Жасанды интеллект төрге озды, төрелігі қандай болмақ?

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қазақстанды міндетті түрде жаппай цифрлық елге айналдыру» бойынша мега-мақсат қойды.

Республиканың жаңа Стратегиясы енді осы болады. Бұл мұратқа жету үшін Президент 3 жыл ғана мерзім кесті. Оған уақыт көп қалған жоқ, демек биліктің барлық тармағы іс-қимылын жылдамдатқаны жөн. Осы орайда Қ.Тоқаев жасанды интеллект туралы ел тарихында болмаған тұңғыш заңға қол қойды. Бұл заңды Парламент рекордтық мерзімде қабылдады. Ол елге не жаңалық, қандай іргелі өзгеріс әкелмек?

Макиавеллиден қалған даналыққа жүгінсек, егер қандай да бір құбылысқа тосқауыл қойып, тоқтата алмасаң, дұры­сы – оның басшылық тізгінін ұстап, басқару болса керек. Қазақстан Прези­денті биылғы қыркүйектегі Жолдауында жасанды интеллектінің қарқынды дам­уы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне қатты әсер етіп жатқанын еске салды.

– Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалып­тасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алды­мызға өте маңызды стратегиялық мақ­сат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел бол­уы керек. Біз жаппай цифрландыру және ЖИ технологиясын барынша ен­гізу арқылы экономиканы жаңғыр­туымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Арада екі айдай уақыт өткенде, 2025 жылғы 17 қарашада Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған және ЖИ-ге тікелей қатысты заңнамалық топтамаға қол қойды. Пакетке «Жасанды интел­лект туралы», «Кейбір заңнамалық актілерге жасанды интеллект және цифр­­­ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үш заң жобасы кірді. 

Бір қызығы, осы арқылы Қазақстан ЖИ-ді заңмен жүгендей алған әлемдегі аз шоғыр көшбасшының – «он бестік­тің» қатарына кіріпті. Қазақ елінің жа­сан­ды интеллектіні енгізудің норматив­тік-құқықтық базасын әзірлегенін, цифрлық даму саласында тұрақты ілгерілеуді паш етуін жоғары бағалаған америкалық Стэнфорд университеті AI Index Report есебінде Қазақстанды «ұлт­тық заңнаманы жасанды интеллект технологияларын дамытуға бейімдей алған» әлемнің үздік 15 мемлекетінің қатарына қосты. 

Бүгінде бұл салада Қазақстанның 11 өңірінде 27 университет пен 6 ғылыми институт белсенді зерттеу жұмыстарын жүргізеді, бұған 479 ғалым жұмылдыр­ылған. ЖИ-ге қатысты 62 жоба іске асырылып жатыр. Жобалардың ең көбі Алматы мен Астанада шоғырланған. Оның ішінде, озық өндіріс құруға, цифр­лық технологияларды енгізуге, ғарыш және медицина салаларын дамытуға ерекше назар аударылады. 

Заңнамалық тиімді реттеусіз ЖИ технологияларын оңтайлы енгізу мүм­кін емес. Сондықтан Президент қол қой­ған «Жасанды интеллект туралы» заңы арқылы жасанды интеллект жүйе­лері қызметінің негізгі қағидаттары енгіз­­ілді. Бұдан былай ЖИ «адамның белгілі бір міндеттерін орындаудың құра­лы» ретінде қарастырылады. Тиіс­інше, адамға тиесілі функциялардың бір бөлігі соған тапсырылуы мүмкін. Мы­салы, болашақта ЖИ заң жазумен айналыса алады. 

Қ.Тоқаевтың Жолдауда жариялаған бастамасымен Қазақстан бір палаталы Парламентке көшсе, ЖИ оған үлкен көмекші, тіпті ақылшы-кеңесші бола алады. Мемлекет басшысы қос палаталы қазіргі Парламент ретті-ретсіз қаптаған заң қабылдап тастағанына назар аудартты. Жуырда оны ретке келтіру ісі ЖИ-ге табысталады. Яғни, заң шығаруға қатысты қызметіне ол қазірден кірісе бастамақ. 

– Елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы кел­іп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерде­леп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқы­лы реттеу орталығы құрылады. Бұл орта­лық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеу­мен айналысады. Заңды күрделендіре бер­меу керек, – деді Қ.Тоқаев. Сөйтіп, болашақта ЖИ арқасында Қазақстанға қос палатадан тұратын Парламентті және көп депутатты ұстап тұру қажет болмай қалуы мүмкін. 

Жауапкершілік – «жарым ырыс»

Жаңа заңнамалық топтама жауап­кершілік пен бақылау қағидаттарын бекітті. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интел­лект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Заңды әзірлеуге атсалысқан сенатор Бибігүл Аққожинаның айтуынша, ЖИ-ді қолдану арқылы жасалғанынан хабардар ету үшін осы жүйелер жасаған «синтетикалық» тауарларды, жұмыс­тарды және қызметтерді міндетті түрде тиісті таңбамен таңбалау талабы енгізілді. 

