Мұхтар Алтынбаев, Халық қаһарманы, армия генералы: Қарулы Күштер – тәуелсіздік тірегі

Армия генералы... Қазақтың арғы-бергі тарихында «армия генералы» дейтін жоғарғы әскери шенге ие болған екі-ақ азамат бар. Екеуі де «Халық қаһарманы» атағын алған тұлғалар.

Алғашқысы  тәуелсіз Қазақстанның  тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов болса, екіншісі  – Мұхтар Алтынбаев. Қазақстан Қарулы Күштерін жасақтауға бастан-аяқ қатысқан,  қазақ армиясының  келбетін қалыптастыруға үлес қосқан  алғашқы офицерлердің қатарында болған қайраткер. Мұхтар Қапашұлы КСРО  Қарулы Күштеріндегі қызметі барысында генерал  шенін  алып үлгерген санаулы  отандасымыздың бірі еді.  Жастайынан ұшқыш болуды армандап,  мақсатына жету үшін алған бетінен қайтпаған азамат. Полк, дивизия, корпус командирі, әскери әуе күштерінің, әуе қорғанысы күштерінің  қолбасшысы болды, екі мәрте салалық министрлікті басқарды. КСРО-да жасалған  әскери ұшақтардың көбін тізгіндеді,  АҚШ-тың  атышулы  F-16-сымен де ұшып көрді. Қазақ офицерлерінің білікті екенін дәлелдеді. Біз  сексеннің сеңгіріне шыққан генералмен сұхбаттасып, көкейде  жүрген бірқатар сауалымызды қойдық.

– Мұхтар Қапашұлы,  Қазақстан Қарулы Күш­терін құрған азаматтардың қатарында болдыңыз. Әңгімені армиямыздың қалай жа­сақ­талғанынан және 1992 жылы сіздің қайда  болғаныңыздан бастасақ...

– Біз әңгімені менің Қазақстанға келген кезім­нен емес, одан сәл ертеректен бастайық. Біріншіден, Қазақстан тәуілсіздік алған кезде мен Түрікмен­станда дивизия командирі болып жүрдім. Әлбетте, еңбек демалысы кезінде елге бірнеше мәрте кел­ге­нім бар. Еліміздің Қарулы Күштері құрылардан бұрын бір келгенімде Орталық комитетте істейтін Қайырбек Сүлейменов  деген азаматпен жолықтым. Оған өзім жайлы баяндап бердім. «Осындай жерде жұмыс істеймін, генералмын, дивизия командирі­мін, академия бітіргенмін. Қазақстанға  қайтпақ ниетім бар» деген мазмұндағы ойымды айттым. Бірақ ол кісі Қазақстанда маған лайық қызмет жоқ екенін айтып, шығарып салды. Сөйтіп, мен кері қайтуға мәжбүр болдым.  Көп кешікпей Мәскеуде офицерлер кеңесі болды. 1992 жылдың қаңтарында Кремльдегі съездер сарайында өтті. Мені де шақыр­ды. Жан-жақтан  жүздеген генерал келді. Жиналысқа 4 мың 800-ден астам адам қатысты. Ол кезде КСРО  тараған, орнына ТМД құрылған.  ТМД Қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып авиация марша­лы Евгений Шапошников тағайындалған-ды. Ол кезде КСРО  ыдырағанмен, барлық қару-жарақ, соның ішінде ядролық қарулар да армияның қолында еді. Шетелдер, соның ішінде АҚШ, Еуро­па барлық күштің армия қолында қалғанынан сес­кеніп отырған кез. Офицерлер нақты кімге бағына­тынын білмейді. «Біз кімге бағынамыз?» деген сауал бар, жауап жоқ. Басқосуға Ресей президенті Б.Ельцин мен Қазақстан президенті Н.Назарбаев келді. 

Сол жиналыста мен алғаш рет Сағадат Қожах­метұлын көрдім. Қасына барып, өзімді таныстыр­дым. Таңғалды. «Енді не істейін?» деп едім,  жауап бере алмады. Өйткені армия әлі құрылмаған кез еді ол. Қазақстанға қайтқанмен, қызмет жоқ. Сол себепті  Түрікменстанға қайта кетіп қалдым. Сөйтіп жүргенде Мәскеудегі таныстардың бірі қоңырау шалды. Ол жақта да біраз дос-жаран, тамыр-таныс бар ғой.  Солар «сені Қазақстанға жібергелі жатыр, дайындала бер, Алматыға тағайындады» деді. Мен «қалжыңдамаңдаршы» дедім. Дегенмен  тиісті  жерлерге хабарласып  сұрасам, рас екен.  Содан  құжаттарды, дивизияны  тапсыра бастадым. Сөйтіп, 1992 жылы наурыз айының соңына қарай Қазақ­станға келдім. Мені Түрікменстан тағы жібергісі келмеді. Ол кезде Түрікменстан президенті Сапар­мұрат Ниязов еді. Түрікменстан басшысы   мен қызмет еткен Марыға келіп жүретін. Сол себепті оған телефон соғып, дивизиядан кететінімді, сон­дай бұйрық бар екенін айттым. «Тағайындалардың алдында менімен неге ақылдаспадыңыз,  менің сіз туралы жоспарым басқа еді ғой» деп базынасын білдірді. Мен үндеген жоқпын. Сәл үнсіздіктен соң: «Елім ғой,  қазақта «Есің барда еліңді тап» деген мақал бар» дедім. «Алаңдамаңыз, маған келіңіз» деп резиденциясына шақырды. Бірақ «Елге жібермей қояр ма екен?!» деген күдігім болса да, ертеңінде Сапармұрат Ниязовтың резиденциясына бардым. Өте жақсы қарсы алды. Рақметін айтып,  көлік сыйлады. Сөйтіп, Қазақстанға қайтып келдім. 1992 жылдың 1 сәуірінен бастап корпус командирі қызметіне кірістім.

