Кейінгі кездері Арал теңізіне қатысты халықтың базынасы толастар емес. Күн санап қарт Аралдың күйі қашып, атакәсіптен береке кеткеніне ашынып отыр. Теңізде де, аудан аумағындағы ірі-ұсақты көлдерде де балық тапшы. Бұл бірінші кезекте аудан халқының екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп, өзге өңірлерге сабылуына мәжбүр етуде.
Ең қиыны, теңізді қалпына келтіруге сарп етілген қыруар қаржының есебі ешкімнен сұралмайтынына күйініп отыр. Осының салдарынан халықтың әлеуметтік жағдайы күн санап төмендеп, жеңілдіктерден қағылып отырғанын жеткізді.
«Аралдың әлі күнге дейін экологиялық апат аймағы екені бесенеден белгілі. Мұны бәрі де біледі. Дарияның қазірге деңгейі өте аянышты халде тұрғаны көпке мәлім. Соның салдарынан теңізге тамшы тамбай, жағдай бұрынғыдан да мүшкіл тартып барады. Соған байланысты халықты толғандырған тағы бір мәселе бар. Атап айтқанда, Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккен халықты әлеуметтік қорғау мақсатында 1992 жылғы 30 маусымдағы №1468-XII «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға қатысты наразылық туындап тұр. Алғашқы кездері осы заң аясында Аралға көп көмек берілді. Алайда 2000 жылдардан бастап әртүрлі экономикалық дағдарыс жағдайына байланысты көп жеңілдік қысқартылып кетті. Білуімізше, бүгінде тек ауданның бюджет қызметкерлеріне 50 пайыз жеңілдік сақталып тұр. Ал жалпы халықтың үлесіне ештеңе жоқ. Соған сәйкес, арнайы ұсынысымыз бар. Яғни, Президенттің 2009 жылғы №829 Жарлығымен күші жойылған немесе уақытша тоқтатылған заң баптарын қайта қалпына келтіруін талап етеміз. Халықтың қазіргі жағдайы мәз емес. Соған сәйкес, елдің әлеуметтік жағдайы бірінші кезекте ескерілуге тиіс», – дейді Арал жанашыры, қоғам белсендісі Айжарық Ералиев.
Теңіздің күйі қаша бастағаны Арал маңындағы алыс-жақын ауылдарға да сезіле бастапты. Оның ішінде ауданға қарасты Қаратерең ауылында биыл су тапшылығы айқын сезіліп, төрт түліктерін суару қиындап кетіпті. Ауыл халқының айтуынша, ауылдағы ірілі-ұсақты көлдер тартылып, ұңғыма қазу қажеті сезіліп тұр. Бұл жайында ауыл, аудан әкімдігіне айтылғанымен, қаржы тапшылығын желеу етіп, халықтың талабы орындалмай келеді екен.
Негізінен, кеңес кезеңінде бұл ауылда балық шаруашылығы қарқынды дамыған. Сол уақытта ауылда балық қабылдайтын және өңдейтін базалар үздіксіз жұмыс жүргізіпті. Күні кешеге дейін ауылдағы ағайынның теңіз маржанымен жан бағып келгенін айтады. Бірақ соңғы жылдарда теңіздегі ахуал ауылға да салқынын тигізіп тұрғанын жеткізіп отыр.