Өйткені қазіргі кезде әлемдегі түрлі төңкерістер, бейберекетсіздіктер кезін­де ЖИ көмегімен құрастырылған жалған видео, фотоматериалдар қолданылып, ел арасына лаң салады. Мысалы, Кали­фор­ниядағы алапат су тасқыны кезінде отбасынан күшігі екеуі ғана аман қалып, жылап отырған балдырған қыздың бейнесі салмақты интернет басылым­дарда да таралып, қоғамның құтқару­шыларға деген ашынысын туғызды. Соңынан оны ЖИ жасағаны әшкере­ленді. 

Жеке және заңды тұлғалардың құ­қықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында түпсаналық, манипуляциялық мүмкін­діктері бар немесе дербес деректер туралы заңнаманы бұзу арқылы жеке деректерді жинап, өңдеу әдістерін қолдана алатын және басқа да бірқатар мүмкіндіктерге ие, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұза­тын жасанды интеллект жүйелерін Қазақстан аумағында құруға және пайдалануға тыйым салынды.

– Бұл заңда адам мен қоғамды ықтимал қауіпті технологиялардан қорғауға бағытталған қатаң шектеулер бар. Атап айтқанда, ЖИ-ді адамның мінез-құлқын бұрмалайтын және сана­лы түрде шешімдер қабылдау қабілетін шектейтін немесе зиян кел­тіретін түп­саналық, манипуля­циялық немесе өзге де әдістерді пайдалану үшін қолдануға жол берілмейді. ЖИ арқылы әлеуметтік мінез-құлқының, жеке қасиеттерінің, биометриялық деректерінің негізінде жеке тұлғаны, адам тобын бағалауға және сыныпқа бөлуге тыйым салын­ды, – деді сенатор. 

Ілеспе заңмен енгізілген түзетулер криптовалюталардың, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақ­стан аумағындағы айналымын реттейді. Бұған дейін биткоин, басқасының айналымы тек «Астана» қаржы орта­лығының аумағында рұқсат етіліп келген еді.

Азаматтардың жеке деректерін қорғау амалдарын күшейту үшін жеке деректерді өңдеуге келісім беру мер­зіміне қатысты талап енгізілді. Енді бұл мерзім жеке деректерді өңдеу мақсатына жету үшін қажетті мерзімнен аспауға тиіс. Бұған дейін азаматтың осыған қатысты бір рет келісімін алған банктер, өзге ұйымдар оны «мәңгілік» режимінде қолдана беретін. Сондай-ақ енді субъект немесе оның заңды өкілі иесін, опера­торды, үшінші тарапты ескертіп, жеке деректерін жинауға, өңдеуге берген келісімін қайтарып алуға құқылы.

Ұстазын «шәкірті» алмастырады

Жасанды интеллект депутаттарды ғана емес, шенеуніктерді де ауыстыра алады. Мысалы, қазіргі кезде «Аза­мат­тарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлерін ЖИ-мен ауыстыру талаптары жасалып жатыр. Қабылданған жаңа заң барлық меморгандарды ЖИ саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысуға міндеттейді. Олар ортақ деректер кітапханасын қалыптастырып, осы ұлттық платформа операторына өзінің барлық ақпараттық ресурсын қолжетімді етеді. 

Соның негізінде жасанды интеллект аталған кітапхана мен бірыңғай плат­форма арқылы әрбір меморганның немен айналысатынын, қандай уәкіл­еттік, міндет пен функцияларды орын­дай­тынын, әрбір нормативтік актілерін лезде зерттеп, өз бетінше үйренеді. Нәти­жесінде, ЖИ Үкіметтен, министр­ліктер мен әкімдіктерден бастап, түрлі мем­лекеттік мекемелердің белгілі бір қыз­меттерін өз мойнына ала алады. Тиісінше, жасанды интеллект атқаратын лауазым­дарда шенеунікті ұстап тұруға ешқандай қажеттілік қалмауы мүмкін. 

Осы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жақсартылады, әрі мерзімі күрт қысқартылады. Себебі ЖИ шаршамайды, тәулік бойы ың-шыңсыз істейді, жалақы талап етпейді. Адам-шенеунік алдында пәпкі-пәпкі құжат­тың үйіліп жатқанын, оның бәрін қа­рап, заңдылығын тексеріп, сараптама не сауатты жауап беруге қолы тимейтінін алға тартып, өзге өтініш иелеріне бір­неше күн кезек күттіріп қоюы мүмкін. Ал ЖИ-шенеунік миллиондаған адам­ның өтінішін бір мезгілде қарап шыға алады. 

Мұның бәрі Қазақстанда әлі күнге қиял-ғажайыптай көрінуі мүмкін. Бірақ Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айту­ынша, бұл бағытта қоғамға бай­қалмай­тын, елге еленбейтін жұмыс қызу жүргі­зіліп жатыр. 