Бірақ сонда да Е.Шапошниковтың қоластында болдық. Ол әлі ТМД Қарулы күштерінің  бас қол­бас­шысы еді. Апта сайын есеп береміз. Түркістан әскери округінің  қолбасшысы Ташкентте. Оған  да жағдайды үнемі баяндап отырамын. Округ қолбас­шысымен арамыз тым жақын емес еді. Мен корпус  командирімін. Іштей «Неге бұларға есеп беруім керек?» деп ойладым да, бір апта есеп бермей қой­дым. Ташкенттегілер Мәскеуге хабарлапты. Содан соң Мәскеуден комиссия келді. Оларды әуежайда өзім күтіп алдым.  У да шу. «Қазақстандағы корпус командирі неге жағдайды баяндап отырмайды?», – дейді. Алматыда кәсіппен айналысатын таныс­тар­дың біріне өтініш айтып,  мейрамханада дастарқан әзірлетіп қойдым. Содан соң Мәскеуден келген  комиссия мүшелерін сонда апарып, дастарқан  басында «Сендер қайда отырсыңдар? Бұл елдің президенті кім?» деп сұрадым, олар жауап берді. Сол сәтте: «Ендеше  неге мен Мәскеуге есеп беруім керек? Біз – тәуелсіз елміз», – дедім. Сөйтіп,  комиссияға келген офицерлер  келісті. 

Оларды шығарып салған соң Сағадат Нұрма­ғамбетов ағамызға барып, жөнімді айтып, жағдайды баяндауға рұқсат сұрадым. Сағадат Қожахметұлы: «Баяндаудың қажеті жоқ. Сенде бәрі дұрыс. Мұнда сенсіз де жұмыс толып жатыр», – деді.  Ол кезде  мен ТМД Қарулы күштері әуе қорғанысы корпусы­ның командирі едім. Корпусқа Қырғызстандағы, Ресейдің Орынбор облысындағы Домбаровский әуежайындағы бөлімшелер қарайтын. Кейін 1992 жылдың 8 мамырында мені Мемлекет басшысы  резиденциясына шақырды. Барсам  онда әскерилер толып отыр екен. Ішкі істер, қауіпсіздік қызметі ген­ер­алдары да бар екен. Сағадат Қожахметұлына  барып «Сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрмын» десем, ол кісі «Менің бұйрығым емес, отыр», – деді. Қырық минуттай отырдық. Бізді неге шақырғанын ешкім білмейді. Содан соң  Президент шығып Ресей өз Қарулы Күштерін құрғанын, Кеңес Одағы Қару­лы Күштері таратылғанын айтып, біздің де ар­мия жасақтауымыз қажет екенін атап өтті. Сөй­тіп, трибунада тұрып, біздің көзімізше Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғаны жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бәріміз  бірге фотоға түстік. 

Қазір біз 7 мамырда Қарулы Күштердің құрыл­ғанын атап жүрміз ғой. Іс жүзінде қол 8 мамырда қойылған еді. 

– Неге Жарлықта 7 мамыр деп жазылған?

– Оның жөнін айтайын. Сол кезде 7 мамырдың неге таңдалғанын Президенттің өзі айтқан. Егер 8 ма­мыр күйі қалса, ол 9 мамырдың тасасында қала­тынын айтқан еді. Сол себепті «екі мейрамның ара­сына бір күн салайық»  деген идея болғанын атап өт­кен. Қарулы Күштердің құрылған  күні сол се­бепті 7 мамыр  деп белгіленді. Оның үстіне, 7 санын қазақ қас­терлейтіні тағы бар. Сол күні екінші Жарлықпен Сағадат Қожахметұлы  Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол кісі  генерал-лейтенант еді, генерал-полковник  атағы берілді. 

– КСРО-ның әскери мүлкін бөлісу қалай болып еді? 

– Ол бір күрделі, қиын кездер еді. Қорғаныс  министрлігі құрылғанымен, КСРО-ның әскери мүлкі бөлісілмеген болатын. Қазақстан мен Ресей арасын­дағы келісімге сәйкес  елімізде  қалатын қару-жарақ пен әскери бөлімдер нақтыланды. Қарулы Күштер­ құрылмастан бұрын олар біздің жерден көп дүниені алып кетті. Заңды да, заңға томпақ   жолдармен де талай техниканы алды. Біздің елдегі жанар-жағармай,  әскерге арналған азық-түлікті басқа қоймаларға та­сымалдауға заңсыз бұйрық берген кездер болған. Кейін Қарулы Күштер жасақталған соң нақты  талап қоя бастадық. 1993-1995 жылдары Қазақстан жерінен стратегиялық бомбалаушы ұшақтар да әкетілген еді. 

«Заңсыз әкеткен техниканың өтемақысын берің­дер» деп сөз бастадық. Олар бет  қаратпады. Бір жыл өтті, екі жыл өтті. Біз қайтпадық. Ақыры олар техни­каның бағасын айтуды сұрады. Бірақ біз құнын біл­мейтін едік. Өйткені өндірген зауыттар Ресейде. Олар бағасын айтпайды. Қаншама министрмен сөйлесіп, түрлі амал жасадық. Ол кезде Сағадат Қожахметұлы  кетіп, орнына Әлібек Қасымов  министр болып тағайындалған еді. Ол да бұл мәселеге білек сыбана кірісті. Ақыры ресейліктер «бағасын қайтесіңдер, орнына техника берейік» деген уәж айтты. Ол кезде мен Әскери әуе күштерінің қолбасшысы едім. Мені 1993 жылы Әуе қорғанысы күштері корпусынан Әс­кери әуе күштеріне ауыстырған еді. Ол кезде Ресей Әскери әуе күштерінің  бас қолбасшысы генерал Петр Дейнекин еді. Бізге РФ қорғаныс министрі Павел Грачевпен бірге ресми сапармен келді. Оларды  қарсы алып, жақсылап дастарқан  жайдық. Сол кезде оған: «Петр Степанович  компенсацияны қашан бересіз­дер?» дедім. Аздап қызып алған Дейнекин «Өзің  ұш­ақ­ты   ұшырсаң, сонда беремін» деді. «Сөзіңде тұрасың ба?» дедім. «Тұрамын» деді. Ол азамат екен, уәдесінде тұрды. Біз 1996 жылдың  қаңтарында  уәде­лестік. Ал наурызда Ресей Әскери әуе күштері қол­басшысына  бардым. Сөзінен ұстадым. Липецк қала­сындағы ұш­қыштарды қайта  даярлау орталығында  жаңа  ұшақпен  ұшуды алты  күнде үйрендім. Су-27  еді. Олар­ды Қиыр  Шығыстағы Чугуевкадан алып келді. Біз алдымен 2 ұшақ алып кеттік. Іле-шала айқай-шу басталыпты. Жарлық жоқ, қаулы жоқ, қысқасы ешқандай ресми құжат жоқ, ауызша келісім ғана бар. Кәдімгі ұшақты заң­сыз айдап кеткенмен бірдей еді. Содан ресейлік тиісті органдар  мәселе көтерсе керек, жігіттер, соның ішінде Дейнекин де бар телефон соқты. «Іс қозғалып жатыр,  бірдеңе істе, көмектес» дейді.  Мен Мемлекет басшысына бардым. Президент маусымда Ресейге сапармен барады екен, «жарайды» деді. Делегация құрамында мен де болдым.  Мәскеуде  Ельцинге  ай­тып,  мәселені шешті. Сөйтіп, біз жалпы саны 86  ұшақ алып келгенбіз. С-300 кешенін де, Ту-134 ұшағын да ал­дық. Мамандарды тегін оқытуға келістік.

