Десе де, жас ана бұл қуанышты толығымен сезіне қоймайды. Оның ой-санасы түсінгенімен, ағзасы, жаратылысы өз сойылын соғады. Яғни, әйел босанғаннан кейін бойын депрессия басады. Бұл жағдай – босанған әйелге тән дүние. Бірақ «осыны қазақ қоғамы қабылдай ма, ондай түсінікке орын бар ма?» деген сұраққа жауап іздемек болдық.
Жалпы, ғылымда босанғаннан кейінгі әйелдің депрессияға түсуі бар деп есептегенімен, Денсаулық сақтау министрлігі елімізде «босанғаннан кейінгі депрессия» деген ресми диагноз жоғын мәлімдеп отыр. Олардың хабарлауынша, босанған әйелдердің жалпы психоэмоционалды жағдайы ғана бағаланады. Дегенмен ЮНИСЕФ-тің дерегі бойынша, былтырдың өзінде Қазақстанда аналардың 60 пайызы босанғаннан кейін депрессияға ұшыраған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Бұл мәліметті Еуропа мен Орталық Азиядағы ЮНИСЕФ Денсаулық сақтау маманы Фахриддин Низамов растады.
– Өкінішке қарай, Қазақстанда босанғаннан кейінгі депрессияға шалдыққандардың есебін көрсететін ресми статистика жоқ. Алайда соңғы нәтижелерге қарасақ, елеулі алаңдаушылық туғызады. Мысалы, 2022 жылы Семей қаласында жүргізілген зерттеуде аналардың 59,4%-ы босанғаннан кейінгі бірінші жылында депрессияға ұшырағаны анықталды. Біріншіден, үй-жайының жақсы болмауынан отбасылық кикілжіңге ұласқан. Екіншіден, әйелдің босанғаннан кейінгі психологиялық тұрғыда қолдаудың болмауынан туындаған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өздерінің жүргізген зерттеуінде Қазақстанда әйелдердің 19-25 пайызы босанғаннан кейінгі депрессиядан зардап шегуі мүмкіндігін болжаған. Осының өзі бізді ойландырып қана қоймай, іске көшу керегін көрсетеді, – деді ол.
Босанғаннан кейінгі депрессия – босанғаннан кейін пайда болатын ұзақмерзімді эмоционалды, когнитивті және физикалық өзгерістермен сипатталатын жағдай. Жас ананың шаршап-шалдығуы, күш-қуаты таусылады, ұйқысы бұзылады, тәбеті өзгереді, көңілін мұң басып, өзін кінәлі сезініп, өзіне-өзі көңілі толмайды, ана ретінде өзінің қабілетсіздігін ойлайды. Кейде оның соңы өзіне ғана емес, нәрестеге де зиян келтіруге түрткі салады.
Аналардың босанғаннан кейінгі жағдайына маманданған психиатр-дәрігер Арай Әлғожиннің айтуынша, Қазақстанда көбіне дәрігерлердің көңілі босанғаннан кейін анаға емес, балаға ауып кетеді. Сол себепті нақты көрсеткіш жоғын айтты.
– Әйелдің екіқабат кезінен босанғанға дейінгі кезеңді бақылауда ұстайтын бағдарламалардың берері көп. Қазақстанда және Орталық Азия аймағында әлеуметтік-экономикалық тұрмысы төмен әйелдердің босанғаннан кейінгі кезеңде жиі кездесетін депрессиямен күресуге атсалысып, әйелдерге қолжетімді және сапалы психологиялық көмек көрсету арқылы олардың сауығуына қолдау көрсететін «Ұмай Нұры» қорын да айтуға болады. Тіпті, босанғанға дейінгі де, босанғаннан кейінгі де жас аналардың суицид жасауының алдын алады. Не болмаса нәрестені өлімнен сақтап қалады. Көрсеткіш бойынша мұндай жағдай мың әйелдің ішінде біреу, ал сәбиін өлімге қиған ана қаншама?! – деді ол.
Дәрігер мұндай жағдайда анаға шұғыл медициналық көмектің қажет екенін дабыл қағып айтуда. Оның бұл сөзін акушер-гинеколог қуаттап, босанған әрбір әйелге физиологиялық тұрғыда көмек қана емес, психологиялық тұрғыда қолдау қажетігін сөз етті. Гормондық өзгерістен бұрын жатырдың қалыпқа келуі, яғни босанғаннан кейін жатыр бірнеше аптада қалыпты жағдайына қайта оралуы керек. Әдетте, бұл процесс 6-8 аптаға дейін созылады.
– Мұндай жағдай көбіне жас аналар арасында жиі кездеседі. Босанғаннан кейін 3 тәулік өткен соң ананың 70 пайызында гормоналды өзгерістің салдарынан психикасына әсер ете бастайды. Жалғыздық сезімін жеңуге және эмоционалды жағдайды жақсартуға көмектесетін серіктес, достар немесе отбасы мүшелерінен қолдау табу – маңызды. Дұрыс қолдау мен терапияның көмегімен көптеген әйелдер бұл жағдайды сәтті шешіп, толыққанды өмірге оралады, – дейді акушер-гинеколог Владимир Калашников.
Соған қарамастан, әлі күнге дейін елімізде әйел босанғаннан кейін психологиялық қолдау көрсетілмейді. Сондықтан оны патронаждық қызметке енгізуі керегін ДДҰ Қазақстандағы психикалық денсаулық мәселелері жөніндегі консультанты Николай Негай көтеріп келеді.
– Әйелдер көбіне баласын қарай алмайтын, күтім көрсете алмайтын әлсіз, әлжуаз ана болып көрінуден қорқады. Осындай ішкі арпалыста жүрген ананың психикалық күйіне өздерін жауапты деп санамайды. Салдарынан, бұл жағдайды ана да, маман да қозғамайды. Егер босанғаннан кейін ананың тез оңалуын, денсаулығының жақсаруын, бала мен ана өлімін азайтуды қаласақ, осыны Денсаулық басқармасы арқылы қолға алу қажет, – дейді Николай Негай.
Бұл мәселе бұған дейін де қозғалмады емес, қозғалды. Бірақ әлі күнге дейін өзгерген ештеңе жоқ. Дегенмен қазақ халқы атам заманнан жас келіндерге ерекше құрмет көрсеткен. Бұл әрекетті салт-дәстүрімізден-ақ байқауға болады. Бала қырқынан шыққанға дейін сәбиді ғана емес, жас ананы күтіп бастаған. Бұл туралы белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова өз сөзінде айтты.
Оның сөзінше, қазіргі қоғамда келіндерді босанғаннан кейін ауыр жұмысқа салуы – бұрмаланған дәстүр.
– Нәресте жарық дүниеге келген соң келінді бірден үй жинау, ауланы сыпыру немесе сиыр саууға жіберу – бұрмаланған дәстүр. Керісінше, қазақтар жас босанған ананы ерекше күтіп, оған қамқорлық танытқан. Ол 40 күн бойы киіз үйден шықпай, тынығуға мүмкіндік алған, – дейді ғалым.
Сол себепті о заманда келіндерін күтіп, баққан қазақ. Бүгінде қараусыз, қолдаусыз, қамқорлық көрсетпеуі қалай...
Айзат СЕРІКБЕК,
Pisa University