«Бөрте»: әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды

Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Мұндағы мақсат – өңірдегі қыз-келіншектердің бас­тамаларына жан-жақты қолдау көрсету, әлеуетін ашу және дағдыларын дамыту.

Қоғамдық-саяси алаңның ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қатысты. Жиын модераторы – «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева. 

Іс-шара аясында ұйымдастырылған дәрістерде 200-ге жуық адам бас қосты. Олар­дың арасында аудан, қалалардағы пар­тия филиалдары Әйелдер қанатының же­текшілері, белсенді құрамы, білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт сала­ла­рын­да еңбек ететін қыз-келіншектер, де­пу­­­тат­тар, облыстық Әйелдер қанатының 10 ба­ғыт бойынша бекітілген жетекшілері бар.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев осы саяси көшбасшылық мектебінің ашылуы қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Түркістан облысында тұрғындардың 49%-ы – әйелдер. Биыл 10 айда өңірімізде 38 мың бала дүниеге келді. Бүгінде облыс аумағында 185 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 18 мыңнан астамы «Алтын алқа», ал 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері. Түркістан облысында шамамен 212 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 89 мыңға жуығын немесе 42 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Өңіріміздегі 5 611 мемлекеттік қызметшінің 1 572-сі – қыз-келіншектер. Олардың 233-і басшылық лауазымдарды атқарады. Осы орайда, жаңадан ашылған «Бөрте» саяси мектебінің қабырғасында білім алған әйел көшбасшылар елдік мүддені алға қойып, қоғам дамуына нақты үлес қосады деген ойдамын. Осы мектепте дәріс алған қыз-келіншектер болашақта мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда елге үлгі көрсетеді деген сенімдеміз», – деді ол.

Осы орайда, «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова саясаттағы қыз-келін­шектердің мүмкіндіктері туралы ой бөлісті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғау мәсе­лесіне ерекше назар аударып келеді. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бүгінде Қазақстан халқының 51%-ы – әйелдер. Қыз-келіншектер мемлекет пен ұрпақ тағдырына әркез жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан олардың идеялары мен өмірлік тәжірибесі әркез назарға алынуға тиіс. Қазір әйелдер жыныстық зорлық-зомбы­лықты жою, халықтың тұр­мысын жақсарту, лайықты зейнетақы­мен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласын дамыту, бала күтімі бойынша демалыс және тағы басқа мәселелерді кө­теріп келеді. Бұл – қоғам үшін аса ма­ңызды мәселелер. Аталған тақырыптар саяси күн тәртібіне енгізіліп, өзге де басым ба­ғыттармен тең дәрежеде талқылануы қажет», – деді партия Хатшысы.

Сондай-ақ ол гендерлік саясатты же­тілдіру бойынша Экономикалық ынтымақ­тастық пен даму ұйымының не­гізгі ұсы­ныстарын, әлемдегі талдау ор­та­лықтарының ұлттық гендерлік саясат­ты бағалауларын, БҰҰ-ның Қазақстан­дағы Даму бағдарла­масы мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының кешенді әлеуметтік зерт­теуін, оқу құрал­дарындағы гендерлік құрылымдарды зерттеу нәтижелерін таныстырды. Бұған қоса, кәсіби салада әйелдер тап болатын кедергілер, гендерлік алшақтықтың жа­һандық индексі, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің үлесі, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының миссиясы мен мақ­саттары, 10 басымдық аясындағы негізгі бастамалар, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға арналған TOMIRIS партиялық жобасының міндеттері, «Әйел аманаты» жобасының бастамалары назарға алынды. 

Бұл ретте, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі қыз-келіншектердің әлеуетін ашуға, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталғанын жеткізді.

«Елімізде әйелдер қауымы түрлі салада биік белестерді бағындырып келеді. Ал көшбасшы әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге тың идеяның, әділдік пен парасаттың символы. Бұл мектеп осы құндылықтарды қолдап, жаңа буынның танымын кеңейтіп, батыл әрі білімді көшбасшы тәрбиелеуге арналған. Осы мектепте берілген білім қоғамға өз пайдасын тигізеді деген сенімдемін», – деді Алтынсары Үмбетәлиев.

Елнар ЕЛТАЙ