– Олардың құны  қанша еді?

– С-300  кешені 500 млн доллар тұрады. Әскери ұшақтардың әрқайсысын кем дегенде 20  млн доллар деп бағаласақ, оларды 86-ға көбейтіңіз. Қомақты сома шығады. Сол ұшақтардың бірқатары әлі  ұшып жүр. Қателеспесем, Су-25, Су-27. Ла-39  әлі қолданылады. МиГ-29  азайды. Осындай да күндер болған.

– Қарулы Күштерді жасақтау үшін маман керек болады әдетте.  Сол жылдары үзеңгілес болған азамат­тар кімдер еді?

 – Иә, ол кезде кадрлар тапшы еді. Әскери салада қазақтар,  арнайы мамандар, ұшқыштар өте аз. Біздің қарулы күштерді жасақтаудың алғашқы кезеңдерінде Федор Щербаков, Владимир Шацков, Анатолий Рябцев, Александр Сорокин, Николай Поспелов қа­тарлы  азаматтар  көп еңбек сіңірді. Талай офицер кетіп қалғанда осындай азаматтар қалып, біздің армияны жасақтауға көмектесті. Еңбектерін ұмытпау керек. Анатолий Рябцев, мысалы 40 армия  командирі еді. Елде қалды, кетпеді. Министрдің орынбасары бол­ды. Орыс, беларусь, украин  ұлтының талай аза­маты  корпус, дивизия, бөлім командирлері болып жұ­мыс істеді.  Тоқтар Әубәкіров те Қарулы күштерді жасақтау ісіне атсалысты. Министрдің орынбасары болды. Генерал шенін алды. Мысалы, Петр Яловенко деген азамат болды. Мен Әскери әуе күштерінің қол­басшысы болып жүргенде ресейліктер Сарышағаннан техниканы алып кетуді жоспарлады. Сол әрекеттің алдын алуды тапсырдым. Ол С-300 кешендерін Сары­шағаннан Алматыға дейін алып келді. Оларды түрлі көпірден,  жолдан өткізу қиын. Ауыр, ірі техника. Соны жеткізуді ұйымдастырғаны бар. Қысқасы, сол кез­дері түрлі полигондағы техникалардың шығар­ылуына жол бермедік. 

– Қарулы Күштерді жасақтау кәдімгі күрес болыпты ғой...

– Иә, солай болды. Сағадат Қожахметұлының кез­інде бәрібір Мәскеу өз ықпалын азайтқысы кел­меді. Армия жасақтау  кезеңі ғой. Әлібек Қасымовтан соң 1996 жылдың 26 қазанында мені министр етіп тағайындады.  Сол кезде бірден Мәскеудегілерге айт­тық. «Енді ресми сапармен шақырмайынша сіздерге бармаймын» дедім. Оны мен қазан айында айттым, 1997 жылдың  наурызында ресми сапар болды. Өз ұша­ғыммен бардым. Сол кезде Ресей қорғаныс министрі Игорь Родионов еді. Өте жақсы кездесу өтті.

Жалпы, ол кезде біз көптеген елдің қорғаныс вед­омстволарының басшыларымен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Қытайдың қорғаныс министрлері Чи Хаотянь,  Цао Ганчуаньмен дос болып кеттік. Франция  қорғаныс министрі Мишель Аллио-Мари­мен, АҚШ қорғаныс министрлері Уильям Перри. Уильям Коэн, Дональд Рамсфельдтермен тәуір қа­рым-қатынас орнат­тық. Рамсфельд Астанаға келгенде  шапан кигіз­геніміз де бар. Ресми сапарлармен АҚШ, Франция, Ұлыбри­тания, Чехия, Польша, Болгария сияқты елдерге бар­дық. НАТО-мен байланыс орна­тылды. 

Жекелеп айтар болсақ, АҚШ-қа  екі рет ресми, бір рет Президентпен бірге сапар жасадым. Қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Перри, Коэн, Рамс­фельдтермен тәуір байланыс орнаттық. Әлібек Қасымов  министр болып тұрғанда, АҚШ-қа  Әскери әуе күштерінің қолбасшысы ретінде бардым.   Сол кез  ғой F-16 ұшағын    тізгіндеген  сәтіміз.

– Осы оқиғаны  тарқата әңгімелеңізші. Қазір кәсіби ұшқыштардың өзіне F-16  ұшағын меңгеруге жарты жыл кететіні айтылады. 

– Бұл 1996 жылдың наурыз айы еді. Министр Әлібек Қасымовпен бірге АҚШ-қа барғанда,  амери­ка­лықтардан «Сендердің ұшақтарыңмен ұшуға бола ма?» деп сұрап, өтініш айтқанмын. Әріптестер жоғары жақтан рұқсат алды. Аризона штатында болған оқиға еді. Мені тексерді. Жөн сұрады. МиГ-25, 29, Су-27   сияқты ұшақтармен ұшқанымды айттым. Олар «А, ондай  болса,  проблема жоқ» деп келісті. Шамасы, мені қарапайым ұшақтармен ұшқан ұшқыш деп ойлаған болуы мүмкін. Ал мен айтқан ұшақтар  бір­шама тәуір техника. Америкалықтар оларды жақсы біледі. Содан Аризонаға барғанда,  F-16   ұшқыштары  киетін киім берді. 

