Отшашу атқандарға салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды

Отшашу күндіз емес, түн ішінде атса, тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК мөлшерінде 19 660 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Жаңа жыл қарсаңында барлық жерде отшашулық шоулар ұйымдастырылатыны белгілі. Десе де, бәз біреулер аулада не көшеде   отшашу ататыны бар. Міне, сондай кезге айыппұл қарастырылған. Мәселен, түн ортасында тыныштықты бұзып, тыйым салынған жерде отшашуды атса, 78 мың теңге көлемінде айыппұл салынады,  деп хабарлайды Aykin.kz

Нақты айтсақ, егер тиісті емес жерлерде отшашу пайдаланса, ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша заттары тәркіленіп, 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 78 640 теңге айыппұл салынады.

Егер отшашу күндіз емес,  түн ішінде немесе тыныштықты бұзған болса, ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша 5 АЕК мөлшерінде 19 660 теңге төлеуі тиіс.

Ал кәсіпкерлер үшін салынатын айыппұлдың сомасы да өзгерек келеді. Мәселен, пиротехниканы құжатсыз немесе заңсыз алса 25 АЕК (98 300 теңге) айыппұл салынады. Бұдан ірі заңбұзушылықтар анықталса, айыппұл көлемі 100 АЕК дейін белгіленеді. Бұл дегеніміз – 393 200 теңге.

Сондықтан пиротехниканы тек ресми сатушылардан сатып алған жөн. Оның өзінде отшашуды мекемені не үйдің ішінде, кіреберісте атуға болмайтынын ескеру керек.