Financial Times талдауына сүйенген Aikyn.kz Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін Ақ үй дипломатияны экономикалық мүддемен неге алмастырғанын түсіндіреді.
Зерттеушінің пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың болашағы дипломаттар мен екі үкіметтің арасындағы келіссөздер арқылы емес, қазіргі жағдайдан пайда табуға ұмтылған делдалдар мен бизнес шешім қабылдаушылардың арасында жүріп жатқандай сипатқа ие болып барады. «Бұл өткен аптада анық көрінді» дейді автор.
Бұқаралық медиада жарияланып кеткен стенограммаға сәйкес, Дональд Трамптың арнайы өкілдері Канада және Аустралия секілді Батыс елдерінің санкциясына іліккен ресейлік шенеуніктермен АҚШ-та келіссөздер жүргізген. Кремльге жақын бизнес өкілдері санкцияларды алып тастау мүмкіндігін зерттеп, Батысқа түрлі ұсыныстар жасай бастаған.
Майамиде Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мен арнайы өкіл Стив Уиткофф санкцияға ұшыраған Ресейдің ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Кирилл Дмитриевпен келіссөздер жүргізген. Уиткофф талқылаған 28 тармақтан тұратын жоспардың жарияланған нұсқасы Кремль қолдаған бейбіт жоспардың саяси және коммерциялық элементтері аралас екенін көрсетеді. Атап айтқанда, америкалық компанияларға 300 миллиард доллар көлеміндегі Ресейдің бұғатталған активтерінің бір бөлігін бірлескен кәсіпорындар мен соғыстан кейінгі реконструкцияға инвестициялық капитал ретінде пайдалану ұсынылған.
Еуроодақ басшылары үшін Трамп ұсынған Бейбіт жоспардың жағымсыз жағы жалғыз бұл емес. Григорий Тимченко мен Юрий Ковальчук секілді санкцияға іліккен ресейлік бизнесмендердің Вашингтонмен жеке арналар арқылы байланыс жолдарын іздеп жатқандары туралы хабарлар тарай бастады.
Сейсенбі күні (3 желтоқсан) Мәскеудегі ұзақ кездесуден кейін Дональд Трамп тобы нақты нәтижеге қол жеткізе алмағаны белгілі болды. Ал Путиннің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков келіссөздердің АҚШ пен Ресей арасындағы болашақ экономикалық өзара іс-қимылдың кең ауқымды перспективаларын қамтығанын атап өткен.
Трамптың Путинмен ұзақ «вальсі» мен Америка президентінің бейресми, бизнес арналар арқылы ыңғайлы қарым-қатынасы Украина мен оны қолдаушы еуропалық шенеуніктер қанша қарсыласса да бейбіт келіссөздерге алып келеді деп ойлаймыз.
Президент Трамптың Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерге ресейлік шенеуніктермен фриланс ретінде келіссөздер жүргізуге рұқсат беруі бизнес ережелердің АҚШ дипломатиясына миграциясын айғақтайды. Соғыстарды бастайтын да, тоқтататын да тек мемлекеттік институттар емес. Келіссөздер әртүрлі формада, әртүрлі форматта жүргізіледі. Бұл жолы дипломатия деп ұсынылып отырған америкалық формат іс жүзінде нарыққа көбірек ұқсайды. Бірақ қазіргі жағдайда Ресей үшін де, Украина мен АҚШ үшін нәтиже мен халықаралық нормаларға сай қол қойылған, барлық тараптарға бейбітшілік пен экономикалық пайда әкелетін құжат қымбат. Бұл – өмір шындығы.
«Соңғы украиндық қалғанша» соғысқысы келетін еуропалық шенеуніктер ғана бұған төтенше қарсылық білдіруі мүмкін. Оларға қысым жасай алатын Трамп қана. Ресей болса, әскери күштің көмегімен Украинаның батысына қарай жылжуда.
Украина үшін бұл соғыс жүз мыңдаған жас өмірдің қиылуына, мемлекеттің экономикалық күйреуіне және территориясын жоғалтуына алып келді. Бұл соғысты Еуропа мен АҚШ (Байден кезеңінде) Ресейді әлсірету үшін бастағаны белгілі. Оны Батыс ашық мәлімдеуде.
Батыстың қолдауынсыз Украина ешуақытта алып Ресейге қарсылық көрсете алмас еді. Батыстың саясаткерлері ресейлік қоғамның ішкі тұтастығы мен халықтың бірлігін, мемлекеттің өндірістік-индустриялық қуатын, технологиялық әлеуетін ескермеді. Бұл соғысқа Ресей де ұзақ дайындалды, 643 млрд доллар қор жинады, әскери әлеуетін күшейтті. Батыс болса әлемдік тәртіптің өзгергенін түсінбей қалды. Азия басын көтеріп, ояна бастады, жаһандық экономикалық баланс өзгерді, доллардың бұрынғы үстемдігі әлсіреді.
Бірақ мәселе ұлттық мүдде жолында күрестің қандай формаларын қолдану болып отыр. Дипломатия нәтиже бермесе күші басым мемлекет қандай жолды таңдайды? Әрине, күш көрсетуді, шоқпарды.
Дана, көреген басшылары бар елдер ішкі тұрақтылықты сақтауды ойлайды, этностық, тілдік және діни араздықтың алдын алады, ел азаматтарын кемсітуге жол бермейді. Қазақ елі бұл жерде көп мемлекеттерге үлгі бола алады. Біздің ойымызша, бұл мемлекеттік саясатқа байланысты емес. Өйткені мемлекеттік саясат халықтың басым бөлігінің көңіл-күйін ескеріп жасалады, жүргізіледі. Қазақ еліндегі бейбіт өмірдің, тыныштықтың ең басты себебін мемлекет құрушы қазақ ұлтының кеңпейілді, жомарт табиғатынан, өзін сыйлата алатын, өзгені құрметтей білетін, өзіндей түсінетін мейірімді жүрегінен іздеген жөн.
2000 жылдардың басынан Украинада тілге байланысты кемсіту, Ресейге қарсы саясат мемлекеттік деңгейде жүргізіле бастады. Зиянды идеологияның нәтижесі 22 жылдан кейін көрінді. Ал қазір соғыс майданына жіберер адамы жоқ, экономикалық жағынан дәрменсіз Украина басшылығы Еуроодақ пен Американың арасында ақша сұрап, қару-жарақ сұрап, сабылып жүр.
Ресейді экономикалық оқшаулау және оны украиндықтардың қолымен әскери тұрғыдан жеңу саясаты сәтсіздікке ұшыраған Батысқа (Трамп өзін бұл соғыстан оқшау ұстауда) қателігін мойындау үшін де біраз уақыт керек. Немесе қымбаттықтан, экономикалық тұрақсыздықтан шаршаған халық көшеге шығып, бүгінгі соғысты жақтаған биліктің орнына басқа саяси күштерді алып келуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі Трамптың геосаясатқа бизнес форматын енгізіп жатқаны – бұл АҚШ үшін экономикалық жағынан тиімді жол болып көрінеді. АҚШ президентінің қаржылық-экономикалық пайданы бірінші орынға шығаруы Ресей мен Украина соғысын тоқтатуы әбден мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.