Негізі, сапарымыздың бірінші күні-ақ америкалық ұшақпан ұшқым келетінін айтқанмын. Менің жөнімді білген соң қай ұшаққа қызығатынымды сұрады.  Мен бастапқыда F-18 дедім. «Ол болмайды, құпия ұшақ» деді. «Онда  кез келген өзге ұшақпен  ұшайын» дедім. Ертеңінде  менімен  бірге жүрген офицерлердің бірі «Сізге F-16-мен ұшуға рұқсат берді» деді.  Сөйтіп, Ари­зонаға барғанда ұшқыш жаттықтыратын трена­жерға отырғызды. Онысы енді өте тамаша құрал екен. Біздің Кеңес Одағындағы тренажерлар  қарапайым ғой. Америкалықтардыкі тура ұшақ сияқты. Кабинасы, креслосы бар. Кіресің, отырасың. Төңірегі сфера. Ас­пан кәдімгі. Ұшасың, содан соң әуе шайқа­сына кіресің. Ал қарсыласың   МиГ-29. Қызыл жұл­дызы бар. Мен айтамын: «Не істеп  жатыр­сың­дар, мынау  өзіміздің ұшақ қой. Оны атуым керек пе?» деймін әзілдеп. Сөйтіп, дайынды­ғым­ды  түгел тексерген соң F-16-мен ұша ала­тыныма көзі жетті. Ал мені таң­ғалдырған екінші дүние  ұшқыш формасы еді. Керемет дүние. Кә­дім­гі денеге үйлестіріп тіккен. Қолғабының өзі ғажап еді. Көмектесіп жүрген әскери  қыз­мет­кер қолғабымның бір сыңарындағы бірдеңе­нің дағы  қал­ған кішкентай орынды көрді де,  шешіп, қоқысқа тастай салды. «Тастама, маған берші» деп әзілдедім. Киімді менің дене бітіміме әбден ыңғайлап берді. Әуе­жайға келгенде сөмкем мен планшетімді алып ұш­ақ­қа қарай бармақшы болып едім, мені тоқтатып,  көлікпен апарды. Ұшақтың қасында фотоға түстік. Ұшақ  бортына «Генерал-лейтенант Алтынбаев М.К» деп жазып қойыпты. Олардың бір артықшылығы,  ұшу сағаты мол болады екен.  Біздің ұшқыш­тар­дың бір­жыл­дық ұшу жоспары 50-60 сағат  болса, оларда жылына 200-250 сағат ұшады екен.

Содан ұшып шықтық. Бір-ақ күн даярланған едім. Қатарласа, таудың арасымен ұшып, полигонға бар­дық. Содан қайта жиналып, қатарластық. «Ауғандық қону» деген тәсіл бар. Соны қолданып қондық. «Ау­ған­дық қону» деген тәсіл бойынша  ұшақ мейлінше тік келіп қонады. Баяғыда «Стингерлердің» зымыр­а­ны­нан қорғану үшін  шығарылған әдіс негізі. Пилотаж көрсеттім. Олардың  ұшқыштары  біршама тік келіп қонатын амал жасады. Оны да істедім. Керемет болды. Содан соң  киім шешетін жерге барсақ, онда кәдімгі сусын мен ішімдікке толы бар тұр. Олардың ұшқыш­тары ұшу жұмысынан кейін ішімдікті де,  сусындарды да іше береді екен. Менімен бірге ұшқан жігіт «Не ішеміз?» деп сұрады. Мен сасқанымнан Ice tea деппін ғой. Сөйтіп, суық шай іштім. Ал өзі сырасын алып ішті де, көлігіне отырып кетіп қалды. Осы жағдайға да таңдандым. Бізде киім шешетін жерде тек үстел мен шкаф тұратын. Содан комбинезон, шлемді шеш­кен соң «Маған естелікке беріңдер» дедім. Жоғары жақтан рұқсат сұрау керек екенін,  комплекті 18 мың доллар тұратынын айтты. Басшылықтан сұрауын өтіндім. Біраздан соң  рұқсат берілгенін айтты. Кейін сол киімді осында киіп, ұшып жүрдім. Жігіттерге  шлем­нің кейбір деталдарын біздің ұшақтарға келтіріп жасатып алдым. Қазір сол киім үйімде тұр. 

F-16 жақсы  ұшақ екен. Бірақ кабинасы тар. Мен  сүйекті адаммын ғой. Қысылып отырдым. Джойстик­пен басқарылады. Үйренгенше ыңғайсыз. Бірақ  жақсы ұшақ екен. Авионикасы, электроникасы тама­ша екен. Мені олардың әлі де ұшып жүргені таңғал­дырады. Модернизациясы жақсы-ау шамасы. 

Аризонада мен  полигонға бомба тастап, ұшақ зеңбірегінен снаряд жаудырдым. Мұны естіген АҚШ қорғаныс министрі Уильям Перри салтанатты қабыл­дау кешінде: «АҚШ тарихында алғаш рет  шетел ген­ералы  Америка жерін  бомбалады» деп әзілдеді. Мен сөз сұрап,  оған: «АҚШ жері  тек  полигондарда  бом­балануын тілеймін» дедім. АҚШ-тың тағы бір қорға­ныс  министрі Дональд Рамсфельдпен  де жақсы қа­рым-қатынас орнаттық. Вашингтонға ресми сапар­мен де бардым. Пентагонды араладым,  тіпті орталық командалық пунктін де көрсетті.  Кезекшілер тобы­ның өзін генерал басқарады екен. Бәрімен таныстық. Керегін алдық өзімізге. 

Айтпақшы,  АҚШ-тың Техас штатында Huey II  тікұшағын да ұшырдым. Вьетнамдағы соғыс туралы фильмдерде жиі көрсетілетін, көпмақсатты  тікұшақ қой. Оны да тізгіндеппіз. 

– Демек, әскери саладағы ынтымақтастықта  адами қарым-қатынас та   рөл ойнайды екен ғой. 

– Әрине. Көптеген елдің министрлерімен жақсы қарым-қатынас өз пайдасын тигізді. Қазір біздің Қарулы Күштердегі алғашқы Хаммер көліктері, қы­тай­лық ауыр жүк көліктері ынтымақтастық аясында тегін берілді. 2 дана Huey II тікұшағы да тегін берілді. Осы тікұшақтарды Жетігендегі авиабазаға әкелгенде тағы ұшып көрдім. 

Жалпы, сол кезде барлық салада жанымызды салып жұмыс істедік. Мысалы, шекара мәселесін ше­шу үлкен күш-жігерді талап еткен іс. Шын мәнінде, осы шекараны делимитациялауға қатысты ең ауыр жұмысты қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарды. Делимитациялауға қатысты келіссөздерде негізгі салмақ оған түсті. Байсалды адам ғой, сіңірген еңбегі жайлы  ол кісі айтқан емес. Ал біз білеміз. Демаркация кейін болды.

