«Қисық дүние» қисыны

Қазақ халқы шыр етіп дүниеге келген сәбиді «жарық дүниеге келуіңмен» деп қарсы алған. Бірақ сол дүние уақыт өте келе жалған дүниеге айналады. Ал бұл жалғанмен қоштасқанда фәни дүниеге сапар шегеді.

Жалпы, дүние ұзын да жұмбақ жол. Бұл жайлы Алаш арысы Міржақып Дулатұлы: «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» дейді. Біреулер сол қисық дүниеден қиналмай өтсе, енді біреулер сол қилы жолдардан өзін жоғалтып алып жүр. Жазушы Жадыра Шамұратова «Қисық дүние» кітабында тағдыры дәл сондай жандардың өмірі жайлы сыр шертеді. 

Бұл қаламгердің жарыққа шық­қан төртінші кітабы болса да, Жадыра Ғазиз осы уақытқа дейін ешқайсына тұсаукесер өткізбеген. Себебі үлкен залға оқырман жи­нап, өзін әспеттеу, ұзын-сонар сөз­ге толы салтанатты таныстыру жасау – Жадыраның жанына жат. Ол даңғаза даңқтан гөрі қара­па­йымдыққа, жылтыр сөзден гөрі шы­найы әңгімеге жақын. Сол се­бепті жазушы «Қисық дүние» атты жаңа кітабының тұсаукесерін ша­ғын да еркін форматта өткізуді жөн көрді. Жиналғандары – өзіне жа­қын жандар, пікірлес оқыр­ман­дар, шығармашылықты шын қа­дір­лейтін қауым. Әркім еркін отырып, өз ойын ашық айтып, кі­тап­тағы қисық өмір жолдары туралы бір сәт толғанды. Бұл ша­ғын басқосу сырт­тай қарағанда қарапайым кө­рінгенімен, оның шынайылығы мен жылуы үлкен жиындардың сән-салтанатынан әлдеқайда қым­бат еді. Алғаш болып сөз алған Qaz­conten АҚ төрағасы Айна За­дабектің ай­туынша, соңғы кездері «заманауи әдебиет жоқ» деген пі­кірлерді жиі естиміз. Бірақ іздеген жанға жақ­сы дүние әрқашан та­бы­лады. Жадыраның төртінші кітабы со­ның айқын дәлелі. «Қисық дү­ниеде» топтастырылған повестер мен әңгімелер – дәл қазір ара­мызда өмір сүріп жүрген адам­дардың тағ­дыры. Ергежейдің эмо­циясы, Сая­ның бастан кеш­кендері, Әселдің шетелге барып күн көріп, бала-шағасын асырауы сияқты әйелдің образдары ғажап ашылған. Оқып отырып автордың тереңдігі мен көрегендігіне қай­ран қаласың. Әрбір кейіпкердің ішкі жан дү­ние­сіне терең ене біл­ген, кейіпкердің ішкі монологын шебер көрсеткен. 

– «Әдебиет порталы» – қазақ әдебиетінің дамуына, өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, жас жур­налист, жазушыларды бағыттап, шығармашылығын шыңдауға үлес қосып жүрген мықты ресурс, ал­тын қор. Сондай-ақ біз осы пор­тал­дың авторларымен, тілші­ле­рі­мен мақта­намыз. Соның бірі – дәл осы «Қи­сық дүниенің» авторы. Жадырадай әдебиет саласындағы сақшы­лар­дың, жауынгерлердің болуы – қа­зақ әдебиетіндегі үлкен қазына, мол байлық. Мұнай емес, атом энер­гиясы емес, жер емес, біздің ұлт­тық кодымызды, мәдени коды­мызды сақтап, ұстап тұратын ол – әдебиетіміз,– дейді Айна Задабек.

Шынымен де, Жадыра Шамұ­ратованың «Қисық дүние» жина­ғында өмір мен махаббат, мейірім мен өкініш, арман мен күрес өзара сабақтасып өріледі. Мы­са­лы, бай­лыққа алданған жас әйел Шы­рын­ның өкініші – адами құндылықтың шынайы бағасын еске салса, ба­лалары ештеңеден кенде болмасын деп тәуекел етіп шетелге жұмысқа кеткен Әселдің арман-тілегінен ішкі жігер мен төзім көрінеді. 

