Таяуда аталған оқу орны тағылымы мол тағы бір іс-шараның өтуіне ұйытқы болды. Дәлірек айтсақ, қараша айының 23-24 күндері «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025» халықаралық байқауы ұйымдастырылып, оған еліміздегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының «Наубайхана ісі» мамандығының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері, сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен де үміткерлер келіп қатысты.
Өндірістік базаны жоғары бағалады
Екі күндік іс-шарада алыс-жақыннан келген қонақтар байқау барысымен шектелмей, колледждің оқу ғимараты мен өндірістік базасын аралап, оқу орнымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Алдымен колледждің төрт қабатты бас ғимаратымен танысқан қонақтар ондағы жаңашылдық пен үйлесімділікті жоғары бағалады.
Иә, есіктен кіргеннен-ақ мұнда мұнтаздай тазалық байқалады. Ғимараттың төрт қабаты түгелімен күрделі жөндеуден өтіп, әрбір қабаты тақырыпқа сай стендтермен жасақталып, безендіру жұмыстары жүргізілген. Екінші қабаттағы мұражай алыстан көз тартады. Онда оқу корпустарының макеті жасалып, ішіне жарықшамдар орнатылған.
«Көбіне мұражай қуыстағы бір бөлмеде орналасады. Оны арнайылап іздеп бармаса, көп адам көре бермейді. Біз мұражайды әдейі кіреберістен аштық. Себебі ары-бері өткен көпшіліктің көзіне бірден түссе дейміз, сонда жастардың бойында өз оқу орнына деген құрмет сезімі оянады. Сонымен бірге ол жастарды әдемілікке, тазалыққа тәрбиелейді. Көп ізденіспен жасалған мұражай колледж ұстаздары мен оның еңбекқор, елгезек студенттерінің терең ізденісінен хабар береді», – дейді колледж директоры Наржан Әліпбаев.
Оқу ғимаратының үшінші қабатын безендіру студенттердің өздеріне қалғандықтан, ұшқыр қиялдан туған әсем көріністер мұнда да көздің жауын алады.
«Қазіргі ақпараттық, цифрлы дәуірде жастар бір-бірімен араласып, тығыз байланыс орната да білуі керек. Колледж ұстаздарының жобасы аясында оқулықтар мен көркем әдебиеттердің QR коды жасалынды. Сол QR код арқылы студенттер кітаптарды оқи береді. Мұнда интернет желісі де жақсы жұмыс істейді», – дейді оқу орнының басшысы.
Колледждің өндірістік базасына барған қонақтарды директордың оқу-өндірістік жұмыстар бойынша орынбасары Асылбек Асқар күтіп алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Сенімгерлік басқаруға алған серіктестік сенімімізді ақтады. Аталған компанияның атқарушы директоры Қайрат Айтбаевтың бастамасымен базаны толық жасақтап алдық. Мұнда студенттердің ауыл шаруашылығы саласын меңгеріп шығуына толық мүмкіндік бар. Алма, жүзім, анар өсірудің қыр-сырын үйреніп, балық өсіруді де жан-жақты меңгеріп шығады», – деді А.Асқар.
Колледжді сенімгерлік басқаруға алған DALA-FRUІT.KZ ЖШС өңірдегі жұмыс берушілердің жағдайын және елде жиі болып жатқан төтенше жағдайлар мен өрт апаттарын ескере отырып, өңірде жоқ «Өрт қауіпсіздігі» және «Төтенше жағдайда қорғау» мамандықтарын ашқан екен. Болашақ өрт сөндірушілер арнайы техниканы басқарып үйренуі үшін өрт сөндіру көлігі де сатып алыныпты. Міне, осылайша колледжді сенімгерлік басқаруға алған компания өздерін қажетті мамандықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жастарды заман талабына сай табыс табуға да үйретеді. Ізденімпаздық пен іскерлік үйлесім тапқан ұжымның бұл бастамасы тәжірибе алмасуға келген басқа әріптестер тарапынан да жоғары бағаланды.
Ынталандыруға бастайтын ілкімді іс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгіленді. Бұл негізінен осы саланың мамандарын даярлайтын арнаулы оқу орындарының жұмысын жандандырып, ілкімді істерді қолға алуға түрткі болды десек, қателеспейміз. Былайғы уақытта да тың бастамасымен, жаңашылдыққа бастайтын жұмысымен көзге түсіп жүрген Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің ізденімпаз ұжымы бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, халықаралық байқауды өткізуді қолға алды. Бұл аталған оқу орны мен Францияның COUPE DU MONDE DE LA CHOCOLATINE халықаралық қауымдастығы арасында түзілген екіжақты ынтымақтастық келісімі аясында жүзеге асырылғанын да айрықша айта кетейік. Тағы бір ерекше тоқтала кеткіміз келетіні, бұл байқаудан үздік шыққан үміткер келесі жылы наурыз айында Франция мемлекетінің Тулуза қаласында өтетін Шоколатин және Pain au Chocolat аталатын әлем чемпионатына қатысуға жолдама алады.