– Сіз  әу баста  әуе қорғанысы күштерінің ұшқышы едіңіз. Ал біздің елде әскери әуе күштері мен әуе қорға­нысы біріктірілді. Мұндай шешімді не үшін қабылда­дыңыздар?

– Алдымен өңірлік  қолбасшылықтар құрылғанына назар аудару керек. Сонымен бірге  флотилия жасақ­талды. Өңірлік қолбасшылықтар батыс, шығыс, оң­түс­тік және орталық болып құрылды. «Орталық»  өң­ір­лік қолбасшылық  солтүстік аймақтарды да ба­қылап отырады. Ал әскери әуе күштері мен әуе қор­ға­нысы күштерін қосуға келсек, оның да өзіндік себебі бар. Егер еліміздің әуе шекарасы бұзылса, ұшақтар да ұшып шығады,  әуе қорғанысы күштері де іске кіріседі. Мұн­дайда әуе қорғанысы күштерінің бірнеше нысан­ды бақылап отыруы керек. РЛС бәрін көреді, мұн­дайда  зениттік кешендер өз ұшақтарымызды да атып алуы мүмкін.  Әрі біздің армия  тым үлкен емес. Сон­дық­тан бұл әскерлерді әуе қорғанысы күштеріне  бірік­тірдік. Мұндай  қадамның бірқатар артықшылығы да бар. Бір жүйеде  болған әскери күштер түрлі бөлім­нің қандай міндет атқарып отырғанынан  хабардар болады. Академияда  бізге «өзара әрекеттесу» деген теорияны оқытты. Бағыт, аумақ, қашықтық бойынша  өзара әрекеттесу дегендей бірнеше түрі бар. Мысалы, әуе қорғанысы корпусын басқарған кезімде біз 45 ныс­ананы  бақылайтын едік.  Олардың ішінде өзіміз­дің ұшақтар да жүруі мүмкін. Сонда мен қайсысын  атуым  керек, міне осындай өзекті  мәселелер кездесе­тін. Сол себепті өзара әрекеттесу маңызды еді және  екі құрылымды  қостық.

– Әуе қорғанысында авиацияның рөлі зор екенін білесіз. Қазір қалай?

– Авиация өз маңызын жойған жоқ. Бірақ  дрон­дардың рөлі күшейді. Оларды да авиация қатарына қосуға болады. Тек ұшқышы жоқ. Кісі өлімі болмайды. Әрі арзан. Сондықтан көп ел  оларға көңіл бөліп жатыр.  Ұшқышсыз ұшатын аппараттар шекара бұзса, оларды байқау қиын. Композитті материалдардан жасалады, төмен ұшады, сөйтіп радарға көрінбейді. Біздің елде де шекарадан дрондардың өтіп кеткен сәттері болды. Ал бұрын шекараны  ұшақтар бұзатын. КСРО кезінде шекараның бұзылуы үлкен  дау-дамай туғызатын. Самарқандқа қызметке ауысып барарым­ның алдында ол жерде де сондай оқиға болыпты. Аза­маттың авиация ұшағы КСРО шекарасына 100 шақырымдай еніп кетіпті. Сол үшін  командалық пункт бастығы мен жедел кезекші сотталып кетті. Кор­пус командирі қызметінен алынды. 

Сондықтан дрондардан қауіптену керек. Еліміздің әуе шекарасын бұзған дрондардан сақтанған дұрыс. Олар түрлі нысанға соғылуы мүмкін. Қазір  дрондарға қатысты  бірнеше күрделі  мәселе  бар.  Алдымен оларды анықтап, қай жерде ұшып келе жатқанын табу керек. Жаңа айттым ғой, радарға ілінбейді,  композитті материалдардан жасалады деп.  Екіншіден,  оларды дер кезінде жою қажет. Қазір «оларды лазермен жоя­мыз», «жаңа қаруымыз бар» дегендей түрлі мәлімдеме жасап жататын ел көп. Жуырда Қытай J-36 ұшағының мүмкіндіктері жайлы  видео таратты. Дрондар мен  зымырандарды лазермен де, өзге қарумен жою мүмкін шығар. Бірақ оңай емес. Яғни,  ұшқышсыз ұшатын құралдарды қондырудың, құлатудың түрлі амалы бар. Стратегиялық нысандар маңында ұшыруға болмайды. Әрі заң бойынша  дрондарды есепке қою керек. Соны­мен бірге олардың түрі көбейді. Барлау, ретранслятор,  соққы жасаушы, камикадзе дрондар,  шағын FPV, оптикалық-талшықты  желімен басқары­латын дрон­дар,  теңіз дрондары, Black Hornet   тәрізді нанодрон дейсіз бе түрі көп. Олар ұрыс қимылдарына қатысады, керек-жарақты жеткізеді, тіпті адамды эва­куациялауға да жарайтындары пайда болды. Қазіргі соғыстарда  жүздеген, мыңдаған  шақырымға ұшатын дрондар пайда болды. Ал авиацияның жаңа буыны шығып жатыр.

– Сіз Қазақстан армиясында қандай ұшақ болғанын қалар едіңіз?

– Негізі, кеңес кезіндегі  ұшақтар өз дәуірінің  сапалы техникалары еді. Шартты қарсыластарымыз жоғары бағалаған ұшақтар болды. Су-27, МиГ-29, МиГ-31 сияқты. Бірақ қазір заман басқа. Сондықтан бізге ойлану керек. Қай елдің ұшағын аламыз, техни­каны қалай жаңғыртамыз дегендей мәселелер бар.

Қазір Қытай Халық Республикасының әскери әлеуеті артып келеді. Жаңа техникаларды көптеп өндіріп жатыр. Мысалы, Әзербайжан елі Қытай мен Пәкістан бірлесе өндірген JF-17 Thunder ұшақтарын алды. Өзбекстанда осы ұшақтарды  сатып алуды көздеп отырғаны жайлы ақпарат оқыдым. Ал Қытай техникалары жақсарып келеді. Электроникасы да жеті­л­ді. Сол себепті армияны қаруландыруда бұл елді  назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Әскерді  дұрыс қаруландырмаса болмайды. Қауіп-қатер жоқ емес. Терроризм қаупі әлі сейілген жоқ. Ал өз басым ұшқыш ретінде ұшақтарымыздың жаңа болғанын қалаймын. Су-30СМ  ұшақтарын алып жатырмыз. Ұшып көр­генмін,  өте жақсы  ұшақ. Дегенмен  басқа ұшақтар да қажет. Алайда  мол қаржы керек.

