Дәрігер мен жедел жәрдем қызметкері – ең қиын сәтте адам жанынан табылатын, уақытпен санаспайтын мамандар. Алайда сол жауапты міндетті атқарып жүрген азаматтардың өзі көбіне қорғансыз халде. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұсынылған жаңа заңнамалық өзгерістер қоғамда қызу пікірталас туғызды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов «бұл құжаттың басты мақсаты – жазаны күшейту емес, әділ құқықтық теңгерім орнату, кәсіби борыш пен қауіпсіздік арасындағы алшақтықты жою» дейді.
– Асхат мырза, медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты жеке қылмыстық құрам ретінде қарастыру қажеттілігі неден туындады? Бұл мәселе неліктен дәл қазір күн тәртібіне шығып отыр?
– Кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне қатысты жағымсыз жағдайға жиі куә болып жүрміз. Қоғамдағы ашу-ыза мен агрессияның нысанына айналатын ең осал топтың бірі қолында қорғанар құралы да жоқ медицина қызметкерлері болып отыр. Адам ауырғанда, шарасыз қалғанда, ең әуелі дәрігер мен жедел жәрдем қызметкерінінің көмегіне жүгінеді. Бірақ парадокс мынада: сол қиын сәтте көмекке келетін маманның өзі қазір қорғансыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев медицина қызметкерлерін осындай зорлық-зомбылықтан қорғау үшін заңнамалық өзгерістерді енгізу туралы тапсырма берді. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шешім және әлемнің ең дамыған мемлекеттерінде қабылданып жатқан дәл осындай заңдар бар екенін айта кеткеніміз жөн. Америка мен Еуропада да дәрігерлерді қорғау бойынша заңдар қабылданды.
Бүгінге дейін дәрігерге жасалған шабуылдар «тұрмыстық бұзақылық» секілді жалпы баптармен ғана қаралып келді. Бұл құқықтық тұрғыда дәрігердің кәсіби мәртебесін ескермейді. Ал, шын мәнінде, медицина қызметкеріне қарсы жасалған қылмыс жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға қарсы бағытталады. Мысалы, бір дәрігерді соққыға жығып, ол төрт ай емделді. Бір қарағанда, жалғыз адам зардап шеккендей көрінеді. Бұл маман осы 4 айда 960 адамды емдер еді. Ойланып қарасақ: мыңға жуық қарапайым азамат осының кесірінен дер кезінде білікті көмек ала алмады. Біреуінің ауруы асқынса, біреуіне уақытылы ота жасалмады.
Яғни, дәрігердің уақытша немесе тұрақты еңбекке жарамсыз болуы жүздеген, тіпті мыңдаған адамның дер кезінде ем ала алмауына әкеледі.
Бұл проблема дәл қазір көтерілуінің тағы бір себебі – әділетсіздік. Бір жағынан, заң дәрігерге пациентті емдеуді міндеттейді: ол қауіпке қарамай баруға тиіс, көмек көрсетуден бас тарта алмайды, кәсіби қателігі үшін қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Екінші жағынан, ұзақ уақыт бойы мемлекет тарапынан сол дәрігердің қауіпсіздігіне нақты кепілдік беретін норма болмады. Бұл теңгерімсіздік уақыт өте келе жүйелік проблемаға айналды.
Оған қоса, ресми статистикада тіркелген 280 деген шабуыл саны да ахуалды толық сипаттауға мүмкіндік бермейді. Көптеген медицина қызметкері арыз жазбайды, себебі ұзақ тергеуге уақыт жоқ, нәтиже боларына да сенім аз. Бұл – қауіпті үрдіс. Ал зорлық жауапсыз қалса, болашақта қайталанатыны бесенеден белгілі. Сондықтан медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдануды жеке қылмыстық құрам ретінде бекіту – эмоциялық шешім емес, уақыт талабы дер едім.
– Жаңа жобада «қорқыту» мен нақты зорлық-зомбылықты ажыратып қарастырудың мәні неде? Бұл өзгеріс заңның әділеттілігін қалай қамтамасыз етеді?
– Заңның күші – оның әділдігінде. Ал әділдік дегеніміз – әрбір теріс әрекеттің келтірген залалына сай жауапкершілік белгілеу. Осы тұрғыдан алғанда, «қорқыту» мен нақты күш қолдануды ажырату – заң жобасындағы маңызды шешімдердің бірі.
Қоғамда әртүрлі жағдай болады. Кейде эмоцияға берілген адам сөзбен қоқан-лоқы көрсетуі мүмкін, ал кей жағдайда ол, шын мәнінде, физикалық зорлыққа барады. Бұлардың салдары бірдей емес. Сондықтан оларды бір таразыға салу – құқықтық тұрғыдан да, адамгершілік тұрғысынан да қате болар еді. Заң жобасын талқылау барысында осы мәселе терең зерделеніп, жазаны саралау қағидаты негізге алынды.
«Қорқыту» бойынша жаза бар, бірақ ол нақты зомбылыққа қарағанда жеңілірек. Мұнда заңның басты мақсаты – жазалау емес, алдын алу, тәртіпке шақыру. Негізі, қорқыту туралы жаза қазір де бар, әр эмоцияға берілген адамды жауапкершілікке тартып жатқан жоқ қой.