Ал өмірін өзгелердің саулы­ғына арнаған дәрігер Сая шын мәнінде өзі жалғызсыраған, жан жылуына шөлдеген адам. Бірақ мейірім жо­ғал­майды, күткен нәрсе келеді, ол ақырында өзінің ізгі­лікке толы жолынан бақыт та­бады. Одан бө­лек, жинаққа ма­хаббат пен ізгілік, қоғамнан шет­те­тілген қорғансыз жандар, есірт­кіге тә­уелділіктің ақы­ры сынды өмірдің әр қыры кө­рініс табатын әңгімелер енген. Әрбір оқиға – жеке тағдыр ғана емес, біздің ортақ өміріміз­дің ай­насы іспеттес. Автор адам жаны­ның терең иірімдеріне үңіліп, замана тынысын беруге тырысқан. 

– Әр дәуірдің өз жазушысы бар. Біздің дәуіріміздің жазушы­сы – осы Жадыра әріптесіміз. Жадыра қазірге дейін төрт кітап шығарды. Сонау «Сандықтан» алып, бүгін қолымызға тиген «Қисық дүниесін» оқып отырсақ, Жадыраның тақы­рып қойғанынан тартып адам жанын ашуға дейінгі барыста үлкен байланыс бар. Мә­селен, кітаптың атын «Қисық дү­ние» қоюының өзін­де болмыс жа­тыр. Жадыраның тағы бір ерек­шелігі – бұрынғы қазақ әде­бие­тінің дәстүрін осы замандық үлгімен шебер байла­ныстыра бі­летіні. Автордың жас жазушы­ларды баурайтын себебі де осын­да, – дейді журналист әріптесі Қалиакбар Үсемханұлы. 

Иә, Жадыра Ғазиз әдебиетке кеш келсе де, көп жазуды мақсат етпейді. Ол оқырманның жүрегі­нен орын табатын, айтары бар, салмағы ауыр шығармаларды ғана дүниеге әкеледі. Автордың әңгі­мелері – бүгінгі заманның тыны­сын дөп басқан, қазіргі қоғамдағы адамдардың жан жарасы мен қуа­нышын, өкініші мен үмітін шына­йы көрсете білетін туын­дылар. Оның әрбір кейіпкері – өмірдің өзі­нен алынған бейне, әрбір оқи­ғасы – айналамызда болып жатқан құбылыстардың көркем айнасы.

– Бұл кітапта соңғы 2-3 жылда жазған шығармаларым жинақ­талды. 2 повесть, 10 әңгіме. «Қи­сық дүние» махаббатқа сенетін, бақыт­қа талпынған қазақ әйел­деріне арналады. Шығар­мала­рымды «үмітпен» аяқтауға тыры­самын. «Айтылмаған сыр» кі­та­­бымда бас­тапқыда жазған хикаяттарым жи­нақталса, екінші кітабым «Сан­дықта» детектив шығармаларға мән бердім. Әрбір жазған сайын жаңа дүниелерге жолығасың. Басында бүге-шүге­сіне дейін, ұзақ жазып жүрсем, кейінгі кезде жи­нақ­тала бастадым. Бұған жур­на­листік жұмысымның пайдасы тиді. Шығармаларымды жазған тұста қарттар үйінде, балалар үйінде волонтер болып жұмыс істеп көр­дім. Осылайша, өмірді жақыннан танып, адам­дарды жақыннан көр­дім. «Қисық дүние» мың тиражбен «Профи Медиа» баспасынан шық­ты. Оқыр­мандар кітапты Kaspi дүкен­нен таба алады. Ал кітаптың тұ­сау­кесерін Qazconten-тегі әріп­тестерім ұйымдастырды, – дейді жазушы Жадыра Ғазиз. 

Жазушы үшін ең бастысы – паң сөз бен пафос емес, оқырман­мен жү­ректен-жүрекке жеткен әңгіме, шығарманың өз тағдырын өз дау­сы­мен айтуы болатын. Ал «Қисық дү­ние» дәл сол күні өз оқырманын та­уып, әр адамның ішкі әлеміндегі иірімдермен үн­десіп жатқандай се­зілді. Себебі «Қисық дүние» – қазақ әйелде­рі­нің жол нұсқаушысы. Бұл кітаптан әр адам өз анасын, қарын­дасы мен қызын табады. Қиын­дық­пен емес, дүниемен кү­рескен кейіп­кер­лердің тағдырынан сабақ алады. 

Көктем ҚАРҚЫН