– Енді сіздің өз ғұмырнамаңызға оралайық. Ұшқыш болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Мен ұшқыш болуды бала кезімнен армандадым. Өзім шахтердің баласымын.  Ағам да әке жолын қуып  шахтер болды. Өзім де шахтада  жұмыс істегенмін. Әкем мен ағам екеуі тұрғанда «Ұшқыш боламын» дедім. Олар күліп жіберді. «Қайдағы ұшқыш? Не айтып тұрсың?» дегендей сыңай танытты. Бірақ мен ДОСААФ-тың аэроклубына бардым. Оған барып жүрген  таныс жігіттер бар еді. Соларға еріп бардым. Алайда «жасың жетпейді» деп қабылдамады. Бәрібір кәмелет жасына  жету керек екен. «Ендігі жылы кел» деді. Сөйтіп, келесі жылы бардым. Емтиханның барлығын беске тап­сыр­дым. Өйткені  ұшаққа қатты қызығатын едім. Оқуды жақсы бітірдім. Содан соң  мектеп бітіргенше екі жыл  Қарағандыдағы аэроклубта ұшып жүрдім. Тіпті,  мектеп бітіретін кездегі мемле­кет­тік емтиханды ұмытып кет­кенім бар. Әйтеуір, ай­қау-шу болып емтиханды  тап­сырғанмын. Одан кей­ін шахтаға кеттім.  Алты жылдай шахтада жұмыс істедім. Үйлендім. Шахтада  екі жыл жұмыс істеген соң  мерзімді әскери қызмет өтеуге алып кетті. Бір жылға. Куйбышев (қазіргі Самара) қаласының қас­ын­да Кинель-Черкасск  деген авиа-оқу орталығында бол­дық. Кіші  сержант шенін берді. Ант бердік,  жас жауынгер курсынан өттік,  содан соң МиГ-15, МиГ-17 ұшақ­тарымен ұштық. Бір жылдан соң  запастағы кіші лейтенант  шенімен елге келіп, қайтадан шахтада түстім. 

Ашығын айтсам, менің армияға барғым да келе қойған жоқ. Азаматтық авиацияға барғым келді. Азаматтық авиация  училищесіне түсу  үшін әскери комиссариатқа, өзге мекемелерге талай бардым. Олар бәрі келісіп алғандай «квота жоқ» деп қайтарады.  Сөй­тіп жүргенде КСРО әуе қорғанысы күштері за­пастағы  ұшқыштарды қайта жинады. Себебі Хру­щев­тің кезінде  әуе қорғанысы күштері зымыран пай­да­лана бастады да, ұшқыштарды  қысқартып тастаған еді. Кейін ұшқыш керек болды. Мені де шақырды. Бірақ транспорттық ұшақтың екінші ұшқышы болуға шақырды. Бармай қойдым. «Тек қана  жойғыш ұшақ­ты ұшырамын, жеке ұшамын» дедім. Арада біраз  уақыт өткенде әскери комиссариат шақырды. «Жой­ғыш ұшаққа барғың келді ғой, міне Свердловскіден «сатып алушы келді» деді. «Сатып алушы» деген  запас­тағы офицерлерді іздейтін мамандар ғой. «МиГ-17, МиГ-19 жойғыш ұшағы, ұшқыш болып барасың» деді. Келістім. Сөйтіп, алып кетті. Клин қаласында 3-4 ай оқыдық. МиГ-17-мен ұштық. Қазақстаннан 6 адам барып едік.  Жүзден астам адам ДОСААФ-тан  жиналыпты. Одан қайта Свердловск қаласына, одан Троицкіге келдік. Онда МиГ-17 мен ұшып жүрдік.  Ақыры Пермь қаласына тұрақтадым. Қазақстандық алтаудан төртеумізді таңдапты. Онда МиГ-19 ұшақ­тары орналасыпты. Жоспарда МиГ-25 бар екен. Ол кезде ол өте құпия ұшақ саналатын. Соған дай­ын­дапты. Сөйтіп, МиГ-25-пен  ұшып жүрдім. Кіші лейтенанттан  бастадым. Шенім өсіп, 8 жылда полк  командирі болдым. Әуе қорғанысы  күштерінің 4 жеке армаиясына қарасты 764 жойғыш ұшақтар полкі еді. 1979-1982 жылдар аралығында үш жыл полк командирі қызметін атқардым. Содан Қорғаныс министрлігінің бас инспекциясының тексерісінен кейін емтихансыз академияға оқуға кеттім.

Министрлік инспекциясының тексерісінің өзі сынақ  еді. 

КСРО қорғаныс  министрлігінің бас инспекторы,  екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, маршал К.Москаленко еді. Оның бұйрығымен  Орал әскери округіндегі  әуе қорғанысы күштерінің  үш полкын тексеруге Бас инспекцияның генерал-инспекторы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры  Виталий Попков бастаған топ келді. Ол әйгілі «В бой идут  одни «стари­ки» фильміндегі Алексей Титаренконың  прототипі саналады.  Бізге келгенде авиация  генерал-полковнигі болатын.  Үш полкті тексеру өте қатаң  болды. Тексеру нәтижесінде үш авиаполктің екеуінің  командирі қызметінен алынды. Бес сағатқа созылған жиналыс өт­кізді. Ол кезде мен подполковникпін. Сынақтан сәт­ті өттім. Генерал: «Соғыста болдым,  инспекцияда жұ­мыс істедім, сіз басқаратын полктай  әскери бөлім көрген жоқпын» деп мақтап қойды. Қызметімді өсіру­ді тапсырды. Бірақ мен тек әуе қорғанысы күштерінің Арвамир жоғары әскери училищесін бітіргенмін. Академияда оқымағанмын. В.Попков  академияны сырттай оқысын деді. Бірақ Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы академияны сырттай оқуға тыйым салған болатын. Сөйтіп, Тверь қаласындағы Г. Жуков атындағы әуе қорғанысы әскери академиясының тыңдаушысы болдым. 

– Академия бітірген соң Қазақстанға сұранбадыңыз ба?