Ал нақты күш қолдануға келгенде, ұстаным мүлде басқа. Себебі бұл – дәрігердің денсаулығына тікелей зиян келтіруден бөлек, өзге де пациенттердің медициналық көмек алуына кедергі келтіретін әрекет. Кейбір скептиктер кез келген эмоциялық сөз үшін қатаң жаза беріледі деп қауіптенді. Ол заңды бұрмалау, жай ғана эмоцияны ешкім жазаламайды, қорқыту деген рас болуға тиіс, мысалы, пышақты немесе мылтықты қолына ұстап, «мен сені өлтіремін» десе; яғни бұл қорқыту шынайы әрі мүмкін болса, ол сонда қорқыту болады. бұл қоғамға да, медицина қызметкерлеріне де, құқық қорғау органдарына да түсінікті, теңгерімді шешім деп есептеймін.
– Медицина қызметкеріне жасалған шабуылды «екіжақты қолсұғушылық» деп бағалауды қалай түсінеміз? Заң тұрғысынан алғанда, оның салдары қандай?
– Құқық теориясында «екіжақты қолсұғушылық» деген ұғым бекер қолданылмайды. Бұл қылмыстың бір мезетте екі түрлі құндылыққа зиян келтіретінін білдіреді. Медицина қызметкеріне қарсы жасалған шабуыл дәл осындай сипатқа ие. Біріншіден, бұл нақты бір адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Екіншіден, қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне, яғни ұлт саулығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарға соққы болады. Мәселен, қарапайым жағдайда біреудің қолын сындыру жеке адамға қарсы қылмыс ретінде саналады. Ал егер сол қол хирургтың, нейрохирургтың немесе реаниматологтың қолы болса, мәселенің ауқымы күрт өзгереді. Бұл тек бір адамның жарақатын емес, жүздеген ота мен мыңдаған науқастың тағдырын білдіреді. Демек, мұндай әрекеттің қоғамдық қаупі әлдеқайда жоғары.
Дәл осы логика жедел жәрдем қызметіне де қатысты. Бір бригаданың істен шығуы ондаған шақыртудың кешігуіне тең, ал кей жағдайда салдары да қайтарымсыз болуы мүмкін. Инсульт пен инфаркт кезінде минуттар шешуші рөл атқарады. Сондықтан жедел жәрдемге шабуыл жасау уақытқа, өмірге қарсы қылмыс дейміз.
Заң тұрғысынан алғанда, бұл ұғым жазаның қатаңдығын негіздеуге мүмкіндік береді. Себебі мұнда тек жеке мүдде емес, қоғамдық қауіпсіздік, ұлттық денсаулық мәселесі қозғалып отыр. Осы себепті арнайы баптың енгізілуі құқықтық қисынға толық сай келеді. Бұл тәсіл бұрыннан бар. Мемлекет полицейлерді, судьяларды, құтқарушыларды ерекше қорғайды, себебі олардың қызметі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке тікелей байланысты. Тіпті адвокаттар, журналистер бойынша осыған ұқсас қорқыту бойынша да нормалармен ол үшін қатаң жауапкершілік бүгінде Қылмыстық кодексте бар. Сонда ондаған мамандық иесі қорғала тұра, неге біз ең көп соққыға жығылатындардың санатындағы нағыз қолдауды қажет ететін дәрігерді қорғамауымыз керек? Ал дәл сондай, тіпті одан да нәзік миссия атқаратын дәрігердің бұған дейін жеткілікті қорғалмауы үлкен олқылық еді. Жаңа норма осы олқылықтың орнын толтырады.
– Бұл заң жобасының ұзақмерзімді әлеуметтік әсері қандай болады деп ойлайсыз?
– Бұл заңның мәнін тек медицина қызметкерлерінің құқығын қорғаумен шектеу оның ауқымын тарылтып көрсету болар еді. Шындығында, бұл норма әрбір азаматтың дер кезінде медициналық көмек алу құқығын қорғауға бағытталған. Яғни, заңның түпкі адресаты – қоғамның өзі.
Дәрігердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жерде ғана медицина жүйесі тұрақты жұмыс істей алады. Егер маман күн сайын өз өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін ойлап жұмыс істесе, бұл кәсіби күйзеліске, кадр тапшылығына, сапаның төмендеуіне алып келеді. Ал керісінше, мемлекет тарапынан нақты қорғаныс барын сезінген медицина қызметкері міндетін сенімді атқарады. Бұл заңның профилактикалық рөлі де бар. Қатаң әрі нақты жауапкершілік белгіленсе, агрессияға бейім адамдар әрекетіне бір сәт ойланып қарайды. Яғни, мұны жазалау ғана емес, алдын алу механизмі деуге де болатын шығар. Қоғамда дәрігерге тиісуге болмайды деген айқын ұстаным қалыптасады.
Ұзақмерзімді перспективада азамат пен мемлекет арасындағы сенім, пациент пен дәрігер арасындағы өзара құрмет күшейеді. Денсаулық сақтау жүйесіне деген көзқарас өзгереді. «Дәрігер – қызмет көрсетуші» емес, «қоғамдық миссия атқарушы» ретінде қабылданады.
Ең бастысы, бұл заң қоғамның өзін «өзінен» қорғайды. Педиатрды күтіп отырған бала, инфарктпен жедел жәрдем шақырған қария, шұғыл операцияға мұқтаж науқас – барлығы да осы норманың нақты бенефициары. Себебі дәрігердің қорғалуы олардың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл заңды жай ғана салалық құжат емес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды қадам деп бағалау қажет. Бұл – адам өмірін бірінші орынға қоятын мемлекеттің ұстанымы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН