«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен іс-шара Esil University жоғары оқу орнының студенттеріне арналды. Акцияны өткізудің басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, салауатты өмір салтына, дұрыс ұстанымдарға баулу.
Бүгінде Полиция департаменті жанында Есірткі қылмыстарының алдын алу жөнінде Кеңес жұмыс істеп тұр, осы кеңес мүшелігінде спорт, өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар да бар. Кеңес мүшелері бір ауыздан бірігіп, есірткіге қарсы іс-шараларға белсене қатысып, азаматтық ұстанымын білдіріп, жастарды тұлғалық дамуға, сүйікті ісін табуға шақырады. Бұл жолы жиынға қазақ балуандарының ізін жалғаушы, 5 мәрте әлем, 2 мәрте Гиннес рекордын орнатқан алып күш иесі Сергей Цырульников, әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшалов, театр және кино актері Әділ Ахметов және танымал блогер Нұргелді Кердеш қатысты.
Алдымен нарколог-дәрігерлерлер есірткінің қаншалықты зияны мен тәуелділіктің салдарын түсіндіріп, студенттерге баяндама оқып, тақырыптық бейнематериалдар көрсетті. Бұдан соң спорт, мәдениет саласының мамандары жастармен еркін тілдесіп, басынан өткен жағдайын, өмірлік тәжірибесін сөз етті.
– Алғашқыда бұл дүние ләззат сыйлауы мүмкін, кейін қабылдаған сайын құрдымға бата бересің. Пенде болған соң, әрине, адам баласы рақат алғысы келеді, оның басқа да жолы бар. Мерей Ақшалов ағаларың «Спорт мені әрдайым дұрыс жолда жүруіме себепкер болды» деді. Расымен, спортпен айналыссаңыз, шығармашылыққа ден қойсаңыз, сол сезім ләззат сыйлайды. Ағаларымыздың айтқан сөзі бізді де кезінде сақтап қалған. Мектепте жоғары сыныпта оқыған, бізден де талантты, бізден де мықты жігіттер болды. Олар дұрыс жолды таңдай алмады, есірткіге жақын болды. Өкінішке қарай, олар қазір өмірде жоқ. Өз көзіммен көрген жағдай, – деді Әділ Ахметов.
Профилактикалық іс-шара бұрынғы бірсарынды жиындарға мүлде ұқсамайды, практикалық, ситуациялық тапсырмалар ерекше әсер сыйлады. Мысалы, балуан Сергей Цырульников жастарға Қажымұқанның ерлігі жайында баяндап, сұрақ-жауап форматында ойындар өткізді. 90 келіден жоғары жігіттерді ортаға жинап, ат тағасын майыстырып, Қажымұқанның ерлігін жалғаған жанға сыйлық беруге дайын екенін жектізді. Қыздарға қызықты сұрақтар қойып, танымал брендтің бірі Cartie білезігін шегеден жасап көрсетті, темірден жасаған бұйымдарын жастарға естелікке сыйлап та жатты. Оның ептілігі мен ерекше күші, расында да, жұртты таң-тамаша етті.
– Біз жай ғана тағаны иіп, темір-терсекпен алыспаймыз, біз сол арқылы дәстүрімізді сақтап, келесі буынға жалғаймыз. Майыстырған тағамды қаншама әлемдік тұлғаларға, корольдарға, жетпістен аса елдің президентіне естелік ретінде сыйға бергенмін. Кейінгі рет Бахрейннің мұрагер ханзадасына сыйладым. Лондон, Каир, Жапония, Германия мұражайында тағаларым сақтаулы тұр. Құны ең қымбат сатылған тағамның бағасын білесіз бе? Бір тағам миллион долларға сатылған. Ең бастысы, бұл таға тек күштің символы емес, байырғы батырлардың бүгінге жеткізер үні, үлгісі іспетті, – дейді Сергей Цырульников.
Жастар тарихтан, спорт пен өнерден білім көкжиегін кеңейтіп қоймай, Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығы мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жұмысын тамашалады. Арнайы үйретілген иттің жасырулы есірткіні тауып, қылмыскерді қалай ұстайтынын да өз көзімен көрді. Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров та ситуациялық ойындар өткізіп, белсенді студенттерге сыйлықтар берді.
– Жастар арасында синтетикалық есірткілердің кең тарауы бізді алаңдатып отыр. Олар денсаулыққа тез әрі ауыр әсер етіп, тәуелділікке ұшыратады, адамның өмір сүру сапасын төмендетіп, қылмыстық жолға итермелеуі мүмкін. Полиция қызметкерлері бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Сіздерден өтінерім, есірткінің зияны туралы ақпаратты дұрыс түсініп, өміріңізге жауапкершілікпен қараңыздар. Қандай да бір күмәнді жағдайға тап болсаңыз, полицияға немесе тиісті органдарға міндетті түрде хабарлаңыздар, – дейді полиция майоры Дастан Қалқаманұлы.
Белсенді азаматтардың қоғам дертіне бейжай қарамай, атсалысып жатқаны жанға қуаныш, көңілге сенім ұялата білді. Олардың өмірлік жетістігі мен шынайы үндеуі жастардың көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеріне сенеміз.
Айсұлу СЪЕЗХАН