– Әлбетте, сұрандым. Бірақ  жібермеді. Қазақстанға тек  демалыс кезінде келетінмін. Мен  туған жерден жырақта 22 жыл жүріппін. Еліміз тәуелсіздік алған соң ғана  келдім ғой. 

Академияны бітірген соң Самарқандқа дивизия командирінің орынбасары  қызметіне жіберді. Одан соң 1988 жылы Марыға дивизия командирі етіп тағайындады. Генерал шеніне лайық  қызмет саналады. Бірақ мен Марыда  үш жыл  полковник  шенінде  жүрдім. Менімен  бірге академияды оқыған  азаматтар басқа  өңірлерге жіберілді де,  бір-бір жарым жылда генерал шенін алып үлгерді. Ол кезде Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы. Маршал Александар Колдунов қызметінен алынып, орнына генерал Иван Третяк тағайындалған кез. 1987 жылы  неміс әуесқой ұшқышы Матиас Руст Cessna  деген ұшақпен Мәскеудегі Қызыл алаң маңына қонып, әлемді шулатқан кездер. А.Колдунов осы оқиғадан соң қызметінен кетті. Ол кезде мен Түрікменстанда  едім. Генерал шенін беретінін,  Жарлыққа М.Горбачев та, Д.Язов та қол қойғанын жоғарыдағы таныстар айтып та үлгерген. Тек қашан телефон соғылар екен деп жүрдім. Бір күні штабтың алдында тұрғанымда кезекші жүгіріп шықты. «Бас қолбасшы телефонға шақырады» деді. Кабинетке барып, тұтқаны көтерсем, Бас қолбасшы  құттықтады. «Алтынбаев жолдас, ұлтыңызға қарамастан  сізге генерал шені  берілді», – деді.  Шамасы, байқамай айтып қойса керек.  Үстімнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Мен генерал шенін осылай алғанмын.  

– Айтпақшы, Тоқтар Әубәкіров те ұшқыш қой. Ол кісі әуе қорғанысына қызмет ететін  жойғыш ұшақтарды сынақтан өткізді. Ал сіз оларды  күнделікті қызметіңізде пайдаландыңыз. Тоқтар Оңғарбайұлын сол кезде білуші ме едіңіз?

– Тоқтар Әубәкіровті көптен бері білемін. Жерлеспіз ғой. Қарағандылықтармыз. Мен аэроклубта ұшып жүргенде бір жыл кейін келді. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Мен армияда  болғанда ол басқа жақ­та жүрді. Ол Армавирге түсті, мен барып,  түскім кел­мей кетіп қалдым. Қайта ДОСААФ-қа келдім.  Тоқ­тар училищені бітірді. Оқуын тәмамдаған соң жолдамасын Қиыр Шығысқа алды. Ол кезде А.Микоян атындағы тәжіри­бе­лік конструкторлық бюросының  жетекші сынақшы-ұшқышы Александр Федотовтің көзіне түсіп қалған ба, Мәскеудегі  сынақшы-ұшқыштар мектебіне түсіріпті. Ол мектепке түсу өте қиын еді. Менің кезімде бір орынға 19 адам таласатын. Тоқаң сол мектепті бітірді. А.Федотов Тоқтарды өзі таңдап Ми­коян атындағы  бюроға алғызған. Ол көп ұшақ­тар­ды сынақтан өтізді. Әуе қорғанысы күштерінің  МиГ-29, МиГ-31  және тағы көптеген ұшақты  сына­ды. Ұшқыштар ішіндегі ең үздіктері сол сынақшылар. Біз пайдаланушымыз, ал олар  бізге дейін әбден сын­ақ­тан өткізіп, барлық жағынан тексеріп, даяр қылады. Олар жинаған дерек­терге  сәйкес бізге  инструкция  әзірленеді. Мынандай жылдамдықтан, мынадай биіктіктен асыруға болмайды дегендей. Тіпті, кейде ұшақ сынып кеткенше жүктеме жасайды. Жылдамдық пен биіктік арқылы. Қысқасы, Тоқтар екеуміз бір-бірі­мізді жақсы  білеміз. Самарқандта қызмет істеп жүргенде  сынақшы-ұшқыштар  ұшып келетін. Сонда оларға жеміс-жидек салып беріп: «Тоқтарға сәлем ай­тып, осыны жеткізіп беріңдер» деп талай сәлемдеме жолдағанмын. Екеуміздің  ғұмырна­мамызға ортақ бір қызық жағдай болды. Тоқтар қазақтың тұңғыш  ғар­ыш­кері ғой. Оны білесіз. 1982 жылы Г.Жуков атындағы әуе қорғанысы әскери ака­демиясына түстім. Оқу әлі басталмаған кез. Академия Тверь қаласында. Дем­алыста  Мәскеуге барып келетіні­міз бар. Сондай бір демалыста Мәскеуге барып келсем, академиядағы таныстар шулап жүр. «Академия бастығы сені іздеп, шақырып жатыр» дейді. Барсам, академия бастығы  генерал Ю.Бошнякпен бірге бір генерал отыр екен. Звездный қалашығынан, Әскери әуе күштерінен келіпті. Ғарышкер екен. «Ертең Әскери әуе күштері  штабына кел» деді. Ертесіне бардым. Содан Звезд­ныйға кеттік. Ол кезде Әскери әуе күштері бас қолбас­шысы­ның ғарыштық ұшуларды әзірлеу мен ғарыш­керлер даярлау бойынша көмекшісі қазақстандық В.Шаталов еді. Кейін ол Ю.Гагарин атындағы  ғарыш­керлер даяр­лау орталығын басқарды.  Мен әлгі генер­алмен бірге В.Шаталовқа кірдім. Кірген соң Шаталов: «Димаш Ахметұлы «неге қазақтан ғарышкер шық­пай­ды?» деп  маған  үнемі ұрысады. Міне, қазақ ұшқыш бар екен ғой, неге ұшпайды?» деді. Сөйтіп,  бір газет көрсетті.  Онда  менің әкем туралы жазылған екен. Әкем шахтада шахтер болып жұмыс істеген, мақала шыққан кезде ең­бек ардагері,  зейнеткер еді. Әлгі мақалада менің әкем жайлы айтыла келе үлкен ұлының шахтер,  екінші перзентінің әскери ұшқыш екені жазылыпты. Сол газетті Д.Қонаев көріп,  Шаталовқа жіберген көрінеді. Соны айтып отыр екен. Ал ол кезде мен академияға қабылданған едім. Ғарышқа қызық­падым. Шаталов болса: «Ертең Орталық комитетке барамын. Сен туралы айтамын. Егер денсаулығың жарап, сынақтан өтсең, ұшасың. Димаш Ахмет­ұлының «болгар да, чех та,  монгол да, вьетнам да, румын да ұшты» деген дауынан құтылайын» деді. Мен «өздеріңіз біліңіздер» деп құтыл­дым. Сөйтіп жүргенде Брежнев қайтыс бол­ды, әңгіме жайында қалды. Академия бітіретін кезде  арнайы қағаз келді. Мәскеуге шақырыпты. Сөйт­сем,  ғарышкерліктен үміткер ретінде атымыз Ор­талық комитетте тізімде  тұрады екен. Бірақ ғар­ыш­қа ұшу үшін төрт-бес жыл даярлану керек, сандалып біраз жүріп қаласың. Госпитальға барып жатып алдым, «денсаулығым  жарамайды» деген сылтау айтып  бармай қойдым. Кейін білдім, мені сыр­тымнан көрсетіп, «Менен басқа да қазақ  ұшқыш бар»  деп Тоқтар Әубәкіров айтыпты. Оған ұсыныс жасаған екен, Тоқаң бірден бас тартқан. Өйткені ол сынақшы-ұшқыш қой. Ал ғарышкер­лердің меди­циналық тескеруі өте қатал болады. Сол тексеруде  денсаулықтан сәл кінәрат табылса, ғарышқа да ұша алмайды,  сынақшы-ұшқыштар қатарынан да шығарылар еді. Тоқтар оны маған кейін өзі айтты. Кейін бәрібір Тоқтар ұшты. Жас күнімізде  сондай да қызықтар болған. 

