Оралда түрмеге 17 телефонды кіргізу әрекетіне тосқауыл қойылды

Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша "Заң және Тәртіп" идеологиясы шеңберінде ҚАЖ объектілерін қорғау күшейтілді, бұл құқық бұзушылықты уақтылы анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің сарбаздары Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлерімен бірлесіп, тыйым салынған заттарды түзеу мекемесінің аумағына өткізу әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

2025 жылдың 3 желтоқсанында сағат 17.10 шамасында тексеру тобы өндірістік цехқа ағаш жеткізетін “Нива” маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде "Детектив" атты қызметтік-іздестіру иті көлік брусінде күдікті зат барын меңзегендіктен, сол жерді мұқият тексеру қажет болды.

Жеке құрам радиотехникалық қондырғыны қолдана отырып, ағашты егжей-тегжейлі тексергенде оның ішінен тыйым салынған заттар табылды.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, 17 ұялы телефон, 32 қорап темекі, бейне және аудио жазу функциясы бар қалам, 8 SIM карта және ішінде спецификалық иіске ие өсімдік тектес (каннабис болуы мүмкін) заты бар 7 ZIP пакет салынған 2 қуаттағыш құрылғы (повербанк) тәркіленді.

Заңсыз әрекет Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тексеру бөлімшесінің бастығы, ефрейтор Азамат Тілеу және кинолог-маман ефрейтор Аманай Бақтығалидың кәсібилігі, жеделдігі мен зейінділігінің арқасында тоқтатылды.
Осы фактісі бойынша тексеру жүргізіліп, тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетіне қатысы бар адамдар анықталады.
Қызметімен көзге түскен ұландықтар Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құқығымен марапатталатын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.