Электронды аудит дәуірі: 10 мемлекеттік органда қашықтан тексеру пилоттық жоба ретінде іске қосылды

Осы тәсіл мәліметтердің қауіпсіздігін күшейтіп, есептерді жылдам әзірлеп, талдау жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдар күн сайын барлық бухгалтерлік мәліметті БО БДҚ (бухгалтерлік операциялардың біртұтас деректер қоймасы) бірыңғай орталықтандырылған жүйесіне жіберіп отырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл еліміздің өңірлерінен жинақталатын қаржы ақпаратының біртұтас қауіпсіз қоймасы. Осы тәсіл мәліметтердің қауіпсіздігін күшейтіп, есептерді жылдам әзірлеп, талдау жасауға мүмкіндік береді.

Осы арқылы мемлекеттік органдар «бұлтты» бухгалтерияны пайдалана отырып, қаржы есебінің аудитін қашықтан жүргізу тәсіліне көшті. Демек, аудиторлар енді уақыт кетірмей қаржылық операцияларды нақты уақыт режімінде жүргізе алады. Аталған тетік қағазбастылықты айтарлықтай азайтып, мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.

Осы жобаның шеңберінде бастапқы құжаттарды тікелей электронды есепке алу жүйелерінде бекіту функциясы енгізіліп, бұл автоматтандыру мен бюджет процестерін бақылауды жақсартады.

Озық технологияларды енгізу бухгалтерлік жазбаларға қатысты күмәнді әрекеттердің алдын алуға, еліміздің шоғырландырылған қаржы есебін қалыптастырып, республикалық бюджеттің жиынтық қаржы есебінің нақтылығын арттыруға көмектеседі.

Қазір қашықтан тексеру әдісі қанатқақты режимде 10 орталық мемлекеттік органда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң мониторинг нәтижелерінің негізінде қаржылық есептіліктің дәйектілігін бағалай отырып, аудиторлық қорытынды ұсынылатын болады.