– Қазір сізді  не  алаңдатады?

– Қарулы Күштерге қатысты жағымсыз пікір­лерді жиі естіп қаламын. Иә, армияда  олқылықтар болуы мүмкін. Оны жоққа шығармаймын. Әлемнің ең мықты армияларында да, соның ішінде АҚШ, Израиль әскерлерінде де кемшіліктер бар. Бірақ Қарулы күштердің жетістігі де  көп екенін ескеру керек. Ал ешбір құрылым идеал бола алмайды. Қарулы Күштер– үлкен институт. Оның жетістіктері де, әлі де болса шешілмеген мәселелері де  бар. Әрі Қарулы күштерге өте көп қаржы керек. Қаржы үшін қуатты экономика қажет. Менен кейде журналистер  «Сіздің кезіңізде қалай еді?» деп сұрайды. Іс жүзінде әр министрдің кезеңі әртүрлі. Әр кезеңнің  өз ар­тық­шылығы, қиыншылығы болады. Ол кезеңге бірыңғай баға беруге болмайды. Айталық, мен министр болып алғаш тағайындалғанда  қорғаныс бюджетіміз 5 млрд теңге еді. Кейін 7 млрд болды. Министр болып 9 жылдан кейін қызметімнен кет­кенде бюджет 50 млрд теңге болды. Қазір  бюджет  мол. Дегенмен елдің мүмкіндігіне қарай бөлі­ніп жатыр. Әрине, баға да өсті. Дегенмен  осы жылдар ішінде көп өзгеріс болды. 

Ал мені жастардың армиядан қашатыны алаң­датады. Олар көбейіп кеткен сияқты. Бірақ бұл жер­де  Қарулы Күштерді ғана айыптауға болмайды. Патриоттық тәрбие сонау балабақшадан, отбасынан басталуы керек. Сондықтан азаматтарымыздың Отан қорғау ісіне байсалды қарап,  елдік мүдденің бәрінен жоғары тұратынын балалардың  құлағына жастайынан  құя бергені дұрыс деп есептеймін. Тәртіп пен тәрбие – өте өзекті. 

– Қазақстан Қарулы Күштерін жетілдіре түсудің  қазіргі қарқынын қалай бағалайсыз?

– Еліміз  Қарулы Күштеріміздің  жетіліп, офи­церлер мен сарбаздарымыздың  рухты, білікті болуына  мүдделі. Мемлекет басшысы, Жоғарғы бас  қолбасшы да бұл мәселеге  ұдайы көңіл аударады. Айталық, биылғы 25 ақпанда  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіп­сіз­дік кеңесінің отырысында армияны жаңғырту және әскери инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қарулы күштерді одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Яғни, армияны заман талабына сай қылу үнемі мемлекет назарында болып келеді. Әрі Президент Қарулы Күштердің мат­ери­алдық-техникалық  мұқтаждықтарын да кезең-кезеңімен  шешуді ескереді. Авиацияны, соның ішінде транспорттық және армиялық авиацияны күш­ейту,  бітімгерлік миссиялар арқылы әскери қызметкерлердің тә­жіри­бесін жетілдіру, қорғаныс  өнер­кәсібі  кешенін дамыту  тәрізді көптеген тапсыр­масын тиісті құрылымдар орындап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Қарулы Күштерді күшейту үшін қолда бар мүмкіндігіміздің бәрін пайдаланып жатырмыз.  

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қорғаныс өнер­кәсібі  кешені армияның ұрысқа қабілетінің берік іргетасы болуы керек екенін үнемі атап өтеді.  Қару­лы күштердің даярлығы мен үйлесім деңгейінің  жоғары, армияда қатаң тәртіп болуы керек екенін ұдайы айтады. Әрбір жауынгер өзіне сеніп тапсыр­ылған қару мен техниканы мінсіз деңгейде меңге­ріп,  ұрыста оны тиімді қолданып, табандылық,  ер­лік пен батылдық көрсете білуі керек.

Жуырда  Голан жоталарынан оралған  әскери қызметшілерімізбен кездесу кезінде Жоғарғы Бас қолбасшы: «Қарулы Күштер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты тіректерінің бірі. Ең алды­мен, сарбаздары мен офицерлерінің рухы асқақ, кә­сіби деңгейі жоғары, жауынгерлік машығы мін­сіз, тәртіп пен тазалықты мүлтіксіз сақтайтын әскер қуатты болады. Армия – қайсарлыққа баулитын, жігерді жанитын нағыз мектеп», – деді. Меніңше, бұл пікір армияға берілген әділ баға болса керек. Расында да, Қарулы Күштер–  тәуелсіздік тірегі. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