– Қазірдің өзінде 10-нан аса түрлі ЖИ-ассистент жасап шықтық. Оның бәрін Ұлттық жасанды интеллект плат­формасы біріктіреді. Мысалы, тек ауыл шаруашы­лығына бағдарланған AI-ас­систент, өнеркәсіп салаларына маман­данған AI-ассистент және басқасы бар. Бүгінде олардың жауабының дәлдігі, дұрыстығы 80-85% арасында құбылады. Аз ғой дерсіз. Бірақ адам-шенеунік те білік­тілігі жетпесе, өзіне жүгінген өтініш иесіне қате кеңес беріп, бұрыс шешім қабылдап жатады емес пе? – деді ЖИ вице-министрі. 

Сауатты болуы үшін әрбір депутат, министрлік пен әкімдік қызметкері, бар­лық мемлекеттік қызметші үнемі оқуы, біліктілігін жетілдіруі керек, ол енді өзі­не, қарым-қабілетіне, еңбекқор­лығына байланысты. Мойны жар бермесе, әлеуеті, ақылы жетпесе, білімін жетіл­дірмейді. 

– Одан айырмашылығы, біз ЖИ кө­мек­шілерді ақпараттық жүйелер, анали­тикалық материалдар, үлкен деректер негізінде тоқтаусыз, үнемі үйретудеміз. Сонда беретін жауабының, қабылдайтын шешімінің дәлдігі, дұрыстығы 90-95%-ға, тіпті 99-ға дейін жетеді. Бұл – біздің мұрат. Оған қол жеткізу үшін арнайы процедура енгіздік: нақты бір тақырыпты түбіне, жік-жапсарына дейін егжей-тег­жейлі білетін тәжірибелі қызметкерді, ма­ман­ды жалдаймыз. Ол ЖИ-ді оқыта­ды, өз шәкіртіндей бар білімін соған береді. Мысалы, мемлекеттік қызметтер бойынша AI-ассистентті жасадық және Халыққа қызмет көрсету орталықтары­ның 150 білікті қызметкерін алдық. Оны солар «тәрбиеледі», – деді Дмитрий Мун. 

Үйрету тек оқытумен аяқталмайды екен. Оның соңғы кезеңінде түрлі сұрақ­тар қойылып, ЖИ-көмекшінің берген жауабының дұрыстығы, заңнамаға, соның ішінде жаңартылған заңдар мен НҚА-ларға сәйкестігі тексеріледі. Мұ­ның сыртында нақты міндеттер жүкте­ліп, өмірден алынған кейстер бойынша шешімі сұралады. Қысқасы, олқылығы мен кемшін тұстарын анықтау үшін сынақ-тестілеудің түр-түрі қолданылып жатқан көрінеді.

ЖИ-дің досы – Дата-ревизор 

Әйткенмен, бір мәселе туындайды. Билік органдарында отырған бірқатар шенді өздерін ЖИ-дің ауыстырғанын қаламауы мүмкін. Сон­дықтан сарапшылардың алаңдауынша, «саботаж» жасалып, қасақана жаңылыс­тырулар жаппай жолға қойылуы ықти­мал. Жуырда депутаттар шенеуніктердің Парламентке бір ақпарат беретініне, ал шынында, нақты статистика мүлдем басқаша болып шығатынына шағым­данған. Мысалы, жауапты шенеуніктер жасанды интеллектіні әдейі қате мәлі­метке үйретпей ме? Немесе барлық меморган ЖИ пайдаланатын дерекқор кітапханасына жаңсақ деректерді жүктеуі мүмкін. Соның салдарынан ЖИ жалған ақпарат береді, өрескел шешім қабылдайды, сөйтіп абыройы төгіледі.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мұн­дай кесірлі құбылыстың болуы ықтимал­дығын жоққа шығармайды. Сол себепті оның алдын алу шараларын пысықтау үстінде екен. 

«Мұны болдырмау үшін dataset ақ­па­раттар, кітапханаға құйылатын деректер міндетті түрде қосымша тексеруден өтеді. Деректердің дұрыстығы туралы Салыстыру актісіне (Акт сверки) ай сайын қол қойылады. Деректерді басқару талаптары аясында «Ақпараттандыру туралы» заңында міндетті жауапкершілік енгіздік. Оған сәйкес, Smart Data Ukimet жүйесіне берілетін деректердің сапасына тікелей бірінші басшылар жауапты бола­ды. Ұлттық ЖИ платформасы да осы жүйеден ақпарат суырады», – деді вице-министр Д.Мун. 

Бұл Қазақстан тарихында болмаған жаңа мамандық иелері пайда болуына жол ашты: олар – Data-аудиторлар. Дерек-аудиторларының жаңа институты Ұлттық статистика бюросы базасында құрылды. Жаңа тұрпатты бұл «ревизор­лар» әртүрлі мемлекеттік құрылым­дардан, квазимемлекеттік сектордан, жеке бизнестен күн сайын келіп түсетін статистиканы өзара салғастырып, қажет болса, хабарласып, сұрау салып, түзетеді, дұрысын базаға енгізеді. Статистика түзелсе, мемлекеттік деректер базалары жөнге келеді. Мемлекеттік дерекқорлар ретке келсе, оған сүйенетін ЖИ-дің жауабы мен шешімі де дұрысталмақ.

Айхан ШӘРІП