Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Жаңақорғанда спорт кешендері пайдалануға берілді

Сонымен қатар Кейден ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа күрес залы ашылды.

2025 жылы желтоқсан айының 25-і күні Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында екі жаңа спорт кешені ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған спорт кешені пайдалануға берілді. Нысан "Қазатомөнеркәсіптің" еншілес мекемесі «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқылы зауытының жанынан бой көтерді.

Сонымен қатар Кейден ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа күрес залы ашылды.

Салтанатты шараға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Жаңақорған ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті актив, БАҚ және мәдениет өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Маңызды жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл жастары мен жұмысшыларды қолдауға бағытталған.

Жайлы жаңа спортзалдары санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай әрі спортпен шұғылдануға толық бейімделген.

Жоба тұрғындарды сапалы спорт нысанымен қамтамасыз етуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спорттық белсенділікті арттырып, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

Заманауи жабдықтармен қамтылған нысанда спорттық секциялар ұйымдастырылып, ауылдың әлеуметтік өмірін жандандыра түсетін түрлі жарыстар мен іс-шаралар өтіп тұрмақ.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.