«Негізінен, Қаратерең халқын жол мен су мәселесі мазалап келді. Биыл жол мәселесі шешілетін түрі бар. Ал су мәселесінің түйіні әлі күнге дейін тарқатылар емес. Яғни, қолға ұстаған төрт түлік малымызды суару қиын болып барады. Нақты айтқанда, былтыр жағдайымыз бұдан көш ілгері еді. Былтыр малымызды суаруға мүмкіндік болды. Биыл жағдай тіпті ушығып, су тапшылығы сезіліп, ұңғыма қазу мәселесі туындап тұр. Көлдер құрғап қалды. Осы мәселені ескеріп, жуырда ғана Ақлақ су тоспасын жауып, ірілі-ұсақты көлдерге су жібергендей болған. Бірақ көп ұзамай су тоспасын қайта ашып, қуанышымыз су сепкендей басылып қалды. Бұрындары ауылымызда мал шаруашылығынан гөрі балық шаруашылығы қарқынды дамыған құтты мекен болған еді. Алайда соңғы жылдарда көлдердің күйі кетіп, балық аулау кәсібінен береке қаша бастаған соң төрт түлігін түлетуге ниетті халықтың қарасы қалыңдады. Ең қиыны, балық шаруашылығы қарқынды дамыған өңір ретінде бұған дейін мал суаратын құдықтарға сұраныс болған емес. Ал қазіргі жағдайда бір ұңғымаға зар болып отырмыз. Жергілікті әкімдікке осы мәселені талай мәрте жеткізгенбіз. Бірақ қаржы тапшылығын желеу етіп, халықтың талабы ескерусіз қалып келеді. Соған орай ауылымыздан екі жерден ұңғыма қазып берсе, төрт түлігін түлетіп отырған халықтың күнкөрісіне қолайлы жағдай жасалар еді. Бұған дейін Аралды құтқару қорының сексеуіл егу жобасына сәйкес ауылымыздан скаважина қазылған болатын. Бұл бастама халықтың көптен күткен үмітін оятқан еді. Бірақ бүгінде скаважинаның сыртын қоршап, ауыл халқының пайдалануына тыйым салып қойды. Сондықтан малымызды суаруға жеке ұңғыма қазып берсе деген тілегіміз бар», – деп мұңын шақты ауыл тұрғыны Ғарифулла Еңсегенов.
Арал өңірінің экологиялық мәселесі мұнымен шектелмей тұр. Бірнеше жылдан бері аудан орталығындағы аурухананың кәріз суы төгіліп жатқан аумақ көптің талқысынан түсер емес. Онсыз да экологиялық аймақтың зардабын тартып жүрген тұрғылықты халық «енді ауаны кәріз суымен қолдан ластауға көшті» деп жергілікті билікке ашынып отыр.
Халықтың пікіріне сәйкес, жайылымнан қайтқан төрт түлігі қала шетіне төгіліп жатқан аурухананың кәріз суын ішіп жүр. Себебі сарқынды су төгілген аумақ қоршалмай, ашық-шашық күйде жатыр. Бұл жайында жергілікті әкімдікке сан мәрте шағымданғанымен, әзірге оң нәтиже болмай тұрғанына наразы.
Тұрғындар тілге тиек етіп отырған кәріз суын төгетін орын Арал қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан. Бұл аумақ сарқынды су төгетін орын болып белгіленгеніне біраз болғанымен, тұрғындар ешқандай талапқа сай келмейтінін айтып отыр. Әсіресе, төрт түліктің кіруіне ешқандай кедергі қойылмауы салдарынан өрістен қайтқан мал нәжіс төгілген аумақты жиі айналшақтап жүреді. Ал қарқынды суды ішкен малдың сүті мен етін тұтынып отырған халық өз денсаулығына алаңдаулы. Ол аз десеңіз, кәріз суына жақын тұратын жамағат күлімсі иістен тұншығып жүргенін алға тартады. Әсіресе, жаз айларында жағдайлары тіпті қиындап кететінін ашына жеткізді. Мәселені Арал ауданы әкімдігінен сұрап көрген едік.
«Аталған мәселеге орай бүгінде Арал қаласы бойынша кәріздің сыртқы желісінің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржысы бөлінді. 2024 жылы басталған құбыр тарту және көру құдықтарын монтаждау жұмыстары толық көлемде орындалды. Бүгінде құрылыс толық аяқталып, нысан биылғы жылдың 25 қыркүйегінде мемлекеттік қабылдаудан өтті. Негізінен, құбыр арқылы жіберілетін сарқынды сулар Арал қаласының батыс бөлігіне бағытталады. Бұрыннан мәселе болып келген Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының сарқынды сулары да енді сүзгілеу алаңы арқылы қала сыртындағы арнайы төгінді аймаққа бұрылады. Қазір аталған төгінді аймақты қоршау жұмыстары басталып, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда», – деп мәлімдеді бұл жайында Арал аудандық әкімдігінен.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы