарасы түзу екенін білетінін айтты.

«Спорттық тұрғыдан маған да қызық емес. Ал коммерциялық жағынан жақсы ақша таба аламын. Бір-екі раунд шыдап бере аламын. Ол мені күліп жүріп ұрады. Таяқ жеймін. Бірақ ақша табамын», дейді файтер.