Елордадағы Нұржол бульварында 4 жылдан кейін құрақ көрпе үлгісінде жасалған экологиялық шырша қайта тігілді. Биыл жоба тоқыма ойыншықтармен толықтырылды, – деп хабарлайды Aykin.kz
Жобаны "Шеберлік жолы" қоғамдық қоры жүзеге асырып келеді. Қор басшысы әрі бастаманың авторы Рахима Мұқышеваның айтуынша, жоба алғаш рет 2020 жылы қолға алынған.
– Құрақ көрпе стиліндегі шырша алғаш рет 2020 жылы жасалды. Ол кезде жобаға 200-ден астам адам қатысқан. Биыл тұрғындардың сұранысына байланысты бастаманы қайта жаңғырттық, – деді ол.
Биыл 50-ден астам ерікті екі күн ішінде 100-ден аса тоқыма ойыншық дайындаған. Оған әжелер, ата-аналар, жастар мен балалар бірлесе қатысқан. Ең жас қатысушы – 6 жаста, ал ең үлкені – 70 жаста.