Колледжді сенімгерлік басқаруға алған серіктестіктің атқарушы директоры Қайрат Айтбаев өз сөзінде бұл байқау өңірімізде кондитерлік саланы дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мұрасын әлемге кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретінін айтса, «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан байқау барынша әділ өтіп, жүзден жүйрік шыққан талапкер ғана алда өтетін әлем чемпионатына барып, онда да топ жарып, жұлдызы жарқырай көрінуіне тілектестік білдірді.
Байқауға өз елімізден бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен «Юниор» – жастар және «Профессионал» – кәсіби мамандар санаттары бойынша 22 үміткер қатысты. Франция резиденциясының бас әкімшісі, Орталық Азия бойынша Шоколатин чемпионатының ұйымдастырушысы Карлос Марсала, Le Dessert наубайханасының бренд-шефі, ұйымдастырушы ассистент Әйгерім Бекова, Францияның Қазақстандағы елшілігінің ынтымақтастық және мәдениет жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуа, Еуразиялық кубоктың президенті Ержан Пазилов, Еуразиялық кубоктың вице-президенті Гүлмира Күлпеисова, The Ritz-Carlton қонақүйінің шеф кондитері Нариман Әбдіғаппаров, Le Dessert наубайханасының бренд шефі Александр Пако, Tian Shan Grand Hotel қонақүйінің бренд шефі Айдын Серікұлы, «Эскофье ізбасарлары» Қазақстан делегациясының қазынашысы Томас Мюллер, Халықаралық аспаздық білім беру саласының сарапшысы, «Эскофье ізбасарлары» институтының (IDE) директоры Бертран Геррье, «Гурман және табысты мейрамхана» мейрамханасының басқарушысы Александр Удебин сынды әділқазылар алқасының шешімімен екі күндік байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – әлем чемпионатына берілген жолдаманы Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі жеңіп алды. Ал Шымкент қаласындағы тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенті Гүлден Нұралықызы, Кәсіби наубайхана колледжінің (Бішкек қаласы) студенті Ажар Кенешова, Янгиюль агротехнологиялық техникумының (Ташкент қаласы) студенті Асилбек Рахманов І орын – алтын жүлде иегері деп танылса, Кәсіби наубайхана колледжінің (Бішкек қаласы) студенті Дилноз Инаятова, Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Бексұлтан Қарабай ІІ орын – күміс жүлдеге қол жеткізді. ІІІ орын – қола жүлдеге Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің (Астана қаласы) студенті Жүніс Бегәлі, Кәсіби наубайхана колледжінің (Бішкек қаласы) білім алушысы Фарида Болотканова лайық деп танылды. Бұл жастар, яғни «Юниор» санаты арасындағы байқаудың жеңімпаздары болса, «Профессионал» – кәсіби мамандар санаты бойынша бас жүлде – әлемдік чемпионатқа жолдама қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің (Астана қаласы) арнайы пән оқытушысы Еркебұлан Махмұтқа берілді. Бұл санаттағы алтын жүлде иегерлері ретінде тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы (Шымкент қаласы) арнайы пән оқытушысы Хабибулла Усманов, кәсіби наубайхана лицейінің (Бішкек қаласы) арнайы пән оқытушысы Жәмила Жұматаева, Янгиюль агротехнологиялық техникумының оқытушысы (Ташкент қаласы) Адолат Темирова танылды. Ал Nanmai bakery наубайханасының (Астана қаласы) наубайшысы Аида Төсекбаева қола жүлдеге қол жеткізді.
Ауқымды іс-шараға облыстық білім беру басқармасының өкілдері, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, арнайы пән оқытушыларымен бірге Франция Республикасының Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге, елшіліктің ынтымақтастық және мәдениет жөніндегі кеңесшілері Себастьен Де Куртуа, Мадам Од Кристоф, аталған елшіліктің ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшысы Венсан Бержеза, Франция Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Максим Жеренже және аталған елдің Шымкент қаласындағы құрметті консулы Игорь Копайылов қатысқанын да айта кетейік.
Ардақ СҰЛТАН