Ақтөбеде дәретханада қызды зорламақ болған ер адам 6 жылға сотталды

Бірақ қыздың айқайын естіген келушілер дер кезінде көмекке келіп, оны құтқарып қалды.

Ақтөбеде дәмханалардың бірінде орын алған төтенше жағдай қоғамның ерекше назарын аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Әйелдер әжетханасына кірген ер адам жас қызға шабуыл жасап, зорламақ болған. Бірақ қыздың айқайын естіген келушілер дер кезінде көмекке келіп, оны құтқарып қалды.

Оқиға қоғамдық тамақтану орнының әйелдер әжетханасында болған. Қыз кабинаның бос емес екенін ескерткеніне қарамастан, белгісіз ер адам есікті шанышқымен бұзып кірген. Ол қыздың тамағына сол шанышқыны тақап, киімін шешуге мәжбүрлемек болған. Жәбірленушінің қатты айқайлап, көмек сұрауы нәтижесінде келушілер жүгіріп келіп, күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам шабуыл жасамас бұрын барлық кабиналарды тексеріп шыққан. Қылмыс жасау сәтінде ол нақты бір кабинада адам барын біліп, есікті шанышқымен ашып кірген.

 

Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Ақтөбе қаласының №2 соты оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.