Алматы-Бішкек тасжолында ірі жол апаты болып, 7 адам қаза тапты

Қайғылы оқиға кезінде марқұмдардың қатарында Бішкектегі футбол турнирінен елге қайтып келе жатқан қазақстандық сурдоспортшылар болған.

Алматы-Бішкек тасжолында ірі жол апаты тіркеліп, жеті адам қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандардың қатарында Бішкектегі футбол турнирінен елге қайтып келе жатқан қазақстандық сурдоспортшылар болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апат салдарынан есту қабілеті бұзылған бес спорт ардагері, көлік жүргізушісі және тағы бір жолаушы көз жұмған. Бұл туралы қоғам белсендісі әрі жол-көлік оқиғалары бойынша сарапшы Арсен Шакуов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қаза тапқан спортшылар – әкесінің бала күнгі достары. Оқиға түнгі уақытта болған: Бішкектен қайтып келе жатқан топ мінген Honda Odyssey көлігі КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Соққы өте қатты болған.

Куәгерлердің сөзінше, жүк тиелген КамАЗ жоғары жылдамдықпен келіп, жеңіл көлікке соғылған. Соның салдарынан бес спорт ардагері оқиға орнында жан тапсырған.

Қайтыс болған спортшылардың аты-жөні:

Асыл Ибраимов – есту қабілеті бұзылған спортшыларды дайындайтын футбол жаттықтырушысы;

Дмитрий Мочальский – сурдолимпиада чемпионы, шахматтан Еуропа чемпионы;

Сәкен Смағұлов – футбол ардагері, ұлттық құрама ойыншысы;

Сергей Волковинский – футбол ардагері, ұлттық құраманың мүшесі;

Серік Молдашев – футбол ардагері, ұлттық команда ойыншысы.

Арсен Шакуовтың айтуынша, қаза тапқандардың артында балалары мен немерелері қалды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.