Әлеуметтік мәселелер назарға алынды

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.

Жиынға партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, кеңес мүшелері мен әлеуметтік салаға жауапты мекеме басшылары қатысты. 

Кеңес отырысында өңірдегі әлеу­мет­тік саясаттың жүзеге асу барысы жан-жақты талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы Еркін Келесов Жол картасындағы әлеуметтік бағыттағы тармақтардың орындалу жайында баяндама жасап, нақты деректермен бөлісті.  

Партияның сайлауалды бағдарла­масына сәйкес, басқармаға 8 межелік көрсеткіш жүктелген болатын. Бүгінде оның төртеуі орындалған, қалғанының жыл соңына дейін жүзеге асуы күтілуде. Жыл басынан бері 1 903 жаңа жұмыс орны ашылып, 1 006 азаматқа қайтарым­сыз грант берілген. Сондай-ақ 13 мың­нан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына тартылған.

Жиында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Әсіресе, медицина саласы бойынша оқуын аяқтаған түлек­терді «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналастырудың маңызды­лығы айтылды. Бұл бағытта қалалық Мансап орталығы мен Жамбыл медици­налық колледжі арасында нақты әріп­тестік орнату қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ кеңес отырысында аудан­дарда отбасын қолдау орталық­тарын ашу мәселесі талқыланды. Бұл бағытта нақты жоспар жасақталған. Алдағы жылы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Меркі және Сарысу аудандарында жаңа орталықтар ашылады. Бұл бастама – ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Кеңесте көтерілген тағы бір өзекті мәселе – зейнеткерлерді сауықтыру шара­лары. Қазір облыста 114 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оларды сауық­тыру орталықтарына жолдамамен жі­беру үшін бюджеттен қаржы қарас­тырылғанымен, қаражаттың мақсатты игерілмеуінен ол кері қайтарылып отыр. Сондықтан бұл мәселені тиімді шешу үшін жаңа жүйе қалыптастыру қажет.

Осы және өзге де әлеуметтік мәсе­лелер партия назарында. «AMANAT» партиясы халықтың өмір сапасын арт­тыруға, әлеуметтік сұраныстарға дер кезінде жауап беруге бағытталған жұ­мыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.

Елнар ЕЛТАЙ