Сенім телефонына сенгендер көп

Алматы облысы Қонаев қаласында балалардың құқы­ғын қорғау және жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында жиын өтті.

Облыстық балалар құқығы жөн­індегі уәкіл Айгүл Есімбекова­ның айтуынша, өз-өзіне қол жұ­м­саған балалардың 90 пайызы ата-анасымен ұрысқаннан кейін осы­н­дай қадамға барған. Ал Поли­ция басқармасының өкілдері оқу­шылардың психологиялық мінез-құлқына зиян келтірмеу мақ­сат­ында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті өзгертулер енгізілгенін атап өтті. Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған адам­ды жәбірлегендерге ескерту жаса­лады не­месе 10 АЕК мөлшерінде айып­пұл салынады.

– Алматы облысы бойынша әйел­дер және балалардың құқы­ғын қорғау мәселелері бойынша «111» сенім телефонына биыл 44 қоңырау түсіп, олардың әрқай­сына жекелеген қолдаулар көр­сетілді. Одан бөлек, Қонаевтағы «Жанұя» отбасын қолдау орталы­ғының көмегіне 200 адам жүгін­ді, – деп хабарлады іс-шара ұйым­дастырушылары.

Еске салайық, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында Бірыңғай сенім телефо­нын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбан­дары­на көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған болатын. Осылайша, зор­лық-зомбылық пен буллинг құрбан­дары үшін «111» телефон но­мері іске қосылды. Ал еліміз бо­йын­ша 2025 жылдың басынан бері отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бо­йынша өтініштер қабылдайтын «111» бірыңғай байланыс орталы­ғына балалардан 110 999 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 108 987 өтініш мектептер мен колледж­дерде орналастырылған QR-код­тар арқылы, ал 2 012 қоңырау те­ле­фон арқылы қабылданған.

Байланыс орталығының жұ­мысы барысында 3 499 балаға пси­хологиялық көмек көрсетілді, 1 602 өтініш бойынша тиісті мем­ле­кеттік органдармен бірлесіп жедел қолдау ұйымдастырылды. Өтініштердің басым бөлігі ақпа­раттық және кеңес беру сипатында болды. 

– Өтініштерді талдау барысын­да балалардың қоңырау шалудан гөрі жазып көмек сұрауды жиі таң­дайтыны анықталды. Көпші­лігі сөйлесуге ұялады, кейбірі қо­бал­жиды. Ал хабарлама арқылы өз ойын ашық айтып, анонимді түрде көмек алуға мүмкіндік бар. Күн сай­ын мамандар жүздеген бала­ның жанайқайын естиді. Бірі – уайым­ын, бірі – қорқынышын, енді бірі  отбасындағы қиындық­тары мен ата-аналар, достар ара­сындағы түсініспеушілігімен бөлі­седі. Жа­қын­да ғана бір оқушы QR-­к­од арқы­лы хабарлама жазып, кө­мек сұраған. Мамандар оған бір­реттік емес, жүйелі психо­ло­гиялық қолдау көрсетіп, өзіне де­ген сенім­ділігін қайта қалпына келтіру­ге көм­ектесті. Әр бала мек­тепте өзін түсінетін, тыңдай біле­тін әрі дер кезінде қолдау көрсе­те­тін ұстазы бар екенін сезінуі керек. Ал әрбір ересек – ата-ана мен мұ­­ғал­ім  баласына қысқа ғана «111» нөмірі туралы айтып, қажет сәтте қайда жүгінуге болатынын үй­реткені маңызды, – дейді Оқу-ағарту ми­нис­трлігіне қарасты Бала­лардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кету керек, «111» сенім теле­фоны – тәулік бойы, анонимді және тегін қызмет көрсететін же­дел желі. Әрбір бала өзін қауіпсіз сезініп, кез келген уақытта көмек сұрай алады. Сенім телефоны – бұл жай ғана нөмір емес, балалар үшін ашық байланыс алаңы. Көп жағдайда жасөспірімдер өз мәсе­лелерімен жалғыз қалады, ата-ана­сымен немесе мұғалімдерімен ашық сөйлесуге ұялады немесе қорқады. Осындай сәттерде сенім телефоны мамандары көмекке келіп, кез келген мәселені талқы­лау­ға, кеңес беруге, қажетті жағ­дай­да тиісті органдарға жүгінуге қолдау көрсетеді. 

Кербез ЕСІМ