Бүгін Түркістан қаласында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғаған спортшыларды ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерін марапаттап, су жаңа автокөліктердің кілтін табыстады.
Іс-шара барысында облыс әкімі спортшыларды құттықтап, 2025 жылы бокс және каратэ спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарындағы жеңістердің еліміз үшін маңызын атап өтті. Ол өңір мақтанышы Сәкен Бибосыновтың халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келе жатқанын айтып, оның Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, екі рет әлем чемпионатында топ жарғанын, биыл Дубай қаласында өткен әлем чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанғанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ өңір басшысы Египетте өткен каратэден әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған Әсел Қанайдың жетістігіне тоқталып, бұл жеңістің айрықша мәнге ие екенін жеткізді. Әсел Қанайдың 2025 жылы өз салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік спортшысына берілетін «Гранд Виннер» атағын иеленуі, сондай-ақ бұған дейін Азия ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионатының жеңімпазы атануы оның жоғары деңгейдегі спортшы екенін дәлелдейді.
Облыс әкімі осындай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған бапкерлер мен ата-аналарына алғысын білдіріп, алдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салу екенін атап өтті.
Марапаттау рәсімінде каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанай және бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа автокөлік кілті табысталды.
Спортшылар өңірде спортты дамытуға көрсетіліп жатқан тұрақты қолдау үшін облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, дарынды спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.