Азық-түлік бағасы бақыланады

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте азық-түлік бағасын ұстап тұруға бағытталған қолданыстағы және желтоқсан айына жоспарланған шаралар қаралды.

Қарашаның алғашқы үш аптасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімі 0%-ды құрады. Желтоқсан – дәстүрлі түрде тұтынушылық сұраныс артатын кезең. Жиынға қатысушылар супермаркеттер мен базар сөрелерінде сұранысы жоғары тауарлардың жет­кілікті болуы және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажетті шаралар кешенін талқылады.

Сауда және интеграция министрлігінің Сау­да комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту ту­ра­лы жобаны әзірледі. Тізім бағасы жиі құ­былатын тауарлармен толықтырылды. Құжат ке­лісу сатысында. Жақын күндері бизнес-қоғам­дастықпен және «Атамекен» ҰКП-мен егжей-тегжей талқылаулар өткізіледі.

Өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда: биыл 5 мыңнан астам жәрмеңке өтті және олар демалыс сайын ұйымдастырылып отырды.

Желтоқсан айында сауда желілерімен бірлесіп, республикалық «Береке fest» акциясы қайта өткізілмек. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер тауарлардың кең таңдауын қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында жаңа жыл алдында жәрмеңкелер ұйымдастырады.

Импорттық азық-түлікке деген маусымдық жоғары сұранысты ескере отырып, Сауда ко­ми­теті ірі импорттаушылар мен азық-түлік жеткізу­шілерінің пулын қалыптастырды. Жақын уақытта олармен желтоқсан айында сұранысы жоғары тауарлардың баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесулер өтеді.

Баға мониторингі кеңес қорытындысы бойын­ша Премьер-Министрдің орынбасары Сауда және интеграция министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, баға мониторингін тұрақты жүргізуді және жағдайға жедел әрекет етуді тапсырды.

Ә.САМАТҰЛЫ