Байқоңырдың ғарыш кемелерін ұшыратын 31/6 алаңында апат болды

31-алаң 1961 жылдан бері «Союз» аппараттарын ұшыратын негізгі алаң саналып келді. Кездейсоқ апат салдарынан Роскосмос адам басқаратын миссияларды ұшыра алмайтын болды.

BGR технологиялық сайтының материалына сүйенген Aikyn.kz апаттың себебі мен салдарын талдайды.

2025 жылдың 27 қарашасында «Союз МС-28» кемесі Байқоңырдан сәтті ұшырылғаны хабарланды. Оның ішінде 2 ресейлік, 1 америкалық ғарышкер болған. Ғарыш кемесі ұшып кеткен соң дұрыс бекітілмеген қызмет көрсету платформасы ұшыру алаңының астындағы газ шығару өзегіне құлап кеткені анықталды. Төтенше оқиға туралы Роскосмос агенттігі мәлімдеме таратты. Қазір алаңдағы апаттың салдары бағалануда. 

«Қалпына келтіруге қажет барлық қосалқы бөлшектер бар және ұшу алаңы жақын арада жөнделеді», – делінген агенттіктің мәлімдемесінде.

Байқоңыр ғарыш айлағындағы 31-алаңның 6-ұшыру кешені Ресей қолданатын адам басқаратын миссияларды ұшыратын жалғыз старт орны. Апат алдағы жоспарларды, соның ішінде Ресейдің орбиталық станциясын ұшыруды едәуір қиындатады.

20 желтоқсанда осы алаңнан «Прогресс МС-33» жүк кемесін Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жіберу жоспарланған болатын. «Союз МС-28» үш адамнан тұратын экипажды, оның ішінде екі ресейлік ғарышкер мен NASA өкілі Крис Уильямсты, ХҒС-қа сәтті жеткізді. Ұшу еш қиындықсыз өткен. Енді басты сұрақ – алаңды қалпына келтіруге қанша уақыт кететіні. Кей сарапшылар бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін дейді.

Ресейдің зымыран қозғалтқыштары саласы бұған дейін де қиындықтарға тап болған. Өйткені батыстың санкциялары жаңа технологияларға және қаржыға қолжетімділікті күрт шектеп, Ресейдің ғарыш бағдарламаларын әлсіреткен еді.

Апат салдарын жоюға қанша уақыт керек?

Роскосмос «қысқа мерзімде жөнделеді» деп мәлімдегенімен, бұл пікірмен кейбір мамандар келіспей отыр. Ресей ғарыш бағдарламалары жөніндегі сарапшы Анатолий Зак платформаны қалпына келтіру екі жылға созылуы мүмкін екенін айтады. Оның айтуынша, жөндеу кезеңінде уақытша адам басқаратын миссияларды ұшыратын алаңды қолдану мүмкін болмайды.

Ресейде «Союз» ракеталарын Плесецк және Восточный сияқты айлақтардан ұшыратын басқа да алаңдар бар. Алайда 31/6 алаңы – қазіргі уақытта ХҒС-на арналған «Союз» және «Прогресс» ұшырылатын жалғыз кешен.

Бұл жағдай уақытша болса да SpaceX-ті ХҒС-қа адам жеткізе алатын жалғыз жұмыс істейтін ғарыштық платформаға айналдырады. 31/6 толық жөнделмейінше немесе балама шешім табылмайынша, Ресей адам миссияларын өздігінен ұшыра алмайды.

NASA бұл проблемадан хабардар және халықаралық серіктестермен кеңесуде. Бірақ нақты жоспар әлі жарияланбады. Ресей бұған дейін 2024-2025 жылдары ХҒС-тан шығу мүмкіндігін қарастыратынын жариялаған болатын. Енді жағдай қиындаған кезде, бұл вариант қайтадан өзекті болуы мүмкін.

NASA-ның да өзіндік қиындықтары жетерлік. Әсіресе Boeing компаниясының Starliner кемесіне қатысты сынақтар мен сертификаттау мәселелері қайта-қайта ұзартылуда. Дегенмен Байқоңырдағы апат Халықаралдық ғарыш станциясының тарихындағы ең ауыр жағдай емес. Бәрі жақын айларда түзеледі деп ойлаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.