Қазақстанда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 38,1 пайызға өсті

2025 жылдың қаңтар-қазан айларында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 38,1%-ға өсіп, 923 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар елдің 20 өңірінде 147 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл салаға жеке және институционалдық капиталдың жоғары қызығушылығын дәлелдейді.

Ел Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде туризм және спорт салалары бойынша 2025 жылды қорытындылап, спорт саласының үздік өкілдеріне «Үздік – 2025» сыйлығы  табысталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов биыл Қазақстанда туристік ағынның өсуі байқалғанын мәлімдеді. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, елімізге туристік мақсатта 12,1 миллион шетел азаматы келген. Олардың 8,6 млн-ы елде бір тәуліктен астам уақыт болған шетелдік туристер ретінде жіктелген. Орналастыру орындарының қызметін 1 млн шетелдік және 6,7 млн ішкі турист пайдаланған, бұл сырттан келген туризм мен ішкі туризмнің тұрақты өсімін көрсетеді.

Ведомство деректеріне сәйкес, елімізде бір мезгілде 243,5 мыңнан астам жатын орынға есептелген 4 499 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру нысандарының жиынтық табысы 268 млрд теңгеге жетіп, өңірлердегі іскерлік белсенділік пен туристік тұтынудың артқанын көрсетті.