Алматыдағы колледждердің бірінде болған оқыс оқиғаға байланысты қалалық полиция тергеу жүріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде үш студенттің кәмелетке толмаған қызды ұрып-соққаны туралы ақпарат тараған еді. Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, қыз ми шайқалу диагнозымен ауруханаға жеткізілген, оң көзі нашар көре бастаған және бірнеше мәрте есінен танып қалған.
Оқиға Рузуддинов атындағы Жоғары медициналық-стоматологиялық колледжде орын алған. Колледж әкімшілігінің мәліметінше, 1 желтоқсанда бірінші курс студенттері арасында дау туған. Дауға бір студенттің анасы араласып, екінші студентке агрессивті түрде әрекет еткен. Жедел жәрдем шақырылып, екі қыз да ауруханаға жеткізілген.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл оқиға бойынша түсініктеме берді. Алмалы ауданы полиция басқармасына қыздың жарақат алғаны туралы арыз түскен. Құқық қорғау органдары жедел шаралар қабылдап, жанжалға қатысқан барлық студенттер мен олардың ата-аналарын полиция бөлімшесіне жеткізді.
– Материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына қарауға жіберіледі. Ювеналдық полиция кешенді іс-шаралар жүргізіп, ата-аналарға қатысты әкімшілік шаралар қолданады. Қылмысқа қатысқан кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке алынады, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.