Сайлауалды міндеттер өз нәтижесін беруде

Қастерлі мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар қоғам игілігіне пайдалануға берілді.

Азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауыл-аймақтарды дамытуға бағытталған бұл жобалар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына еніп, партия бекіткен жобалардың нақты іске айналып отырғанын көрсетеді.

Ұлт тарихындағы айтулы күнге орай Жетісай ауданында 2 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбу­латорияның құрылыстары аяқталып, іске қосылды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа ны­сандарының ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, Жетісай аудандық ауруха­насының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, тұрғындарды мерейлі сәттерімен құттықтады. 

Фельдшерлік-акушерлік пункттер Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерді. Қос нысан екі мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады. Айта кету керек, осы ауылдарда бұрын қызмет атқарған медицина ұйымдары өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ғимараттарда орналасқан еді. Жаңа нысандар толық сапа стандарттарына сәйкес салынды, аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілді. 

Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбулаториясында 10 қызметкер жұмыс жүргізетін болады. Бұл нысан да екі мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, азаматтардың денсаулық жағдайын жақсартуға үлесін қоспақ. Жаңа буын медицина мекемелерінде жалпы тәжірибелі дәрігерлер, стоматологтар, акушер-гинекологтар, баланы дамыту мамандары, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Мұнда екпе егу, науқастарға арналған сүзгі, әмбебап патронаж, ем-шара жүргізу, стерильдеу, медициналық қал­дықтарды залалсыздандыру бөлмелері қарастырылған. 

Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында осы ауданның Жаңа ауыл елді мекені табиғи газ жүйелеріне қосылды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, ауылдағы 2 460 тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады. Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі орталықтандырылған газ жүйелеріне қосылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр. 

Аудан елді мекендерін газдандыру жұ­мысы «AMANAT» партиясы өкіл­дерінің, соның ішінде жергілікті мәсли­хаттағы пар­тиялық фракция мүшелерінің жіті ба­қылауына алынған. Бұл бағытта атқарылған қарқынды жұмыстың нәтижесінде, Жетісай ауданында былтыр 4 елді мекен көгілдір отын жүйелеріне қосылса, биылдың өзінде 13 елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекен табиғи газ тұтынатын болады. Қазір бұл бағытта 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталған.

Партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберінде Отырар ауданының Ақкөл елді мекені таза ауызсуға қол жеткізді. Құрылысы аяқталған жобаны қоғам игілігі­не беру рәсіміне арналған жиынға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, аудан­­дық мәслихаттың және «AMANAT» пар­тиясы Отырар аудандық филиалы­ның төрағасы Уәлихан Ұзақов, ауыл ақсақал­дары және тұрғындар қатысты.

Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға қызмет ететін жобаның құрылыс жұмысын Exclusive Project company ЖШС жүргізді. Мердігер ұйым жобаға сәйкес 11,5 шақырымнан астам су құ­бырларын орнатып, тереңдігі 1 250 метрді құрайтын екі су ұңғымасын қазды, су сорғы стан­сасының құрылысын жүргізді. Атқа­рылған жұмыстың игілігін ауылдағы 65 отбасының мүшелері көріп отыр. Аудан басшылығы ауылға сапалы ауызсудың келуін тек әлеуметтік мәселе деп қарас­тырмайды, бұл бастаманы тұтас аймақтың инвес­тициялық тартымдылығын арттыруға, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін маңызды фактор деп біледі.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы үшін сайлауалды бағдарламаның орындалуы – халықтың өмір сапасын нақты жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс. Алдағы кезеңде де партияның өңірлік филалы облыстың даму әлеуетін толық пайдалана отырып, әрбір бастаманың нәтижелі жүзеге асуын үйлестіруді жалғастыра бермек.

Елнар ЕЛТАЙ