Атырау облысында зираттағы құлпытастар мен металл қоршаулардың бүлінгені туралы хабар полицияға келіп түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға орнына жеткен құқық қорғау органдары вандализм дерегін тіркеді. Белгісіз біреулер құлпытастарды қиратып, металл айшықтарды жұлып кеткен.
Атырау облыстық Полиция департаменті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікке ілінген үш жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тергеу заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр.
– Қазіргі уақытта заңға сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмағандар ішкі істер органдарының арнайы есебіне қойылады. Іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады. Сондай-ақ тергеу барысында олардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралады, – делінген ресми хабарламада.