«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн»: Астанада ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті

Баяндама әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жоюды көздейтін халықаралық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік» науқаны басталған күні таныстырылды.

Бүгін Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы әзірлеген «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Баяндама әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жоюды көздейтін халықаралық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік» науқаны басталған күні таныстырылды. Бұл акция БҰҰ қолдауымен әлемнің бүкіл елінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді. Мақсаты – зорлық-зомбылық проблемасына назар аудару, жәбір көрген адамдарды қолдау және қоғамның осы саладағы хабардарлығын арттыру.

Алғысөзді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов сөйледі.

Ұлттық баяндама төрт аналитикалық блоктан тұрады: қазіргі жағдайды бағалау, зорлық-зомбылықтың жасырын түрлерін талдау, қолданыстағы шаралардың және профилактикалық тәжірибелердің тиімділігіне шолу. Зерттеу әлеуметтанулық сауалнама деректеріне, ресми статистикаларға және сараптамалық бағалауға негізделген.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ғылыми-аналитикалық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Таныстырылымда сөз сөйлеген Қазақстандық қоғамдық даму институтының басшысы Жұлдызай Ысқақова баяндаманың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы ахуалды талдауға арналған маңызды құрал екенін және оның зорлық-зомбылықтан қорғау жүйесін жетілдіруге арналған шешімдерді айқындауға негіз болатынын атап өтті.

Сондай-ақ Жұлдызай Ысқақова азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін де тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қорғау саласын жүйелі түрде күшейтіп, құқықтық және институционалдық тетіктерді нығайтуды көздейтін бірқатар шара қабылдады. 2025 жылғы баяндаманың деректері осы бағыттағы алдағы қадамдарды айқындауға негіз болмақ.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар талқылауға қатысып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған мемлекет саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.